Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрақты негізде су айдындарында адам өлімінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіп отырады. Бірақ, өкінішке қарай, биылғы 31 шілдеде Тараз қаласы Талас өзенінде қайғылы оқиға орын алды. Балық аулау кезінде суға құлаған 11 жасар баланы құтқарамын деген 1998 жылғы жас жігіт те батып кетті. Олардың денесін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Жедел құтқару жасағының сүңгуір-құтқарушылары тауып, судан шығарды.
Осындай жағдайларға жол бермеу үшін Төтенше жағдайлар департаменті облыстың және Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Балық аулау үшін орын таңдағанда, оның қауіпсіз екендігіне көз жеткізуіңізді сұраймыз және мынадай кеңестерді ұстануды ұсынамыз. Яғни, тік жағалауы бар орындарды таңдамаңыз. Құмды немесе топырақты тік жағалауларда да қауіп бар, әдетте мұндай орындар тайғанақ болғандықтан құлап кетуіңіз әбден мүмкін.