Сенат отырысында «ЕАЭО туралы шартқа ортақ электр энергетикасы нарығын қалыптастыруға қатысты өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Рысқали Әбдікеров электр энергиясы тапшылығы мәселесін қозғады. Ол Қазақстанда өндірілетін электр энергиясы Орталық Азияның энергетикалық жүйесі арқылы Өзбекстан мен Қырғызстанға сатыла ма деп сұрады. Бұл сауалға Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов: «Алдыңғы жылдары Қазақстан Өзбекстанға 1 миллиард кВт/сағ дейін электр энергиясын сатып отырған. Алайда 2021 жылы Қазақстан майнингтік фермалардың кесірінен қиындыққа тап болды. Сол себепті Өзбекстанға экспорт тоқтап қалған. Ал Қырғызстанға мемлекетаралық келісім бойынша біз қыс және күз айларында электр энергиясын жібереміз. Өз тарапынан қырғыз бауырларымыз бізге көктемде және жазда су жібереді. Екі ел үкіметтері арасында бекітілген шартқа сәйкес Қазақстан 900 миллион кВт/сағ электр энергиясын Қырғызстанға экспорттады. Қырғызстан мұны үш жылда 300 миллион кВт/сағ-тан, яғни 300 миллион текше су көлемінде Қазақстанға қайтарады», — деп жауап берді.