Болашақ ұрпақтардың ұлы ұстазы

Болашақ  ұрпақтардың ұлы ұстазы

Конфуцийді қытайлықтар «он мың ұрпақтың ұстазы» деп дәріптейді. Содан бері бұл шамамен он мың ұрпақ дүниеге келді деген түсінік. Бізде Конфуций тектес дана ұстаз бар. Сондықтан мен Абайды болашақ ұрпақтардың ұстазы деп танимын.

Университетте «Философия» курсында қазақ философиясы туралы курстың соңына таман айтамыз. Конфуциймен, Сократпен, Платонмен, Аристотельмен, Кантпен, Гегельмен танысқан студенттер менен сұрайды: «Абайдың философиясы қандай философия? Оның философияға қатысы қандай?» – деп. Орынды сұрақ екені даусыз. 

 

Әлемнің ұлы  философтары  кімдер?

 

Мен шәкірттеріме айтам: екі түрлі философия болған және бар деп. Біреуі – көпшілікке бағытталған қарапайым философия. Орысша айтқанда: популярная философия. Popularis деген сөз латынша – халық дегенді білдіреді. Демек, қарапайым философия – халықтық философия. 

Екіншісі – кәсіби ғылыми философия. Профессиональная философия. Мұндай философияға кез келген кісінің тісі батпайды. Платонды, Аристотельді, Кантты, Гегельді кез келген адам оқып түсіне алмайды. Оларды оқу үшін, түсіну үшін көп әзірлік керек. Платон мектебінің  – Академияның маңдайшасына: «Ғылымнан хабары жоқ адам мұнда кірмесін» деп жазып қойған екен. Аристотель Платон мектебіне бару үшін үш жыл дайындалған көрінеді.

Ал Будданың, Конфуцийдің, Сократтың, Лев Толстойдың, біздің Абайдың айтқандарын, жазғандарын ден қойған адам оқи алады, түсіне алады. Бұлардың ілімі қарапайым философияға жатады. Қарапайым философия дегенді жеңіл-желпі, тайыз нәрсе екен деп ойлап қалуға болмайды. Конфуций тайыз емес. Оны тек Қытай халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың ұстазы деуге болады. «Тең ортаны таба біл» десе, кім бұған ден қоймайды? Немесе «өз үйіңде жау іздеме» дейді. Кім бұған қарсы болады? Немесе: «Адам аяғынан басына дейін өлшенбейді, басынан бастап аспанға дейін өлшенеді» деп, адам баласы бір күйде қалып қоймайтынын, өсіп, жетілетінін, оның мүмкіндігіне шек қоюға болмайтынын атап көрсетеді.

Толстой өзіне-өзі: «Неге мен көп уақытымды философияға бөлемін?» – деген сұрақ қояды және оған былай деп жауап береді: «Себебі мен шындықты білгім келеді. Мен дегеннің не екенін, нелер маған әсер ететінін білгім келеді... Мен босқа алданғым келмейді», – дейді. «Кең тараған қателіктер – адамды адал, арам, ізгі, зұлым, ақылды немесе ақымақ деп есептеу және оған өне бойы ол жөніндегі осы қалыптасқан пікірлер тұрғысынан қарау, – деп жазады Толстой. – Бірақ адам бір күйде қалып қоймайды өзгереді: ақымақ еді, ақылды болды, қатыгез еді, қайырымды болды немесе керісінше. Адам түрлене береді, ол қасаң анықтама қалыбына сыймайды», – дейді.

Толстой ойшыл емес, немесе тайыз ойшыл деп айтуға бола ма?

Әрине, Л.Толстой, немесе Ф.Достоевский, Абай Кант, Гегель, Маркс сияқты кәсіби философ емес. М.Бахтин деген орыс философының айтқаны бар: «Нағыз философтар, әрине, Германияда. Ресейде тек ойшылдар болған», – деп. Бұл арада Бахтин «нағыз философ» деп кәсіби, маман философтарды, яғни арнаулы оқу орындарында оқыған, философиядан диссертация қорғаған, ғылыми еңбектер жазған философтарды айтып отыр. 

Толстой, Достоевский, Ыбырай, Абай – маман философ болмаса да, нағыз ойшылдар, мен үшін нағыз философтар.

Нағыз философия мен үшін тегістей теория емес. Ондай философияның адамға ықпалы шамалы болады. Нағыз философия даналық сөздерімен, түсінігімен, тәлімгерлік үлгісімен адамды оятатын, өсіретін, адам болып өмір сүруге үйрететін Конфуцийдің, Сократтың, Канттың, Толстойдың, Абайдың философиясы.

Мен үшін философияның төл қасиеттері – даналық, түсінік, тәлімгерлік. Толстойда да, Абайда да осы қасиеттер молынан табылады.

Адам үшін де, қоғам үшін де ғылыми философия да керек, қарапайым философия да керек. Мәдениет саласында екеуінің де өз орны бар.

Қарапайым философия мен ғылыми  философияның айырмашылығын Сократ пен Платон ілімін салыстыру арқылы көрсетуге болады. Сократтың философиясын қарапайым философия қатарына жатқызуға болады. Ол сөзін көпшілікке, халқына арнады. Оған кез келген адам барып сөйлесе алатын еді. Сократтың өзі де көше кезіп, алаңға, базарға барып, кездескен адамдармен пікір алысатын, өз ілімін тарататын.

Платонға кез келген адам бара алмайды. Өзі де адамдарды іздеп әуре болмайды. Онымен сөйлесуге дайындығы бар адам өзі іздеп келеді. 

 

Абайды біз неге  философ деп танимыз? 

 

Мұхтар Әуезов жазғандай, «оның арнап жазған философиялық ... еңбектері, трактаты жоқ» қой. Сөз жоқ, бұл арада М.Әуезов Кеңес кезіндегі партиялық, идеологиялық нұсқауға сай Абайды философ ретінде атай алмай тұр. Әйтпесе, ол Абайдың дана екендігін, ойшыл-философ екендігін білмей тұрған жоқ. 

Ол кезде Абайды философ деп танып, оның философиялық көзқарасын сипаттауға болмады. Абайды ақын деп, ағартушы деп танумен шектелуге тура келді. 

Абай, әрине, маман философ емес. Бірақ ол – туа біткен, кейін қалыптасқан ойшыл, дана. Бұл тұрғыда мен Абайды Сократ, Конфуций сияқты философтардың қатарына қосамын, өзі де Сократты жақсы көрді, насихаттады. Сократқа 27 қара сөзін арнады. Мен «Философия тарихы» деген кітабымда Абайды «Қазақтың Сократы» деп атадым.

Абайдың Сократпен жалғасып, сабақтасып жатқан ойлары көп. Оның «Базарға қарап тұрсам әркім барар, іздегені не болса, сол табылар» деп басталатын өлеңі Сократтың дүние-мүлік туралы пікірін еске салады. Жоғарыда айттым: Сократ дүние-мүлікке қызықпаған деп. Ол қарапайым, жұпыны өмір сүрген. Қанағатты қадір тұтқан Сократ сияқты, Абай да адамзат үшін өмір сүрмейді, заттарды адам болып өмір сүру үшін пайдаланады дейді. «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деген өлеңінде Абай көрсеқызар, дүниеқор адамдарды надандығы, білімсіздігі үшін сынайды.

Сократ та, Абай да адамшылықты атақпен, байлықпен емес, ақылмен, мінезбен, түсінікпен, а – ұятпен, оң пейілмен өлшейді. Абай он сегізінші сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», – деп жазады. Отыз алтыншы сөзінде: «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы» деп, ұяттың қадір-қасиетін аша түседі. Қазір біз, өкінішке орай, ұялмайтын болдық, ұят деген сөзді естімейтін болдық. Көрнекті орыс философы В.С.Соловьев айтып еді: «Мен ұяламын, демек мен өмір сүремін», – деп. Ол заман өтіп кеткен екен.

Сократ сияқты Абай да өзінің адамдық, азаматтық борышын, ойшылдық мүддесін сөзімен, ақындық дарынымен, ақылымен халқын ояту, ойландыру, болмысын өзгерту, мәдениет, өркениет жолына салу деп біледі. Осыған бар күшін сарқа жұмсайды.

Кейбір лирикалық өлеңдеріне қарағанда Абай адамның көңіл күйін, сезімдерін нәзік те шебер суреттеп беретін, адамның жан дүниесін билеп алатын сезімтал ақын. Бірақ Абай туындыларының ішінде ондай өлеңдер көп емес: «Жаз» («Жаздыгүн шілде болғанда»), «Желсіз түнде жарық ай», «Адамның кейбір кездері», «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», «Құлақтан кіріп бойды алар», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» және махаббат тақырыбына арналған жырлар т.б.

Абайдың бар зейіні халқына, қалың еліне, қайран жұртына ауған. Абайды оқу үлкенге де, кішіге де оңай жұмыс емес. Сынды, мінеуді кім жақсы көреді? Ақын амалсыздан осы өткір жанрды таңдады. Бұл арада да оған Сократтың ықпалы болғаны рас. Сократ та, Абай да өткір сынды, сөзбен түйреуді, мінеуді шығармашылық тәсілге айналдырған. Әдебиетте «ирония Сократа» деген сөз бар. Сондай мысқыл Абай өлеңдері мен сөздерінде жиі кездеседі.

Сократ сияқты Абай да өзін бұл дүниеге арнаулы миссиямен келген жандай сезінеді. Құдай оны халқының ар-ұжданы, бетке ұстар темірқазығы, көш бастар көрегені етіп жаратқан сияқты. Ойшыл-ақынның өмірлік мұратын Абай былай суреттейді:

Менсінбеуші ем наданды, 

Ақылсыз дедім қор тұтып.

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып.

 

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарысып, – дейді.

 

«Адамның кейбір кездері» деген өлеңінде:

...Сонда ақын белін буынып,

Алды-артына қаранар. 

Дүние кірін жуынып, 

Көрініп ойға сөз салар.

 

Қыранша қарап қырымға, 

Мұң мен зарды қолға алар. 

Кектеніп надан, зұлымға, 

Шиыршық атар, толғанар.

 

Әділет пен ақылға 

Сынатып көрген-білгенін, 

Білдірер алыс, жақынға 

Солардың сөйле дегенін.

 

Ызалы жүрек, долы қол, 

Улы сия, ащы тіл 

Не жазып кетсе – жайы сол, 

Жек көрсеңдер, өзің біл. 

Мұң мен зар философиядағы экзистенциалдық тақырыптар қатарына жатады. Бір кезде философияға Кьеркегор енгізген «экзистенция» деген ұғым тура мағынасы  – тіршілік болса да, күнделікті жайбарақат тіршілікті білдірмейді. Жоқ. Экзистенция – шиеленіскен, шешуші, қысылтаяң шақ, таңдау жасайтын кез. Мұң мен зарды бастан кешетіндер жеке басының ғана қамын ойлайтын тоғышарлар, мещандар емес, адамзаттың бүкіл жетістіктері мен табыстары бір сәбидің көз жасына тұрмайды деп ойлайтын Достоевский сияқты жанашырлар, бауырмалдар, зиялылар.

 

«Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық»

 

Абай да өзінің миссиясын осылай түсінеді. Оның ұстанымы – сырттан бақылап, ақылгөйсіп, кемшілікті тізіп тере беретін төрешінің амалы емес. Бұл – тағдырын туған халқымен бір деп білетін, халқы үшін қуанып, халқы үшін қайғырып күйетін зиялының ұстанымы. Ақын өлеңдеріндегі ащы, ашынған, жаралы жүректің назын білдіретін жолдарды оқығанда оның осы зиялылығы ойға оралады: «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей», «Жүрегім менің қырық жамау», «Мен ішпеген у бар ма?», «Қаны қара бір жанмын, жаны жара», «Ішім өлген, сыртым сау» деген сөздерін айтып отырмын.

Халқының хал-жағдайы, тіршілігі Абайды мүлдем қанағаттандырмайды.

...Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.

Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық, – дейді.

Қазақтарда, Абайдың пікірінше, «бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ», есесіне күндестік, қызғаныш, көре алмаушылық көп. Олар біріне-бірі қол ұшын беріп, демеп жіберудің орнына аяқтан шалып, құлатуға әзір тұрады. «Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып, Аямай, бірін-бірі жүр ғой аңдып», – дейді. Тағы бір жерде Абай: «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», – деп қатты айтады. 

Абайдың сөзі бүгін де өзекті. Бұл сөздің бізге де, бүгінгі қазақтарға да қатысы бар. Қаншама уақыт өтті, әлі ештеңе өзгермеген сияқты. Нарыққа, жеке меншікке, капитализмге қайта оралу алауыздықты, өзімшілдікті ірә қоздырып жіберген сияқты. Әркімнің де ойлайтыны – өз қамы, өз пайдасы. Сонда елдің жайын, халықтың қамын кім ойлайды? Бар ма сондай зиялылар? Осы сұрақ кім-кімді де ойландырар. Абайша айтсақ: «Естілер де ісіне қуанбай жүр. Ел азды деп надандар мұңаймай жүр». «Надандар» деген сөзді мен өзінен, өзінікінен басқаны ойламайтын толып кеткен тоғышарларға, пысықайларға қаратып айтар едім. «Сабырсыз, арсыз, еріншек» деген өлеңінде Абай: «Пысық деген ант шықты, Бір сөз үшін жау болып, бір күн үшін дос болып, Жүз құбылған салт шықты» дейді. Жиырма бірінші сөзінде Абай пысықтарды «наданның наданы» деп атайды. Дөп басып, тауып айтқан.

Философияда «индивид», «индивидуалдық», «тұлға» (личность) деген ұғымдар бар. Индивид – латын тілінде қарапайым адам дегенді білдіреді. Индивид – көптің бірі. Бәріміз де – индивидпіз, индивид болып өмірді бастадық. Бірақ адам оқып, үйреніп, өседі, индивид болып қалмайды, дараланады. Мұндай өсіп жетілген адамды индивидуальность – жеке, дара адам деп атайды. Ол ешкімге ұқсамайды. 

Жан-жақты жетілген адамды, Абайша айтқанда, толық адамды тұлға деп тануға болады. Тұлғаның өз ойы, пікірі, түсінігі, мінезі бар. Ол өзінше ойлайды, өзінше әрекет жасайды. Тұлға өзін танып, «Мен» деп, субъект деп біледі. Тұлғаға тән қасиет – өзі үшін де, басқа үшін де, ел үшін де жауапкершілігін түсіну. Өкінішке орай, тұлғалар көп болмайды, тұлға болу қиын. 

Осы тұрғыда пайымдау Абай ілімінде де кездеседі.

Абайдың түсінігінде топ бар (толпа), жеке, дара тұлғалар бар. Топтағылар – индивидтер, олардың айырмашылығы жоқ. Абай топты кейде тобыр, дүрмек деп әжуалайды. Топ өздігінен ештеңе шешпейді: «өңкей нөл». Кеңестік идеология топты, халық бұқарасын тарихтың шешуші күші деп дәріптеді. Топты, бұқараны іске жұмылдыру үшін басшы керек, тұлға керек. Абай: «Единица жақсысы, ерген елі бейне нөл. Единица нөлсіз-ақ, өз басындық болар сол. Единица кеткенде не болады өңкей нөл?» – дейді. Бұл арада Абайдың «единица» деп тұрғаны – тұлға (личность). «Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ» дейді. Бір кезде көпшіліктің пікірі дұрыс деп, жеке адамның айтқанын елемеу әдетке айналды. Шындығында көпшілік ойламайды, істің байыбына бармайды. «Ақсақал айтты, бай айтты, кім болса мейлі, сол айтты» – соның сөзіне ереді. Абай отыз жетінші сөзінде: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал», – дейді.

Өзінің қара сөздерін «Ғақлия» деп атауының өзі олардың даналыққа, демек, философияға жақын екенін аңғартады. Философия деген – ойлау үдерісі. Ойды тәптіштеп, тарқатып, талдап философиялық шығармаға айналдыруға болады. Иә болмаса, Конфуций, Гераклит, Паскаль, Ницше сияқты қысқа-қысқа эссе, нақыл сөз түрінде ойды жеткізуге болады. Абай да өз ойын кейде бірер шумақ өлең түрінде, кейде қара сөз етіп жеткізе білген. 37 сөзінде «Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас» дейді. Дұрыс емес пе? Досы жоқ адам сенің жүрекжарды сырыңды басқаға жаймайды. Досы көп адам – жақсы, сыйлы, сыйласуға тұратын адам. Жақсыға жақын жүрсең шапағаты тиеді. «Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол», – деп Абай кеңес береді. Қайғысыз адам немқұрайды адам, оның өзінен басқа ешкіммен де, ештеңемен де ісі жоқ. Абай қайғылылардың, жанашырлардың, басқалармен қуанып, басқалармен қайғыратын адамдардың жағында.

Ақынның мына бір шумақ өлеңінде «көңілге түрлі ой салатын» философиялық тәмсіл бар:

Өмір, дүние дегенің

Ағып жатқан су екен.

Жақсы-жаман көргенің,

Ойлай берсең, у екен, – деген.

Бірден ойымызға Фалес, Гераклит, Шопенгауэр, Ницше түседі. Абайдың өзі айтқандай, өмір жолы – тар соқпақ деген осы.

Тағы бір философиялық тұжырымға назар аударайық:

Күшік асырап, ит еттім,

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол мерген болды, мені атты, – дейді.

 

«Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің...»

 

Неге бұлай болады? Қалайша ұстаз шәкіртінің кім екенін, қандай адам болатынын білмеді екен? Ұстаз қашанда шәкіртіне сенеді, одан жамандық күтпейді. Сөйтіп, алданып та қалады. Философияда әсірелеу, идеализация орын алады. Ол адамға адамшылық жағынан қарайды. Қай адамды да дара тұлға, қайталанбас құбылыс деп есептейді. Сөйтіп, утопияға ұрынады.

Көпшілікке белгілі Абайдың жұмбағын талдап көрейік:

Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,

Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.

Жан құмары дүниеде немене екен?

Соны білсең – әрнені білгендерің.

Сұраққа өзі «білмекке құмарлық» деп жауап береді. Өте орынды.

Абай 7 сөзінде тән құмары және жан құмары туралы пайымдайды. Тән құмары, әрине, ішсем, жесем, ұйықтасам, демалсам деген күнделікті қажеттіктер. Ал, жан құмарын Абай білсем, көрсем, үйренсем екен деген ынта-жігермен байланыстырады. Тән құмары және жан құмары деген – маңызды философиялық мәселе. Кімнің кім екені және қандай екені тән құмары мен жан құмарының қайсысына басымдық береріне байланысты.

Абай 7 қара сөзінде: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді, – деп жазады. – Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық...» – дейді.

Бүгінгі адамдар да көбіне тәннің қамын көбірек ойлайтын сияқты. «Ақша, ақша» деп, пайда көздеп, шабылып жүрген біреулер. «Балық басынан шіриді» дегендей, халық сеніміне ие болған бастықтардың өздері жемқорлықпен шаталып жүр. Ұстаздар да, ата-аналар да бүгінде жастарды кітап оқуға үйрете алмай әлек. Адамға рухани азық та ауадай қажет. Кітап болмаса, оны қайдан аламыз? Интернет, ұялы телефон адамға жалаң мағлұмат қана береді. Одан тәлім-тәрбие ала алмайсың. 

Еріксіз түскен ылдидан,

Еркіңмен шығар өр артық.

Қорлықпен өткен өмірден,

Көсіліп жатар көр артық, – дейді Абай.

Абай бір ауыз сөзбен философиядағы еркіндік пен қажеттіліктің арақатынасы туралы мәселенің мәнін ашып тұр. Абай еркіндікті қажеттілікке жығып беріп тұрған жоқ, қажеттіліктен жоғары қойып тұр.

«Қорлық» деген – философиядағы экзистенциалдық ұғымдардың бірі. Қорлық адамның өзіне байланысты. Әңгіме зорлықта емес, зорлыққа мойынсұнуда. Басқаның зорлығымен болған нәрсе қорлық болмайды. Қорлық деген – өз еркімен құлдыққа бас ұру, өзін-өзі сыйламау, бағаламау. Бүйтіп өмір сүргенше, – дейді Абай, – көсіліп көрде жатқан артық.

Абай – терең, таусылмас дария. Біз тек Абай ілімінің кейбір қырларына назар аудардық. Жақында марқұм болған көрнекті жазушымыз Дулат Исабекұлы: «Абай несімен кемеңгер, несімен данышпан?» деген сұрақ қойып еді. Соған өзімше жауап берген сияқтымын.

Абайдың философиясы туралы өз ойымды білдірейін. Абайда әркімге үлгі, нұсқау болатын, көзін ашатын нағыз философия бар. Бұл қандай философия?  – деп шәкірттер сұрайды. Бұл – даналық философиясы, терең түсінік философиясы, адамды өсіретін тәлім-тәрбие философиясы, бір сөзбен әр адамға бағытталған өмірлік философия. 

 

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,

философия ғылымдарының 

 докторы, профессор 

 

07.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16517
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16369
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31544
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30163
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33756