«...Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ!» (Абайдың 37-қара сөзінен).
Ерте болған өнердегі сілкініс шаң басқан кітап секілді бір түпкірде жатқанымен, жел келіп, оны ұшырып әкеткеніне тарихтан куәміз. Қайта өрлеу дәуірін меңзегенімді көзіқарақты оқырман іштей біліп отырған шығар. Адамзат мейлінше жұтап, тозған сайын құнды қазынаны іздейді. Сол баяғы Гомерге, сол баяғы дастан мен романдарға, сол ғажайып идеяларға, адами құндылықтарға мұқтаждық бәрібір оянады. Себебі бос дүниенің мәні меніңше адам және оның таңғажайып дүниесі. Орта ғасырдағы шіркеу жасаған инквизиция мен адамзат жасаған масқаралық пен қатігездіктердің санын тізіп отырсам, бір кітап жазуыма болар. Осылардың ең сорақысы дінді саясат құралына айналдыру. Қарапайым адамның Құдайға деген сенімімен ойнау. Бұл тым ертеден басталған. І Дарий билігі тұсындағы жазба: «Ахура Мазда – ұлы Құдай, осы жерді жаратты, көктегі аспанды жаратты, адамды жаратты, адам баласына амандық берді, Дарийді патша қылды, көптің ішіндегі жалғыз патша, көптің ішіндегі жалғыз иеміз» делінген. Дінді саяси құралға айналдырып келе жатқан билік өкілдері жоқ емес. Бүгінгі күннің өзінде оны көзіміз көріп жүр. Бұнда ескеретін жайт, дін жеке адам мен Құдайдың байланысы екендігі. Ал саяси түрде қоғамды басқару құралы ретінде пайдалану өте өрескел қылмыс. Қазіргі кезде көбейіп кеткен діни ағымдар өскелең ұрпақ үшін, болашақ үшін, жалпы әлем үшін өте қауіпті болып отыр. Сондықтан бұл мәселеде көбіне агрессияға жол беретін соқыр тобырдың әлдеқайда қауіпті екенін ескерейік.
Азаматтық қоғамға жету үшін әлі қанша рет төңкеріс болып, қанша рет қан төгіледі? Меніңше әр адам өзінің қарыздар екенін ұғынғанда ғана жақсы қоғамды құруға, оған зиян келтірмеуге барынша тырысады. Міне Homo sapiens-тен бастап, адамның дамуы мен адамзаттың басынан өткен сан-қилы сұрапыл оқиғалар, санадағы ұлы төңкерістер, әр кезеңнің қалыптасқан түсініктері және әр кезеңнің ұлы өзгеріс әкелген ұлы шығармалары мен ұлы адамдары жайлы оқи отырып, біздің қазіргідей дамыған, теңдік пен бостандық жайлы тым болмаса, еркін айта алатын заманда өмір сүргеніміз үшін борыштар екенімізді ұқтым. Сіз өз қолыңызбен электр қуатын жасап, тоқты пайдалана аласыз ба? Тым болмаса алғашқы бу машинасының қалай жасалатынын білесіз бе? Қазіргі қолданыстағы заттар үшін, ұлы ғылыми ашылуларға әуелі қарыздар екенімізді ұмытпайық. Әр этноста өзіндік діни я моральдық қағидалармен қатар көптеген стереотиптер қалыптасты. Тұнық санамен оны сүзгіден өткізе отырып, этикалық нормаларды, ішкі мәдениетпен айналаға зақым келтірмейік. Өткен ғасырлардағы адамның қиялына да сыймас, ғажайып әлемде өмір сүре тұра, әлі күнге ұлтқа бөліну, нәсілге бөліну, гендерлік кемсітушілік, саяси көзқарасына бола тұтқындау қоғамымызда кездесіп жатады. Бұл мәселеде БАҚ өкілдері өте сауатты түрде жұмыс істеп, қоғамның осы ауырудан айығуына көмектесуі керек. Біз қашанғы азаматтық қоғамды аңсаумен, соған жетейік деген ұрандармен жүре береміз? Кез келген таптаурын ой сынады, кез келген түсінік өзгереді. Қазақстанның қазіргі ахуалын жақсартуға атсалысу әр азаматтың өз өмірі үшін және ұрпағының еркін әрі бақытты ғұмыры үшін істеген ерлігі екенін түйсінейік.