Жаңа оқу жылы басталғанда білім ошақтарының дайындықтары мен асхана жұмыстарын қарап, біршама сын ескертпелер айтып, жұмысты жүйелі жүргізу бойынша ұсыныстар бергем. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша екі күн мектеп асханаларының жағдайын қарадым.
Аудан бойынша білім ордаларында бүгінгі күні 9089 оқушы білім алып жатыр. Ал, оның ішінде ыстық тамақпен қамтылғандар саны ̶ 4556. Оқушылар аптаның әр күніне түрлі ас мәзірі бойынша тамақтанады. Ыстық тамақпен аудандағы 27 мектептің барлығы қамтылған.
Аралау барысында білім ошақтарының тамақтандыруды ұйымдастыруға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптары, тағамдардың құрамы, асхананың тазалығына көңіл бөліп, ондағы құрал-жабдықтардың жай-күйіне назар аудардым.
Кемшіліктер бойынша білім бөлімінің басшысына, мектеп директорына ескерту айтып, екінші тоқсанда балалар сабаққа келгенше қалыпқа келтіруді тапсырдым. Алдағы уақытта да балалардың дұрыс тамақтануы, денсаулығы, мектеп асханаларының жай-күйі менің басты назарымда.