Былтыр Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы көші-қон қозғалысы туралы жаңа деректерді жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдың тоғыз айында елге тұрақты тұру мақсатында 16,1 мың адам келген, ал 5,9 мың адам елден кеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,4 пайызға аз. Осылайша, көші-қон сальдосы оң сипатта қалып, 10,2 мың адамды құрады.
Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асып отыр. Бұл елдерден келгендердің үлесі 82,7%-ды, ал кеткендердің үлесі 73,2%-ды құрады. Ал басқа елдерден Қазақстанға қоныс аударғандардың ішінде Қытай, Моңғолия және Түркия азаматтары басым.
Тағы бір назар аударарлық жайт – елден кеткен және елге оралған азаматтардың этникалық құрамы дерлік бірдей. 2025 жылы Қазақстаннан кеткендердің 82,26%-ы – қазақтар, 6,03%-ы – орыстар, 2,99%-ы – өзбектер болса, елге келгендердің арасында да 82,27% – қазақ, 6,16% – орыс, 2,92% – өзбек бар.
2025 жылы Қазақстанға келгендердің басым бөлігі Алматы облысына – 4,4 мың адам, Алматыға – 2,6 мың адам, Маңғыстау облысына – 2,3 мың адам, Астанаға – 1 мың адам қоныс аударған.
Ел ішіндегі өңіраралық көші-қон да жанданып келеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда ішкі көш 22,8 пайызға артқан. Аймақаралық көші-қон тұрғысынан елдің төрт аймағында оң көші-қонның таза көрсеткіші байқалды:
Астана – 67 200 адам;
Алматы – 27 800 адам;
Шымкент – 13 000 адам;
Алматы облысы – 8000 адам.
Көші-қон үрдісі елдің әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және аумақтық тұрақты дамуының маңызды факторларының бірі болып саналады. Алтайдан Атырауға, Оралдан Алатауға дейін ұлан-ғайыр жерді алып жатқан кең-байтақ республикамыз үшін көші-қон саласында тиімді мемлекеттік саясат ұстану, оны дәйектілікпен жүзеге асыру – экономикалық, демографиялық тұрақты дамумен қатар, еліміздің қауіпсіздігіне де қатысты өзекті мәселе.
«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты 2022 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды. Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет», – деп атап көрсеткен болатын. Уақыт ұзатпай, сол жылғы желтоқсанның соңында еліміздің Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданып, жаңа кезеңдегі міндеттер айқындалды.
Жалпы егемен еліміздің экономикасында маңызды орын алатын көші-қон саясатын дамытудың негізгі үш кезеңін атап өтуге болады. Бірінші, 1991-2000 жылдар Кеңес Одағының күйреуіне байланысты елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрделенуімен сипатталады. Елдің демографиялық бет-бейнесі айтарлықтай өзгерген ол жылдары мемлекеттік көші-қон саясаты этникалық қазақтарды репатриациялауға бағытталды. Бұл 1995 жылғы қазақ диаспорасын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламада, 1997 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» алғашқы заңымызда көрініс тапты. Көші-қон және демография агенттігі құрылып, 1993 жылы қазақтардың (10 мың отбасы немесе шамамен 40 мың адам) көшіп келуінің біржылдық квотасы белгіленді, 1998 жылы этникалық қазақтарды тарихи Отанына қайтару тұжырымдамасы қабылданды.
Ауыт Мұқибек, қоғам қайраткері: «Көші-қон – менің ең көп қаузаған тақырыбым. Құдайға шүкір, Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінде басталған ұлы көш Қасым-Жомарт Тоқаев дәуірінде де жалғасын тауып жатыр. Саябырлағанымен тоқтаған жоқ. Дау жоқ, Назарбаев мемлекет басқарған кезең – қазақ көшінің «алтын дәуірі» болып тарихта қалды. Ал Тоқаев дәуірі енді басталды.
Мен осы екі дәуірді салыстырып, «анау жақсы», «мынау жаман» деуден аулақпын. Өткен дәуірде де «әттеген-айлар» көп болды. Бірақ сол тығырықтардың бәрінен Тұңғыш Президент өзі араласып, шығарып отырды.
Өзің білек түріп араласқаннан кейін ұлы көштің бүгесі мен шігесі көз алдыңда тұрады екен. Ұйықтасаң, түсіңе кіреді. Кім қашан, қай жерде не айтты, соның бәрін хаттап-шоттап жүру менің күнделікті әдетіме айналып кеткен.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы болып келгелі Көші-қон саясатына сегіз мәрте ат басын бұрып, аталған сала бойынша өз ойын ортаға салды, Үкіметке нұсқау, тапсырмалар берді. Мен Қасым-Жомарт Кемелұлының сол сөздерін қалтамнан тастамай, қайда барсам алып жүремін.
Бірінші, шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз (02.04.2019 жыл, «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» атты сұхбаты, «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеті);
Екінші, Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс (02.09.2019 жыл, «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы);
Үшінші, 1991 жылы 18 қарашада Н.Назарбаевтың бастамасымен шетелдегі қандастарымызды елге көшіру туралы ҚазССР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Бұл қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына мүмкіндік берген маңызды құжат болды. 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллионнан астам қазақ көшіп келді (18.11.2020 жыл, Twitter-дегі жазбасы);
Төртінші, Отанына оралған қандастарды үймен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан жоқ. Олардың тек бір жылға берілетін қандас мәртебесінің мерзімі біткенше ғана үй алуға мүмкіндігі бар. Ал азаматтыққа ие болған соң бұл мәртебесі жойылып, сонымен бірге үй алу құқығынан да бірден айырылады. Осыған орай азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе, Үкімет олардың үй кезегінің сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл шара қандастардың осындай жұмыс қолы тапшы аймақтарға көшіп баруына қосымша серпін береді (22.10.2020 жыл, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында сөйлеген сөзі);
Бесінші, Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер Кабинеті қабылдаған №711 қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды. Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды. Соның нәтижесінде бір жарым миллионнан астам қазақ Отанына оралды...».













