Сырттан инвестиция тарту – қазақ жұртына таңсық емес. Оның қайтарымын айтыңыз бәрінен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ, әлемнің алпауыт елдерінен түрлі салаларға инвестиция тартылды. Қазақстанда жылдан жылға елімізге инвестициялар тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Тәуелсіздік кезеңінде әлемнің 120-дан астам елінен $330 млрд шетелдік инвестиция тартылыпты. Мұның жартысынан көбі Еуроодақ елдеріне, тағы бір қомақты бөлігі АҚШ-қа тиесілі екенін атап өткен дұрыс. Әрине судың да сұрауы бар. Шеттен әкелген әр тиынның келісімшартқа негізделген құны бар. Ол қайтарылуы керек. Сондықтан инвестициялық жолмен келген қаржы діттеген мақсатқа жұмсалуы басты назарда болмақ. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары. Шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың біздің елге қаржы құюға құлшынып тұратыны да сондықтан. Түптеп келгенде мұндай қатынастардың үлкен сенімге құрылатыны белгілі. Ал Қазақстанды әлемдік аренада сенімді ел, сенімді серіктес еткен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені айтпаса да түсінікті.
«Ақша тыныштықты сүйеді» деген тәмсіл бар. Ақша үшін ойын ережелерінің тұрақтылығы мен заңдардың орындалуы да маңызды. Әсіресе мұның бәрі шетел ақшасы үшін үлкен маңызға ие. Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды аталған талаптарға толық жауап беретін мемлекетке айналдырды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 1 қыркүйектегі Жолдауында инвестициялық саясатты іске асырудың шаралары мен басымдықтарын нақты белгілеп берді. Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестицияларды тарту. Осыған байланысты, республика бойынша ЖӨӨ құрылымындағы инвестициялар үлесін 2024 жылға қарай 30%-ға дейін арттыру міндеті қойылды.
Пандемия тәсілдерді өзгертуге және инвестициялық келісімшарттарға қол қоюды толығымен онлайн-платформаға ауыстыруға мәжбүр еткенін айтып өткіміз келеді. 2020 жылдың 2-ші қазанынан бері www.egov.kz арқылы 300 млрд теңгеге жуық сомаға 20-дан астам инвестициялық келісімшарт жасалыпты. Сонымен қатар біз Қазақстанның шетелдік мекемелерінің инвестициялармен жұмыс істеу тәсілдерін толық қаралған.
Осы орайда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров мына пікіріне тоқтала кетелік: «Осы айларды пайдаланып, біз 66 шетелдік мекеме үшін үш жылдық инвестициялық бағдарламалар әзірледік. Бұл біз осы елден күтетін инвестиция көлемін, осы кезеңде қандай компаниялармен жұмыс жасағымыз келетінін, қандай салаларды қамтығымыз келетінін анықтайтын жоспар. Салалық министрліктердегі әріптестерімізбен «инвестицияға тапсырысты» қайта жүктеу бойынша үлкен жұмыс атқардық. Мұның астарынан біз саланың қажеттіліктерін нақты тұжырымдауды: саланың өз инвесторын қай жерден көргісі келетінін түсінеміз».
Сондай-ақ Айдаров мырза «Инвестицияларды тартудағы тәсілдердің өзгеруі немесе Қазақстанның инвестициялық саласы пандемия сын-тегеуріндеріне қалай бейімделуде» деген сауалға да жауап беріпті: «Қазақстан экономикасы үшін мұнай химиясы, металлургия, автомобиль және машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен секілді базалық секторларға инвестициялар тартуға ерекше назар аударамыз. Бұл салалар айтарлықтай мультипликативтік әсерге ие, кластердің табиғи қалыптасуы үшін негіз болып табылады, бизнестің ілеспе бағыттарын дамытады, жұмыс орындарын береді. Мәселен, Алматы қаласында жыл соңына дейін ұсақ торапты құрастырылған Hyundai маркалы автомобильдер өндірісін бастау жоспарлануда. Бірінші кезеңде жылына 30 мың бірлік өндірілетін болады, екінші кезеңде – 45 мыңға дейін. Бүгінгі таңда инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд теңгеден астамды құрайды. Кейіннен өндірісті жергіліктендіру 51%-ға дейін ұлғайтылады, автокомпоненттер де Қазақстанда өндірілетін болады. Президент жаңа құралды – мемлекет пен инвестор арасындағы уағдаластықтарды тіркейтін стратегиялық инвесторлармен инвестициялар туралы келісімді енгізуді атап өтті. Бұл инвестициялық преференциялар, жеңілдікті қаржыландыру, ішінара кепілдік беру, экспорттық қолдау тетіктері, салық міндеттемелеріне қарсы есепке жатқызу жолымен өтеу, мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланушылардың кепілді сатып алуы. Қазір осындай келісімдерді жасасудың негізгі ережелері мен шарттары пысықталуда. Жеке өзім бұл құралды шаблондық емес, өте икемді инвестициялық құжатқа айналдыруды қолдаймын. Сонда коммерциялық келісімшарт мысалы бойынша, біз инвестормен оның кіру шарттарын тез арада бекіте аламыз және оның қажеттіліктерін біздің трафареттерімізге сәйкес келтіруге тырыспаймыз».
Біздің көршілес елдермен де инвестициялық қарым-қатынасымыз жақсы. Оған дәлел 2021 жылдың 26 қарашасында Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан аймақаралық ынтымақтастығының III форумы аясында 54 инвестициялық және коммерциялық келісімшартқа қол қойылды. Машина жасау, ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдары, электр техникалық өнімдері, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту үшін 611 млн доллардан аса қаржы жұмсалмақ. Сонымен қатар жиын барысында қос тарап сауда-экономика, инвестиция, ауылшаруашылық, транзиттік-көлік, су-энергетика салаларындағы, өнеркәсіптік кооперация мен туризмдегі екіжақты ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқыға салды. Айта кетейік, жыл басынан бері екі ел арасындағы тауарайналым көлемі 3 млрд долларға жеткен. 2022 жылы екіжақты тауар айналымын 5 миллиардқа, ал алдағы 5 жыл ішінде 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті қойылды.