Бүгін Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенатор Ләззат Рысбекова шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың тиімсіз жақтарына қатысты өзінің депутаттық сауалын жолдады.
Бұл туралы ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады. Сенатор Ләззат Рысбекова өзінің депутаттық сауалында бизнесті қолдау жүйесінің тым бытыраңқы екенін атап өтті. – Қазіргі уақытта 106 мемлекеттік қолдау шарасы жүзеге асуда, оның 62-сі қаржылық, 44-і қаржылық емес қолдау түрлеріне жатады. Бұл шараларға тоғыз орталық мемлекеттік орган мен 29 оператор әкімшілік етеді. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті аясында бизнесті қолдаумен айналысады, алайда бұл салада бірыңғай үйлестіру жұмысы қалыптаспаған. Ешбір мемлекеттік орган барлық сала бойынша қолдау шараларының тетіктері мен шарттары туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Түрлі дереккөздерден алынған жалпылама мәліметтер олардың тиімділігін бағалауды қиындатады, – деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің жоқтығы қаржы ресурсын тиімсіз пайдалануға әкеледі. Мысалы, биыл ішкі сауда субъектілерін қолдауға 5,3 млрд теңге бөлу жоспарланған, алайда қатаң бәсекелестік жағдайында мұндай шаралардың қаншалықты орынды екендігі сұрақ тудырады. Одан бөлек, Үкімет қаржылай қолдау шараларының тиімділігіне толық талдау жүргізген жоқ, бұл мәселе 2023 жылы көтерілгеніне қарамастан, тиісті бағалау әлі күнге дейін жасалмаған. Сенатор іске асырылған бағдарламалардың нақты нәтижелерін түсінбей тұрып, олардың бизнеске қаншалықты пайда әкелетінін айту қиын екенін жеткізді.
– Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары бойынша бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен мекемеаралық үйлестіру жұмыстарына жауапты негізгі орган ретінде Ұлттық экономика министрлігін белгілеу керек. Бизнесті мемлекеттік қолдау туралы барлық ақпарат бірыңғай орталықта шоғырланып, кейіннен оның тиімділігін мониторингтеу, талдау және бағалау жүргізілуі тиіс. Осы негізде Үкімет қолдау шараларының орындылығы туралы салмақты шешімдер қабылдауы қажет. Сондай-ақ елімізде орта бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шараларының іс жүзінде жоқ екенін атап өткен жөн. Жалпы, шағын және орта бизнесті қолдау кәсіпкерлік бастамалардың табиғи дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталуы тиіс. Егер жүйелі тәсіл қалыптасса, бизнес өз бетінше шағыннан орта деңгейге ауысып, бөлшектенуге мәжбүр болмайды, – деді Ләззат Рысбекова.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы