Ана – адамды өмірге әкелетін қасиетті жан. Баласы үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығы мен әдемілігін қашанда құрбан етуге дайын абзал жан. Баласы үшін тас емшегін жібітіп, тар жатырын кеңіткен ананың орнын адамзат баласы қашанда жоғары бағалаған.
Олай болуы заңды да. Адам баласы дәл осы ананың жатырында пайда болады, болмысы сонда қалыптасады, анасының қаны мен денесінен өзіне қажетті ең құнды дәрумендерді алады, сөйтіп күн санап, тіпті сәт санап үлкейіп, анасының қабырғасын керіп, ақыры жарық дүниенің есігін ашады. Ал, шыбын жанын ортаға салған әз ана босану барысында өлім мен өмірдің арасында арпалысумен болады.
Бірақ бұл қиындықтың бәрін жаңа босанған перзентін қолына алысымен-ақ ұмытуға дайын. Ол ол ма?!
Бала дүниеге келгеннен кейін де оны үнемі қасында ұстап, ақ сүтімен азықтандырып, түнгі ұйқысын төрт бөліп, сәбиді тынышталдырып, балам аш болмасын деп, еңбектеніп тыным таппайтын, перзенті ер жетсе, алаңдамай қоймайтын және де осы ана. Ендеше, адамзат үшін асыл қазына, Алланың берген ұлы сыйы – Ана.
Ол баланы тәрбиелеуден, ауырса емдеуден, қамқорлық етуден еш шаршамайды да, жалықпайды да. Сол үшін де Құран Кәрімнің аяттары да, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері де, ислам ғұламалары да, оның ішінде қазақ халқы да ананың орнын назардан еш тыс қалдырмаған.
Бұл мереке Қазақстанда алғаш рет тойланбақ.Осы мерекемен тұспа-тұс менің екінші анамның туған күні келіп отыр.Теміржолшылар әулетіне келін болып түскен анамыз Райжан, елге сыйлы, еңбектің көрігінде қайнаған, Алметов Аманқұлдың жұбайы жетпістің жотасына шығып отыр.
«Жұмақтың кілті – ананың табанының астында». Міне, қасиетті дініміз де, халықтық таным да ананы ерекше қадір тұтып, осылай бағалайды.
Райжан анамыз балаларына, өзінің отбасына ғана ақылшы ана емес, оның кең құшағына өзінен кейінгі түгел буын, тіпті әлем сыйып кеткендей. Ардақты жан ақ жүрегімен, таза көңілімен күтіп алып, барын немерелер алдына тосады. Емен-жарқын әңгімесін айтып, бауырына тартады. Әркез бар білгенімен бөлісіп, ақылын айтып, дұрыс жерімізді мадақтап, бұрыс кеткен тұсымызды тура айтып, ескертіп отырады. Аналық ақ батасын беріп, қуанышымызға қатар қуанып, тілектестігін білдіреді.
Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Отбасы деген шағын ғана мемлекетіңіздің берік те бақытты болуы үшін, ең бастысы, өзгелерді, соның ішінде бірінші болып балаларды бақытты ету керек. Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы – отбасы болса, отбасының іргетасы – бала. Ал бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержетеді.
Сөзімізді түйіндей айтқанда, мемлекеттің тірегі – отбасы. Әйгілі Лев Толстой «Ең бақытты адам – отбасында бақытты адам» деп айтқан екен. Ал бұл бақыт – үй ішінің тыныштығында.
Міне, осындай береке дарыған әулеттен тараған бес бала бір-бір үй болып, өз салаларында табысты еңбек етуде.
- Екі тойың қабат болсын деген осы болар. Бүгінгі аналар дың әр күнін мереке қылса да перзент үшін артықтық қылмас, алайда жылына бір күнді анаға арнаймын деген адамға шектеу жасау да жөн болмас. Алла Тағала аналарымызға аналық бақытты сезінуді, қашан да перзенттерінің ықыласына бөленіп жүруді нәсіп етсін. Аналар күні құтты болсын!