Биыл бірқатар атаулы мерейтойлар мен мәдени іс-шаралар өткізіледі. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бар. Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы және басқа да көрнекті тұлғалардың мерейтойлары аталып өтпек. Аталған мерейтойлық әрі маңызды іс-шаралармен қатар, белгілі тұлғалардың мерейтойларын да жоғары деңгейде өткізу міндеті тұр. Бұл іс-шараларға қатысты кешенді жоспар бекітілді. Дегенмен атқарылар жұмыстар формальды түрде өтпеуі керек. Әр іс-шараның мәні мен мазмұны, тағылымы терең болуға тиіс.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында ауқымды іс-шаралар жоспарына қарасақ, «Батырларға тағзым» онлайн-платформасы іске қосылмақ. Порталға 1 миллионға жуық қазақстандық жауынгердің есімі бойынша мәліметтер, сондай-ақ жеке құжаттары мен фотосуреттері енгізілмек.
6 ақпан күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2025 жылғы жұмыстың бағыт-бағдарына, мақсат-міндеттеріне айрықша тоқталды.
Министрдің айтуынша, саланы цифрландыру мәселесіне де жіті назар аудару қажет. «Цифрландыру – мәдениет пен ақпарат саласындағы тың мүмкіндіктер алаңы» деді ол.
Министрлік мәдени мұраларды сақтау және қолжетімді ету үшін цифрландыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады. «E-museum» веб-порталы іске қосылып, Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі жасақталмақ. Бұл жоба тарихи-мәдени мұраларға 3D-модельдеу технологиясын қолдану арқылы онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
«Кино саласына қатысты өзекті мәселелер де ұдайы назарда. Солардың бірі – «Қазақфильмді» дамыту. Президент қол қойған заңға сай, енді мемлекеттік қаржыландырудың кемінде 30%-ы «Қазақфильмге» бағытталады. Бұл жерде ерекше атап өткім келетіні – мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан, бұл қаражат сараптаудан өткен лайықты туындыларға ғана бөлінеді, – деді Аида Балаева.
Сонымен қатар, министр ел ішінде алауыздық туғызып, діни, этносаралық араздықты қоздыру фактілерін болдырмау үшін жауапкершілікті күшейту керек екенін де атап өтті. Қазіргі кезде елімізде 18 конфессияны білдіретін 4 мыңға жуық тіркелген діни бірлестік бар. Сондықтан, қоғамның рухани мәселелерін шешуде бұл салада да бірлесе жұмыс істеу орынды.
Министрдің сөзінше, жалған ақпаратпен күресу және ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру үшін «Масс-медиа туралы» жаңа заң қабылданған. Өткен жылы онлайн-платформаларда заңнаманы бұзған 67 мыңнан астам факті анықталып, 18 мыңнан астам материал жойылды. Министрлік журналистердің біліктілігін арттыру, медиа сауаттылықты көтеру және фактчекинг бойынша тренингтер ұйымдастыруды қолға алды.
Ең маңызды жаңалықтың бірі, 2025 жылы Орталық Азия медиафорумы өтеді, онда медиа саласының өзекті мәселелері талқыланбақ.
«Халықтың бірлігін нығайтып, елімізді тұрақты дамыту – баршамызға ортақ мүдде. Ендеше, ортақ мақсат жолында бірлесе қызмет ете берейік», – деді Аида Балаева жиын соңында.
Cаяжан ҚАЙДАР