Мектеп деген сөз кімге де болса жылы естіледі. Осы бір шаңырақты келешекте мен қалай елестетемін? Осыған бір сәт еніп көрейінші...
Болашақта мектептеріміз киіз үй бейнесінде болады. Тау бөктеріндегі қаламыз зеңгір аспанмен қол ұстасып тұрғандай. Сол таумен таласып шаңырағы күнге ұқсаған көп қабатты киелі шаңырақ алыстан ерекше сәулетімен мен мұндалап тұр. Тылсым табиғаттың қала ортасына әкеліп қолымен орнатып қойған бейне бір алып тау секілді. Ерекше бір таңданыспен тез-тез басып жетіп келдім. Әр қабатты аралап, жоғары оқу орнына ұқсаттым. Бірінші қабат – лингвистикалық орта. Онда ана тілі мен әдебиет, қазақ тілі мен әдебиеті, әлем әдебиеті пәндері оқытылады. Яғни оқушыда ең алдымен, тілдік сана қалыптасу керек. Сол арқылы ол әлемді таниды. Ана тілі – әр адамның өз ұлтының жан дүниесі мен мәдениетінен, ғасырлар бойы жиған рухани азығынан нәр алатын кіндік тамыры. Онсыз адам – мәңгүрт. Тілдік сана әдебиет арқылы қалыптасады. Сондықтан ең әуелі бізге қазақ әдебиетін, сол арқылы әлем әдебиетін білуіміз маңызды. Бір ғажабы – әр қадамдарда тетік тұр, оны бассаң, сұрақ шығады, сол сұрақтарға жауап берсең ғана келесі қадамға өтесің. Жасанды интеллекттің дамығаны соншалық – үй тапсырмасын сұрауға жарапты. Сонда әр оқушы үйге берілген көркем шығарманы оқымаса, келесі күні бірінші қабаттың есігін сығалап қана қалатын сияқты. Бұл жерде басқа тілде оқыту үшінші сыныптан бастап жүргізіледі. Ағылшын тілдерін тереңдетіп оқытады.
Айналамнан осы жайттарды ұққаннан кейін келесі қабатқа көтерілдім. Ол – жаратылыстану-математикалық орта. Онда алгебра, геометрия, физика, химия, биология, астрономия пәндері оқытылады. Сабақтар шағын топтарда өтіп жатыр, оқытушы тек керек кезінде көмектеседі. Дайындалған қолайлы ортада ішкі тәртіп басым. Нұсқау әр оқушының жеке ерекшелігіне қарай беріледі. Тапсырмаларды өз қалауымен алып орындап жатыр. Нәтиже нақты, әрекеттері саналы. Бағалау белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асуда. Керекті құрал қолмен ұстап көретіндей, барлық сезім мүшелеріне әсер ететіндей жасалған. Осы қабатта «Ғарыш» аймағы орналасқан. Ол жерде оқушылар астрономия, химия, биология, физика сабақтарынан өмірлік тәжірибе алады. Бәрін өз қолдарымен істеп, өз көздерімен көріп, ой қорытынды жасайды. Оқушылар өздерінің қателіктерін өздері түзеп жатыр.
Келесі қабатта тарих, география, экология пәндеріне басымдық берген. Тарих пәнінде даталық мәселеге қарағанда, сыни талдама мәселесіне көп көңіл аударады. Құқықтық сауаттылыққа негізделген жағдаяттар өткізіледі. Асыл қазынаның ішінде ерекше мән беріліп, құрметпен ашылуға тиісті сала – діни құндылықтар. Қоғамымызда көбейіп кеткен адамзатқа жат қылықтардың жолын кесу, ар-ұят, обал-сауап, адал-арам сияқты нормалардың төрден орын алуына қызмет етуі тиіс. География пәні елтану мақсатын көздейді. Өлкетану жинақтарын шығару сол арқылы өз елімнің тарихын, географиясын білу маңызды. Енді экология – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Сондықтан ол сала-салаға бөліп оқытылатын болады. Табиғат экологиясы, адам экологиясы, жан дүние экологиясы, адамгершілік экологиясы деген жаңа тармақтармен оқу сағаттары ұйымдастырылады. Ең жоғары қабатта театр орналасқан. Онда тәрбиелік мақсаттар жүзеге асырылады, үйірмелер жүргізілетін болады. Музыка, бейнелеу өнері пәндері оқытылады. Бастысы, оқушылар өзі қызығатын ортаны өз мектебінен осылайша таба алады екен.