«Мемлекетіміздің тұрақты әрі орнықты дамуына зияны тиетін шешім қабылдауға менің де, сіз бен біздің де еш қақымыз жоқ. Мұндай мәселеге байланысты қателікке жол беруге болмайды. Түптеп келгенде, Конституцияға енгізілген өзгерістің бәрі – Парламенттің реформалануы, ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық құрылтайдың құрылуы және, ең бастысы, заң үстемдігінің басымдыққа айналуы – осының барлығы саяси тоқырауға ұшырамауға сенімді кепілдік береді».
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев («Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан)
Халық қазір сауатты. Өткен мен кеткенді саралауға үйренді. Жақсылықты ұлықтап, жамандықтан жиренді. Тәуелсіздіктің қадірі мен қасиетін де бағалай алады. Кеткен кемшіліктер мен әттеген-айларға да айтары бар. Заң шығарушы орган – Парламенттің бүгінгі тірлігі мен депутаттардың бірлігі жайлы да тереңнен толғайды. Өйткені бәрі ашық. Интернет заманы. Қолжетімді...
Қай депутат белсенді, қай депутат еңселі, қай депутат «тыныштықты, креслоны» сүйеді, бәрі-бәрі халықтың көз алдында. Иә, сегізінші сайланымның депутаттары арасында да үркектері мен бүлкек жүрістілері, аршындап шабатындары мен алқынып қалатындары да жетерлік. Халықтың жан айқайын айтып, беті қайтып жатқандары да кездеседі. Тіл мен ділін, дінін қорғап, билікті кейде сынап, кейде қолдап жүрген депутаттарға рақмет, әрине. (Үндемей жер шұқып отырса не істер едік). Жоқтан бар жақсы ғой...
«Тура биде туған жоқ» десек те, өткір ойлы депутаттар да кейде жоғарыға жалтақтап (қалай сайланғанын ұмытпауға тырысып) айтар сөзін астарлап, келешегін «жоспарлап», шахматтағы аттың жүрісіне салатыны байқалады. Оны көзі қарақты жұрт сезбейді емес, сезеді. Қайтеді енді, төзеді. Құдайдың бір аты халық емес пе!
Бұл мақалада 2025 жылға, заң шығарушы орган – Парламент Мәжілісіне шолу жасап, өткір ойлы депутаттардың өзекті сауалдарын, халықтың мұңы мен зарын, жанайқайын, ұлттық мүддеге қатысты пайымдарын сөз етпекпіз. Өткен мен кеткенге де көз жүгіртіп, Парламенттің тарихына да қысқаша байлам жасап көрмекпіз.
Хош, сонымен...
1995 жылғы 30 тамызда өткізілген бүкілхалықтық референдум нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік құрылыстың кемшіліктерін жойған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Ол Парламентті заң шығару қызметiн жүзеге асыратын, қос Палатадан: Сенат пен Мәжіліспен тұратын жоғары өкiлдi орган ретінде айқындады. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қолданыстағы Конституцияны қабылдағаннан кейін Қазақстанда экономикалық реформаны жүргізу үшін «даңғыл жол» ашылды. Бейнелеп айтқанда, барлығын да басқарған, бірақ ештеңені басқара алмаған Жоғарғы Кеңестің орнына осы жылдардың ішінде елдің бет-бейнесін өзгерткен заңдарды қабылдаған қос палаталы кәсіби Парламент келді», – деп атап көрсеткен. Осы Конституцияда «Парламент» деген ұғым алғаш рет ресми түрде бекітілді. Ел Президенті Конституция қабылданғаннан кейін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес қос палаталы Парламентке депутаттар сайлауы болып өтті.
Осы жерде тұңғыш Президенттің мына сөзіне айналып соққанды жөн көрдік. «Бейнелеп айтқанда, барлығын да басқарған, бірақ ештеңені басқара алмаған Жоғарғы Кеңестің орнына осы жылдардың ішінде елдің бет-бейнесін өзгерткен заңдарды қабылдаған қос палаталы кәсіби Парламент келді» деуі астамшылық еді. Себебі Жоғары кеңестің кезіндегі өткір ойлар мен өтімді ұсыныстар, демократиялық бетбұрыстар қос палаталы кәсіби Парламенттің түсіне де кірмеген. Қазір шығар еңсесін көтеріп, тіктелгені. «Жеке басқа табынушылық», биліктің бар тармағы бір адамның қолына шоғырлануы, қос палатаның қос қанатын қатар сермеуіне мүмкіндік бермегені анық. Халықтық сайлау, можаритарлық таңдау партиялық сайлаудың көлеңкесінде қалды. «Нұр Отаннан» «нұр алған» депутаттар нұрланып жүрді. Қарқылдап күлді. Жақсы өмір сүрді. Есесіне оппозициялық партиялар Парламентке өтпеді. Соның салдарынан бас шұлғушы депутаттар қатары көбейді. Елдің сөзін сөйлейтін қайраткерлердің қанаты қайырылды, тіпті кейбіреуі қудалауға түсіп, бар дүниесінен айырылды.
Ақорданың тапсырмасы мен тексеруінен өткен депутаттық сауалдар ғана Үкіметке жолданды. Ескі билік «ғұмырын ұзарту үшін» осындай адам айтса сенгісіз тәсілдерді қолданды.
ЕСКІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ЕСТІ ПАРЛАМЕНТ»
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне алғашқы сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда өтті. Тәуелсіздікке сусап жетіп, етек-жеңімізді жинап жатқан кездегі депутаттардың белсенділігі мен кәсібилігі, нағыз ел сайлаған халық қалаулылары деген атқа әбден лайық болды. Олар халықшыл еді. Турашыл еді. Кесіп айтатын, кесек турайтын. Себебі олардың артында сайлаушылар – дауыс берушілер, халық тұратын. Олардың артқан сенімі мен аманатына қиянат жасау ойлауға қорқынышты дүние еді....
Тұңғыш Президенттің өзі Парламентке «жаяулап» келіп баяндама жасап, депутаттардың алдында есеп бергені бүгінгі ұрпаққа ертегі секілді көрінер. Білетіндер, көзімен көргендер Нұрсұлтан Әбішұлының қара терге түсіп, қара сорпасы шығып, Ақордаға шаршап-шалдығып жететінін тамсана айтады. Ол да бір дәурен екен ғой.
Егер сол уақыттағы Парламенттің пәрмені мен қуат-күші сұрқиялықпен, айлакерлікпен таратылмағанда, бүгіндері Қазақстан демократиясы дамыған елдердің көш басында болмаса да, бел ортасында жүрері анық еді-ау...
Кейін ғой тұңғыш Президенттің «тұңғиыққа батқаны», сөйтіп «Құдайдың атқаны». Әйтпесе бәрі жақсы басталған.
Сол «тұманды жылдары» Парламент Мәжілісіне, Үкімет отырысына тұңғыш Президент қана емес, Ұлттық Банктың төрағасы Г.Марченко да келмейтін. Есеп бермейтін. Кейбір депутаттар Үкіметке сауал жолдап, Марченконың «еркелігін» түсінбей жатқандарын ақырындап, сипай қамшылап жеткізетін. Үкімет басшысы тымырайып үндемейтін. Оған дым демейтін. Төраға да мыңқ етпейтін. Селт етпейтін. Миығынан күліп, жерге бір түкіріп жүре беретін.
Қазақ мемлекетінің бар қаржысын жамбасына басып, шіренгенде «күн күркіреп», қабағын түйгенде «найзағай ойнайтын» төраға, көңілі түссе тұңғыш Президентке ғана мол байлықтың кірісі мен шығысын «сыбырлап» қана айтып қоятынын құлағымыз шалатын. Сондай алмағайып заманды да бастан кешкеніміз рас. Обалы қане, бойындағы ар-ұяты жоғалмаған кейбір депутаттар бюджет ақшасының талан-таражға түсіп жатқанын депутаттық сауал арқылы Үкіметке «естіртетін», ескертетін. Бірақ жағдай оңалмады. Бақыт құсы басымызға қона алмады!
Ұлттық қордағы халық қазынасының да қапшығының түбі тесілгенін, оны да нән шенділердің тендер арқылы сыртқа шығарып, сыпайы жолмен қарпып жатқаны да айтудай-ақ айтылды... «Әттең-ай!» дегізетіні, шындықты айтқан депутаттардың келесі сайлауда «жолы болмайтын». Сөйтіп оларды билікте отырғандар қорлайтын. Бастарын «қара бұлт» торлайтын.
Ал Президенттің ықыласына бөленген, жақсылығын ұмытпауға тырысқан, сын айтқандармен қырқысқан, «тұңғыштың» көзіне түсуге тырысқан депутаттар алға қарай зулайтын. Биіктерге самғайтын. Қанаттары талмайтын.
«Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген тәмсілді ұстанатын депутаттар, «қарындаштай ұшталатын», сайлау сайын «ысталатын».
«Аузын буған өгіздей» үні бір шықпайтын депутаттар келесі сайлауда да «қара үзіп», Мәжілістің төрінен табылатын. Халық мұны көріп жабығатын...
Көпшілікті тұңғыш Президенттің Жолдаулары мен үндеулері алға жетелейтін, сенгіш халық үмітінен жерінбейтін, өтірікті тыңдауға ерінбейтін. 2025 жылы болатын жетістіктер мен табыстар қуантатын. Жұбататын. Суыған көңілін жылытатын. Сол күнге жетсек «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап», көсегеміз көгерер, заман да өзгерер дейтін. Сөйткен 2025 жыл да келіп жетті. Бастан кештік талай дүрмекті! Ел де талай дүрлікті! Қайтейік, сең қозғалғанымен, елдің болашаққа деген үміті қозғалмай тұр. Сенімдері маздамай тұр.
Осы жылдың аяғында Парламент Мәжілісіне алғашқы сайлау өткеніне 30 жыл толмақ. Алғашқы сайлауда Мажоритарлық жүйе негізінде 67 депутат сайланды. Парламент тарихындағы әділ сайлаудың бірі екені жиі айтылады. Одан бергі де өткен алты сайлаудың «ойы мен шұңқыры» көп. Авторитарлық жүйеге бейімделіп мезгілінен бұрын тарқағаны, заң тармақтарының бұрмаланып жеке басқа «қисайғаны» тарқата берсең, ащы ішектей шұбатылған бір шежіре! 30 жылдық тарихында Парламент Мәжілісіне кімдер келіп, кімдер кетпеді десеңізші?! Жағымпаз бен жалтақ та, қорқақ пен тілге шорқақ та депутаттық мандатын көрсетіп, халықтың атынан көсіле сөйледі.
Біз бұл жолы екінші Президент Тоқаевтың дәуіріндегі Парламент Мәжілісіне ат шалдырамыз. Ескіні көрген, одан түңілген, бір заманда оппозиция да болған, кейін сөзге ерген, «көз мерген», «данышпан», «көреген» жастар мен жасамыстардың, «мен депутат болсам, сөйтер едім, бүйтер едім» деген батырлықтарына, Жаңа Қазақстандағы жаңа Парламенттегі іс-қимылдарына, батылдықтарына, мүмкіндік туып тұрғандағы шешендіктеріне, көсемдіктеріне, турашылдықтарына, халыққа қаншалықты жақындықтарына тоқталып көрмекпіз.
Сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтті. Сайлау аралас жүйе – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша өткізілді. Осылайша, 69 депутат партиялық тізім бойынша 6 саяси партиядан, 29 депутат бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды. Парламент Мәжілісіне партиялық тізім бойынша «AMANAT» партиясынан – 40 депутат, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – 8 депутат, «Respublica» партиясынан – 6 депутат, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан – 6 депутат, Қазақстан халық партиясынан – 5 депутат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан 4 депутат сайланды. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінде «AMANAT» партиясы ұсынған 22 депутат жұмыс істейді, 7 депутат өзін-өзі ұсынғандар болып табылады. Мәжілістің жаңа құрамында: ерлер – 80 (81.6 %), әйелдер – 18 (18,4%). Депутаттың орташа жасы – 48 жас (2023 жылғы наурыздағы жағдай бойынша). 35 жасқа дейін – 12 депутат; 35 жастан 59 жасқа дейін – 69 депутат; 60 жастан жоғары – 17 депутат. Өткен сайланымдардан Мәжіліс құрамына 34 депутат кірді. Депутаттар қызметтің түрлі салалары: мемлекеттік қызметтен, бизнестен, үкіметтік емес ұйымдардан, білім беру, медицина саласынан және т. б. келген. Мәжілістің ұлттық құрамы мынадай: қазақтар, орыстар, немістер, белорустар, әзербайжандар.
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДЫҢ ҚҰНЫ НЕГЕ ТӨМЕН?
Мысалы 2024 жылғы 17 қаңтарда жарияланған мына депутаттық сауалға назар аударайық. Иә, қоғамдағы түйткілді проблемаларды сөз еткен, көрсеткен, сан алуан сауалдар Үкіметке, жекелеген министрлерге жолданып жатады. «Бірақ не өзгерді?» деген сауал көптің көкейінде жүретіні анық. Кеше ғана Қазақстанда жаңа жыл мейрамы дүркіреп өтті. Отшашулардан түнгі аспан жап-жарық болып кетті. Күйік шалған балалар мен арақ-шарап ішіп төбелескен, отбасының шырқын бұзған адамдар көп. Бұл – жылда қайталанатын көрініс.
Тіпті бұған Мәжіліс депутаттары араласып («AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, депутаттар Сәрсенғалиев пен Ү. Шапақ, «Ауыл» ХДПП фракциясының мүшесі, депутат Е. Саурықов, «RESPUBLICA» партиясы фракциясының депутаты Н. Тау) сол кездегі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.
«Құрметті Әлихан Асханұлы!
Бүгінгі депутаттық сауалым ойыннан от шыға ма деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген жандардың жанайқайы деп біліңіз. Қазақта «Отқа жуықтың қолы күйер» деген сөз бар. Тақырыпқа тұздық болсын, желтоқсанның соңғы түнінде қала мен ауыл, кент пен елді мекеннің аспаны құдды бір майдан даласына айналғандай күй кешетініміз рас. Себебі отшашудан көз ашпаймыз. Отшашу мен от басудың арасы бір-ақ қадам.
Отшашуды қатардағы қызық көретіндерге, оны мерекенің ажырамас бөлігі деп сенетіндерге статистиканы сөйлеткен абзал. 2021 жылы дөңгеленген дүниеде ондаған адам отшашудың салдарынан көз жұмған, 11,5 мың адам ауыр дене жарақатын алған. Көзі шыққан, саусағынан айырылған, саңырау боп қалған, денесін күйік шалған жандар көп.
Қазақстанның құзырлы орындары қарқынды жұмыс атқарды деген жылдары фейрверк сатқандарға 3,4 миллион теңге айыппұл салыныпты, бірақ... Бірақ дейтін себебім елімізде азаматтық пиротехникалық бұйымдар сатумен айналысатын 40-тан астам заңды тұлға бар. Мұның сыртында заңсыз мыңдаған алыпсатар жүр. Олардың рұқсаты болмаса да базар маңында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетеді, соны құқық қорғау орындары көрмейді дегенге біреу сене ме? «Құзырлы орындар бәрін біледі, біле тұра шара қолданбайды» деп ашынып келді азаматтар бізге. Ал салдары сойқан, ашық ақпарат көздеріне сенсек, 2023 жылы 31 желтоқсан күні түнде Қазақстанда отшашудың салдарынан 15 адамды күйік шалған, оның алтауы бала. Ауыр жарақат алған 13 жастағы баланың саусағын петарда жұлып кеткен. Бұл сұмдық емес пе?!
...Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз».
Құрметті оқырман, дәл осы құнын әлі жоймай тұрған депутаттық сауалға «заңнамада белгіленген мерзімде» жазбаша жауап берілгеніне күмәнданамын. Егер Үкімет құлақ түргенде, биылғы жаңа жылда тым құрыса ескерту беріліп, адам өмірінің құндылығы туралы айтылар еді ғой. Осындай өзектілігі күшті депутаттық сауалдарды жүздеп келтіруге болады. Бұдан шығатын қорытынды, аты дардай депутаттық сауалдардың билік органдарында құны төмендігі. Тіпті назарда аудармайтынын көрсетеді.
Әрдайым елдің жанынан табылатын, көппен бірге қамығып, көппен бірге жабығатын Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің депутаттық сауалдары да бұқараны елеңдеткенімен, билікті тебірентпейтіні қызық. «Қазір кім көрінген балабақшаны ашып алды. Агроном да ашып алды. Құрылысшы да ашып алды. Біліп отырсыздар ма? Психология, педагогикадан хабары жоқ адамдар сабақ береді, тәрбие береді. Бизнесті қорғаймыз деп баланың қауіпсіздігін ысырып қоюға болмайды. Баланың тәрбиесі мен денсаулығы бизнес емес. Баласы таяқ жейді. Дұрыс тамақтанбайды. Балабақшадан ауырып келеді. Мен ондай жерге немеремді беруге қорқам. Сондықтан лицензиялау мәселесін тездетіп кіргізуіміз керек» деді. Қарсылыққа тап болды. Ұсыныс-пікірлер екінші оқылымға қалды.
Елді шулатқан Қаңтар оқиғасынан кейін іле-шала (депутаттық сауал 2022 жылғы 9 наурызда жарияланды) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Б.Н.Асыловқа жолданған сауалда «Құрметті Берік Ноғайұлы!
Өзіңізге мәлім, жыл басындағы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне «Қаңтар қасіреті» деген атпен енген тағдырлы кезеңнің орын алғанына көп уақыт өткен жоқ. Әрине, бұл Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихындағы ең бір ауыр және мемлекеттік құрылымға да сын-қатер төнген аса қиын шақ болғаны даусыз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сол Қаңтар оқиғасы кезінде елде орын алған жағдайларға байланысты жедел тергеу тобын құрып, егжей-тегжейлі тексеру бағытында тиісті мемлекеттік органдарға арнайы тапсырма берген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Қаңтар қасіретінен» зардап шеккен азаматтарға, бизнес нысандарына тиісті мемлекеттік қолдау жөнінде нақты міндеттемелер жүктеген болатын. Содан бері екі айдың жүзі болды.
Жақында ғана әріптестеріміз республиканың әр өңірінде болып, халықпен кездесіп, түйіні қалың түрлі әлеуметтік мәселелерді өз көздерімен көріп қайтты. Сол кездесулерде қоғам тарапынан, елдегі белсенді азаматтардан, ақпарат құралдарының өкілдерінен «Қаңтар оқиғасына құқықтық баға қашан беріледі?» деген сұрақтар өте көп қойылды.
«Әлбетте, депутат ретінде біздің қылмыстық іске араласуға, баға беруге құқымыз жоқ. Десек те, қоғам тарапынан қойылған талап-тілектерді тиісті мемлекеттік құрылымдардың алдына жеткізуге міндеттіміз» деді. Сол Қаңтар оқиғасының әлі күнге толық бағасы берілген жоқ. Депутат айтудай-ақ айтты.
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛҒА «СЕЛТ ЕТПЕЙТІН» ҮКІМЕТ
Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның тіл мәселесін көтерген депутаттық сауалдары да бірнеше жылдың жүзі болды. Бірақ Үкіметті селт еткізбей тұр. Тіпті депутаттың «Суға түспей жүзуді үйрену қандай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей оны үйрену де сондай мүмкін емес. Ал ешбір заңда не бағдарламаларда, мемлекеттік органдарда міндетті түрде мемлекеттік тілді білу туралы норма жоқ. Сондықтан да, биыл Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті» деп нақты атап көрсетіп берді» десе де, Үкімет пен лауазымды қызметтегі шенді-шекпенділер жырына қыстырмай келеді. Егер депутаттық сауалдың беделі мен берері көп болса, әр айтылған сауалдан қорытынды шығарылып, құлақ аспағандарға жаза қолдануға, қызметінен төмендетуге не кедергі?
Иә, Президенттің әр Жолдауын бетке ұстап, рухты сөзімен қаруланып, Үкіметті сойып салатын депутаттар да жетерлік. Оның көш басында Ринат Зайытов пен Мақсат Толықбай тұр.
Кеше ғана елімізді топан суға бергісіз су тасқыны басқанда Үкімет басшысы Олжас Бектеновке Ринат Зайытов бастаған бірнеше депутаттың сауал жолдағаны ел есінде.
Парламент Мәжілісі депутаттары: Р.Заитов, Қ.Әбден, Н.Әуесбаев, Е.Бейсенбаев, А.Зейнуллин, Г.Танашева, Н.Тау, М.Толықбаев, Д.Тұрғанов болатын. Ол депутаттық сауалда су тасқынының зардабын халықтың тартуына не себеп болғаны айтылады.
«Құрметті Олжас Абайұлы!
«Басқа түссе баспақшыл» деп атам қазақ айтқандай, біздің елге тағы бір үлкен сынақтың келгенін бәріңіз білесіздер. Бір топ депутаттар бұл хабарды ести сала өңірлерге аттандық. Ондағы мақсатымыз халықтың жағдайын көзбен көріп, арыз-талабын өз аузынан естіп, Үкіметке жеткізу еді.
Бүгінгі депутаттық сауал менің сөзім емес, әулетімен әуреге түсіп, баспанасы мен мал-мүлкінен айырылып, тілсіз жаумен тайсалмай күресіп жатқан ержүрек қазақ халқының сөзі деп білгейсіздер.
Біріншіден, тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар. Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты. Жергілікті билік пен жауапты министрліктер оған дейін дабыл қаққан әріптестерім Д. Тұрғанов, Б. Базарбек, Н. Сәрсенғалиев, Жылой аудандық мәслихатының депутаты С.Сәрсенбаевтардың депутаттық сауалдарына бей-жәй қарағаны да бұл апаттың бір себебі деуге әбден болады.
«Бөренеден аттаймыз» деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін Үкіметтің шалағайлығы жауапқа тартпаса жалғаса береді ғой.
Сондықтан, Президент айтқандай жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар әрекеттері жазалануы тиіс...» деген. Бірақ қаншалықты жауап берілгені белгісіз. Белгілісі, жау кеткесін қылышты боққа шапқандары...
Иә, Парламент Мәжілісінде ұлты үшін кеудесін оққа төсейтін жаңашыл депутаттар жоқ емес, бар. Бірақ олардың көбінің көзіне қамшының ұшы тиген. Сондықтан да жалтақ. Сөздері талтақ! Қадап айтпайды, қалап айтады. Себебі әлі де бюрократизмнің сарқыншағы сезіледі. Демократияның делебені қоздырар диірмені толыққанды жұмыс істемеуде... Әйтпесе депутаттар айтудай-ақ айтып жатыр. Бірақ өзгеріс аз, еленгені шамалы. «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген Төле би бабамыздың сөзі де ойға оралады осындайда. Кім білсін!
VIII шақырылымның үшінші сессиясында Мәжіліс 109 заң жобасын қабылдаған. 16 жалпы отырыс өтіпті. Мәжілісмендер 164 депутаттық сауал жолдаса, Үкімет мүшелері атқарылған жұмыс туралы үш рет Үкімет сағатында есеп берген. 37 заң Сенатқа жолданыпты. 20 заңға Президент қол қойған.
PS: Жаңа Мәжіліс 71,4%-ға жаңарды. Өткен шақырылымнан жаңасына 28 депутат көшті. Демек, депутаттық корпус салмақты жаңарды деуге негіз бар. Бұл да болса, ел Президентінің саяси реформасының бір жемісі болар. Енді халық жаңа депутаттардан өзін жақсы қырынан көрсетуін, мемлекеттің мүддесін ілгерілету, елді өркендету, бұқараның қажеттілігін өтеу жолында барын салуын күтеді. Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы алда тұрған айтулы межелерді белгілегені ел жадында. Жылдар бойы қордаланып, шешімін таппаған көкейкесті мәселе көп. Сонымен қатар жаңа Парламенттің сәт сайын құбылатын заманға сай амалы болуы шарт. Бұдан былай заң қабылдау құзыры тек Мәжілісте болады. Бұрын, 27 жылдан бері соңғы сөзді өзі айтып келген Сенатта төменгі палата қабылдаған заңға келісімін беру не бермеу құқығы ғана қалды. Егер Мәжіліс өз ұстанымында табандаса, онда қайта дауысқа қойып, Сенаттың келісімінсіз кез келген заңға өмірге жолдама бере алады.
Жасыратыны жоқ, әлі де депутаттардың жоғарыға жалтақтауы мен өз ұстанымдарын ашық білдіруі кемшін түсіп тұрғандай. Бәлкім мажоритарлық сайлауды көбейтіп, халықтың таңдауына ерік берілсе, Парламент Мәжілісінің «бұғанасы бекіп», «буыны қатайып», айтары да нығая түсер ме еді дейміз-дағы!