БИЫЛ ҚАНША ЗАҢҒА ТҮЗЕТУ ЕНГІЗІЛЕДІ?

БИЫЛ ҚАНША  ЗАҢҒА ТҮЗЕТУ  ЕНГІЗІЛЕДІ?

Қазақстан Республикасы Парламенті – заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Ол Сенат және Мәжіліс палаталарынан тұрады, сессиялар арқылы тұрақты жұмыс істейді, заңдарды қабылдайды, республикалық бюджетті бекітеді және мемлекеттік органдардың есебін тыңдайды. Бұл – оның басты міндеттері.

2025 жылы Мәжіліс 100 заң қабылдады, оның 24-іне депутаттар бастамашы болды. Қабылданған заңдардың басым бөлігі лудомания, онлайн-алаяқтық, некеге тұруға мәжбүрлеу секілді қоғамдық кеселдермен күресуге бағытталған.

Депутаттар дарынды балаларды қолдауды, бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізуді, дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін нормаларды да қабылдады.

Айта кетуіміз керек, биыл Қазақстан Республикасында республикалық референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданды. Орталық референдум комиссиясы ресми дауыс беру нәтижелерін жариялады. Референдумға 9 127 192 азамат қатысты, бұл дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 73,12%-ын құрады. Референдумға қатысқандардың 87,15%-ы, яғни 7 954 667 азамат, жаңа Конституцияны қолдады. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға сәйкес, референдумға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі қатысса, референдум өткен болып саналады.

2026 жылғы 15 наурыз күні республикалық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға, сондай-ақ «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жарлыққа сәйкес, Конституция нормаларын іске асыруға бағытталған кешенді шаралар қабылданады және нормативтік-құқықтық актілерді оған сәйкестендіру үшін қайта қаралады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президентінің заң шығару бастамасы бойынша бірқатар конституциялық заң жобалары Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіне ұсынылады.

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Конституция мәтіні ресми түрде республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» басылымдарында жарияланатын болады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде орналастырылады.

Биылғы жылы депутаттар қанша заңға түзету енгізеді? Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар корпусы қысқа мерзім ішінде конституциялық өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан бекітуді қамтамасыз етуі керек екенін айтты.

«Бүгінгі басқосуымыздың орны бөлек. Ол – Мәжілістің жаңа Ата Заң қабылданғаннан кейінгі бірінші жалпы отырысы. Кеше Конституцияның қабылдануына арналған салтанатты жиын өткенін білесіздер. Онда Мемлекет басшысы Ата Заң ел дамуындағы жаңа дәуірге жол ашатынын атап өтті. Біз Қуатты, Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында батыл қадам жасадық. Референдум еліміздің Президент бағдарының маңайына ұйысып, барынша тұтастана түскенін көрсетті. Жұртшылықтың осы тарихи іске белсене қатысып, жаңа Конституцияны 87% қолдап дауыс беруі – халықтың Мемлекет басшысына деген зор сенімінің айқын дәлелі. Ата Заңға тікелей ұйытқы болып, оған көптеген прогрессивті новеллалар енгізген Президентіміздің нағыз жеңісі. Бұған әлем елдері де назар аударып, лайықты бағасын берді. Мемлекет басшысының атына шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар түсуде. Бұл ретте, жаңа Халықтық Конституцияның халықтан жаппай қолдау тапқаны – біз үшін зор мерей. Бұған өңірлердегі кездесулер барысында да нақты көз жеткіздік. Депутаттар Коалиция құрамында барлық аймақты аралап шықты. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, ауыл-ауылда, аудандар мен қалаларда тұрғындармен ашық әңгіме өрбіттік. Жаңа Ата Заң мәтінін әзірлеуге де әріптестеріміз бір кісідей атсалысты. Сол үшін бүкіл депутаттық корпусқа шынайы алғысымды білдіремін. Кеше біраз депутат тікелей Президент қолынан жоғары награда алды. Сондай-ақ саяси партиялардың да қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Жауапты сәтте бәріміз бірге жұмылып, Мемлекет басшысына қолдау көрсете білдік», – деді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы депутаттардың алдында аса маңызды, аса ауқымды міндеттер тұрғанына да тоқталды.

«Кеше Президент Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Шындап келгенде, біздің негізгі жұмысымыз енді басталады. Депутаттар корпусы қысқа мерзім ішінде конституциялық өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан бекітуді қамтамасыз етуі керек. Жақын арада бірқатар заң жобасы Парламент қарауына енгізіледі. Президент, Құрылтай, Халық кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңадан бес конституциялық заң қабылдаймыз. Сонымен бірге тағы сегіз конституциялық заң мен 60-тан астам түрлі заңдарға түзету енгізуіміз қажет. Бұл – өте жауапты міндет. Бұдан бөлек, Президентіміз бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жариялау жөнінде шешім қабылдады. Сессия соңына дейін бұл заңды да қабылдауға тиіспіз. Сондықтан бізге – депутаттарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жаңа Конституцияның нақты іске асуын қамтамасыз ету бізге бұйырып отырғаны – зор мәртебе. Сондықтан осы тарихи миссияны абыроймен атқарайық. Президентіміз айтқандай, біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық», – деді Ерлан Қошанов.

Парламент жұмысының негізгі бағыттарына тоқталсақ:

Заң шығарушылық: Мәжілісте заң жобаларын бастапқы қарау, оларды талқылау және Сенатпен бірлесіп қабылдау.

Бақылау функциясы: Үкімет пен республикалық бюджеттің орындалуын бақылау, министрлердің есебін тыңдау.

Кадрлық мәселелер: Президент ұсынысымен жоғары лауазымды тұлғаларды (соттар, Ұлттық банк басшысы, т.б.) тағайындауға келісім беру.

Сессиялық жұмыс: Парламенттің негізгі жұмысы жыл сайынғы сессиялар (қыркүйектен маусымға дейін) аясында өтеді.

Жұмыс органдары: Палаталарда заң жобаларын дайындайтын тұрақты комитеттер мен комиссиялар жұмыс істейді.

Парламент жұмысының ерекшелігі – палаталардың бірлескен немесе бөлек отырыстары арқылы демократиялық негізде заңнамалық базаны жетілдіру.

 

Нағашыбай Қабылбек
02.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24151
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23822
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41291
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37206
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41499