Бізге не жетпейді?

Бізге не жетпейді?

…Не жетпейді? Әл-ауқат, байлық, тоқшылық жақсы-ақ. Жан бағу емес, «жанды сақтау», рухани жағынан жұтамау одан да жақсы. Қазір ежелгі ойшылдар мен ғұламаларға жүгініп, ертедегі тарихқа ұмтылыс басым.

Егемендіктің өз заңдылықтарына сәйкес рухани бітім-болмысымызды даралайтын шақ туып, ұлттық рухты өзек етіп, елге тұтқа болатын кезеңдерде ата тегіміздің тарихын түгендеуге тырыстық. Бабалар рухын жастардың бойына сіңіріп, әдеби-ұлттық тәрбие жұмысын мүлдем жаңа сипатта, ұлттық мазмұнда жандандыруға жол ашылды. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де ойға алғанымыздың барлығы оңынан орындала қойған жоқ. Бір күнде көздеген нәрсенің бәрі орнай бермейтіні де анық. Ақиқаттан алыс сәуле де түспейді. Ұлт тәрбиесінде жаңа заман үрдістері өркениеттілік биігіне жетелеп, әлем кеңістігінде қазақ жастарының өзгелермен иық тірестіретін озық білімге қол жеткізіп, ғылымның дамуына, бизнес пен өндіріс саласындағы жаңа технологияға кең өріс ашуына өз пайдасын тигізіп жатқанын жоққа шығаруға болмайды.

«Бірақ, бұрынғы қазақ қандай еді, қазіргі қазақ қандай? О заман мен бұл заманның сыңай, ыңғайы қандай? Қандай болмақ жөн?» деген ұлттық таным дәстүріндегі сұрақтарға әркім өз деңгейінде жауап іздейді. Әсіресе… «Бізге не жетпейді?» дегені – ағайынның адал жанашырлығы әрі елдің келешегін ойлағандық.

Жақында киелі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін қандай жүйелі жұмыс жасалуға тиіс, деген мәселеде нақты идеологиялық бағыт-бағдарлар сөз болды. Ұлтымыздың жаhандану дәуір сипатындағы болмысы мен жаңа сапалық деңгей-дәрежесін қалыптастыру жолында қоғамдық ой мен тарихи сана- сезімді жаңғыртудың қаншалықты маңызды екені ел тану, тұлға тану және көне тарихты зерттеулердің нәтижелі болуы тұрғысында барынша ашық және өте орынды айтылды.

«Біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады, бұл ұғымдар ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде қатар тұруы тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Ел елегінен өткен бұл ұстанымның киелі Түркістан ордасында айтылуында көп сыр бар. Жұртты ұйыстыратын бұл ерекше ұғымды ұқтыру саясаты дана ойшылдар мен ұлылардың түпкі атамекенінен басталғаны тарих парағына жазылды деп ескеруіміз керек. Ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелерді талқылаудың тарихи мәні мен құнды жақтарын екшеп қарағанда, біздіңше адал адамдардың қасиеттері қоғам байлығымен қоса барлығымызды жақсылық пен ізгілікке жетелейтін жаңа қоғамның бет-әлпеті, негізгі арқасүйер тірегі және тұрмысты түзейтін, ойымызды орнықтыратын көшбастаушылық қуатымен құнды болмақ.

Түркістан – ер түріктің бесігі!

Егер шежірелі шаhардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған десек, адал адамдарды айшықтау жалпы мораль тұрғысында болғанымен, нақ осылай жаңа қоғам, мемлекеттің жаңа биігінен таныту бұрын-соңды болған емес. Міне, сіз бен біздің жаңа қоғамға барар жолдағы алар орнымыз осы биікте болуы тиіс. «Адал адам болу үшін не керек, не істеуіміз қажет?» деген сауал төңірегінде жүз ойланып, жүз толғану ақылды адамның ісі. Қай пенденің шығарған мақал- мәтелі, не сөз тіркесі екенін білмейміз, ол былай дейді: «Ақымақ мешкей қазанның ішіне қарайды, ақылды мешкей қазанның астына қарайды». От жанбаса… Ас піспесе… ауызға да түспейді дегені шығар. Шындығы сол. Бұл баршаға түсінікті өмір байламы. Алайда, біздің қоғам дамуында күту мен кешігудің түр-түрі келе-келе уақыттан ұтылу мен ұдайы немкеттіліктің салдарынан жауапсыздыққа ұрындыратын жағдайларға әбден бой үйретіп алғанымыз өтірік емес.

Бұған талай дәйекті мысал келтіруге болады. Өкініштісі сол, біздің адамдар өткеннен сабақ алу дегеннің өзін ыңғайға келетін тұстарын өз қалауына қарай оп-оңай икемдеп алады, жалпыға тән ащы сабақтардың өзін қайдағы бір себептерді алға көлденең тартып, тез ұмыта салуға бейім. Алысқа барудың немесе өткен-кеткенді көктей шолудың қажеті жоқ. Дүниені дүр сілкіндірген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасының туындауы мен оның сұрапыл салдарынан дұрыс қорытынды жасап, қоғамды былық-шылықтан тазарту арқылы жаңғырту жұмыстарына барынша атсалысуымыз керек еді. Ал, біз болсақ, әлі күнге дейін бүкіл бетбұрыс әкелетін міндеттер мен осыған сәйкес қатал жауапкершілікті Мемлекет басшылығына артып, жүктеп, өзгерістерді үнсіз күтіп отырған кейпімізді немен түсіндіреміз? Тіптен саяси реформалардың өзіне күмәнмен қарағандар да болды.

Бір шындықтың басы ашық. Қоғамдық бақылау мен қатал қадағалау, азаматтық жауапкершілікті барлық жерде бірдей күшейту, әлеуметтік өзекті мәселелердің шешілу тиімділігіне талап қою және заң үстемдігімен өмір сүруді жан-тәнімізбен қолдап, жан-жақты қуаттадық. Қоғамдық ортаға сенімді ахуал, ерекше тың серпіліс керек дедік, мемлекет қазынасына қол сұққандар мен жазықтылар әділ жазалансын дедік. Отыз жыл бойы ойына келгенін істеп, еш негізсіз мол байлыққа кенелген озбыр топтардың жолын кесіп, қатал заң тәртібімен қарастыру қажет дедік. Бүкіл билікті бір адам қолына шоғырландыру дұрыс емес, қоғамдағы адалдыққа аса қауіпті екеніне көз жеткіздік. Сондықтан да әр адам жауапкершілігі мен талабының саяси- әлеуметтік мәні күнделікті жағдайда айқын сезілуі алға қойылған болатын.

Бір жарым жылдың бедерінде Мемлекет басшысының демократиялық, жаңашыл саяси ұстанымы мен реформалық бастамаларының жүзеге асуы барысында көп үміт бірте-бірте ақталып, билікке сенім ахуалы арта түскенін көпшілік бірауыздан айтып отыр.

Жағымды жаңалықтардың барлығы халықтың билікке деген сенімді күшейту қадамдары әділеттілік тұрғысында көрініс табуда. Сыртқа жылыстап кеткен, заңсыз кеткен активтерді қайтару жөнінде нақты іс- шаралардың белгіленуінің өзі мемлекетіміздің халықпен бірлігін және елге ие мызғымас қуаттылығын көрсетеді. Бұл біздің қоғам үшін аса маңызды мәселе.

Дегенмен, ескі жүйенің терең тамырланып алған сыбайлас жемқорлық «өнегесі» түбірімен жойылып кете қойған жоқ. Жуық арада тойымсыздық, ашкөздік психологиясынан арылу оңай болатын түрі байқалмайды. Бізде қызмет бабын пайдаланып, мемлекет дүниесін жымқыру өнерінде алдына жан салмайтын мырзалар мен ханымдардың шежіресіне шек бола ма десеңіз, біз қазір сол діттеген мақсатқа жету жолында өз жауапкершілігімізді даярлап, жалпы түсінік пен бұлжымас бағдарды қалыптастыру саясатына жеке-жеке атсалысуымыз да аса бағалы іс болып отыр.

Мұны қоғамдық санаға сіңіру – ұлттық идеологияның міндеті, мемлекеттік саясаттың өзегі, ашық айтайық, бәрімізді баурайтын және қамтуға тиісті тірлік. Басқалай қалай болуы мүмкін, ә?

Ендігі жерде алда тұрған идеологиялық күрделі міндеттердің қатарында халықтың Әділетті қоғам құру талабына сай адалдық танытқан өзгерістердің барлық қала мен ауылда бірдей күшейе түскені абзал. Бұл сөз жүзінде қалып қоймай, нақты жүзеге асуы үшін қаншама жақсы бағдарламалар әзірленгенімен, оны қарапайым адамдар біліп, сезініп отырмаса, көздеген нәтижеге қол жетпейді. Қандай да ішкі қайшылықтар болмасын, алдын алу жұмысы жанды, шынайылықпен жүргізілмесе, түйіні шешілмейді және алға қадам баспайды. Белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев биылғы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Билеуші элитаның ұзақ уақыт бойы қосарланған идеологиядық саясатты жүргізу салдарынан халқымыздың едәуір бөлігінің рухани-адамгершілік деңгейінің төмендегені байқалады» деп бекерден-бекер, тегіннен- тегін айтқан жоқ. Іс пен сөз арасы алшақтады. Олар саяси мінберде бір басқа сөйледі, ал өмірде заң үстемдігі далада қалды. Кейбір ықпалды топтардың азғындауына дейін апарып ұрындырды.

Адамдар бойындағы ең жаман қасиет – екіжүзділік пен өтірік айту. Жалған есеп, бұрмаланған статистиканы алға тартып, уәдені үйіп-төгетін, көпірме сөзді ойнататын шенеуніктердің қызмет кеңсесінде өтірікті судай сапырып, қоғам үшін өліп, тірілетін образы былайғы өмірде мүлдем кереғар, қызмет бабын асыра пайдаланып, жемқорлыққа үйірсек, тоғышар нашар адамдар кейпінде азаймай отырғанын көріп отырған жоқпыз ба? Жемқорлық – жегі құрт, жаны сірі пәлекеттен, әлбетте, біржолата құтылу оңайға соқпас. Әйтсе де бұл сыбайластық құйтырқылықтың кесірінен адамгершілік құндылықтар мен сенімге селкеу түседі. Билік элитасына қаратып түрлі ауыр сөздер айтылады. Қолы таза, жүрегі ашық жақсы мемлекеттік қызметкерлер қосақтың арасында жазықсыз айыпталып та жатады. Сондықтан, иә, не жетпейді? Ар- ұяттан аттап, арамдықпен қоғам ахуалына зиян-залалын тигізгенін ашық айыптайтын, оларды ұйықтатпайтын азаматтық қоғам қалыптасқанда ғана мұндай ашу шақыратын, реніш туғызатын олқы жағдайлар орын алмауы мүмкін. Ашық айтайық. Қарап тұрсаңыз, қылмыс жасап, ұсталып жатқан кім? Мемлекеттік қызметкер. Сотталып жатқандар кімдер? Кешегі шенеуніктер. Түйені түгімен жұтамын деп масқарасы шығып, түрмеге тоғытылып жатқандар да солар.

Ар-ұяттан жұрдай жандар аз ба, көп пе? Аз емес сияқты. Сондай жемқорлардың салдарынан жұрттың заманды жақсартуға деген ұмтылысы, жұмылуы мен қауымдасуына кері әсерін тигізуде, ел ішінде аздап кібіртіктеу байқалады. Сонымен бірге белгілі озбыр топқа қарсы заң талаптарының қатаң болып, сұралуының нақты нәтижесін әділдік мағынасында көруде.

Қоғамдық ой-санаға серпіліс әкелетін жаңғырту бірінші кезекте, салиқалы, мәдениетті, тәрбиелі, адал адамдардың құлшынысы мен ерік-жігеріне тікелей байланысты бола бермек.

Дәл осы мәселеде біздің қоғамда терең ойлы, дүниелік пейілінде адалдығы айқын, ұлтжанды және еңбекқор тұлғаларға зәрулік бар. Қалың ортада «Мен – осы заман азаматымын» дейтін жаңа есімдерді жұрт жете тани алған жоқ, жұлдыздай жарқырап тұрғандар, әсіресе, өңірлерде анық және жиі байқала бермейді. Себебі, аймақтарда жастарды ел басқару ісіне тарту, олардың туа бітті қарым- қабілетін ертерек бағалау өз дәрежесінде емес. Бұрынғысынша кей жерде, бәлкім, көп жерде әкімқаралар әлі де пендешілікке кетәрі емес, әлі де тамыр-таныстық, жершілдік, рушылдық пиғыл үстем болып отырғанын тіптен жасыруға болмайды. Бұл өте ұят нәрсе. Біз қай заманда өмір сүріп отырмыз өзі?! Сенім жүктеліп, аманат арқалаған шенеуніктерде сөз бен іс қабыспай тұрғанын көрген жұрт не демейді?! Билік пен бастық біткенге жағымпазданып, жәдігөйлікпен күн көріп жүрудің байырғы «көсемдері» мен «данышпандары» әр өңірде де бар, бұған жол беріп отырған әкімдердің әлсіздігі және дербес шешімді басшы-тұлға бола алмағанын байқатады.

Бұл тұрғыда не жетіспейді? Талапшылдық жетіспейді. Көпшіліктің сөзін ести қоятын құлақ жетіспейді. Бәлкім, кей тұста тастай қаталдық қажет шығар. Егер белгілі бір мерзімде бір облыста ауқымды жаңа жұмыс орны ашылмаса, сол облысты басқарып отырған әкім қызметінен не өз еркімен кету керек, не отставкаға жіберілуі шарт болса, сонда әділдік орнайды және тәртіпке бағынудың мәні ашыла түседі. Өйтпейінше, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінуі жақсармайтын секілді. Әділдік іздеген жұрт неге сарсаңға түседі? Қане, қазіргі таңда қайсысы «күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым» деп айтады екен? Алатын жалақысына сай шала-шарпы ғана жұмыс істеп, өз мойындарына еш жауапкершілік алмауға тырысатын мемлекеттік қызметкерлерден тезірек арылатын, тазарту талаптарын алға қоятын уақыт келген секілді. Өзгеріс – өмір заңдылығы.

Халықтың бұл көзқарасты жиі айтатыны да мемлекеттік мүддеге жанашырлықтың шынайы көрінісі. Қазіргі жағдайда жергілікті әкімдер уақыт иірімдеріне орай идеялық ұшқырлық таныта алмайтын тәрізді.

Мәселен, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жастар тәрбиесіне көп мән берді. «Халқымыздың дүниетанымына жат нәрселерге қарсы тұруға тиіспіз, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл ең алдымен, үлкендердің кінәсі» деген сөзін айтты. Президентіміздің бұл жарқын болашақ қамы мен жауапкершілік қасиет туралы терең ойын толық қостаймыз. Шын мәнінде саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде үлкендердің жауапкершілігі қайда қалды?

Енді осы өте көкейкесті мәселеге жергілікті әкімдер мен қоғамдық ұйымдардың үн қосуы қалай болып отыр? Олар үн-түнсіз отырмай, үлкендердің жауапкершілігі аясында талай ықпалды іс-шараларды жүзеге асыруына міндеттілігін іспен байқату керек еді. Құрылтайда Мемлекет басшысы елімізде «Балалар кітапханасы» деген бағдарламаны қолға алуды және тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашуды алға тартты.

Бұл өте құптарлық бастаманы жер-жерде насихаттау мен соған ілесуді үйренудің өзінен қаншама тәрбие жұмысын атқаруға болар еді. Рухани жағынан мықты, өресі биік, сауатты әкімдер болса, бұл істі іліп алып, дөңгелетіп ала жөнелер еді. Тегінде рухани білім сөз болғанда, ел басқарған дөкей шенеуніктердің арасында жыл бойы кітаптың бетін аша қоймайтындары да бар ма деп қаламыз. Олай болса, рухани кемшілік. Бірақ, бұл ойымыз қате болсын- ақ делік. Ал, дәл қазір кітап оқу, негізінен, тоқтады. Жұрт енді ең жаманы – кітап сатып алмауға үйреніп қалды. Түбінде жағдай түзеліп, ел байығаннан кейін де кітапқұмарлық қасиетті қалпына келтіру оңайға соқпас. Бұл жалғыз бір халықтың басына келген ақырзаман емес, негізінен, әлемдік дағдарыс. Рухани жүдеу.

Бірақ, уақыт өте келе бұл жағдай түзелері сөзсіз. Әлемдік тәжірибеде өркениеттілік кітап оқитын елдің келешегінен бастау алғанын ұмытпайық. Жас ұрпақты, саналы ұрпақты әдеби тәрбиелеудің артықшылығын түсіндіріп, қамқорлық жасап отырған Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асырудан туындайтын салиқалы міндеттер «Бізге не жетпейді?» деген ортақ сауалға бірсыпыра толағай жауап беретіні хақ. Қазіргі заман талабы қатал. Кең қолтықты үнемі көтере бермейді. Қоғам нәтиже мен тиімділікке тәуелді. Адал адамдардың еңбегі мен олардың табысты болуын мұрат етеді. Сол мақсаттағы саясатты қолдайды.

Темірқазық тәлім-тәрбиенің қайтарымы мен қоғам алдындағы азаматтық жауапкершіліктің құндылығы мен бағасын шынайы сезінудің мәні тіптен айрықша. Елің үшін адал еңбек ету мен қалтқысыз қызмет атқарудың маңыздылығы да осында жатыр.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, қоғам қайраткері.
15.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 125
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 54
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 162
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 50
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 159
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 43
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 125
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 269
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 273
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 482
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 445

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9143
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8542
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11770
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9536
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10750