Қаланың түпкір-түпкірінде қаңғыбас иттер қаптап жүр, шеткі аудандарда, ауылдарда тіпті көп. Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – осы. Қазақ ежелден итті жеті қазынаға балап, досындай сыйлаған. Алайда бүгінгі күні дос деп санаған қазынамыз өзімізге шап беруде. Мемлекеттік қордан ақша бөлініп жатыр. Ал нәтиже қайда?
«Балаларымыз тұрмақ, өзіміз де иттен қорқамыз» деп тұрғындар жиі шағымданып жатады. Шеткі аудандардың тұрғындары көшеде таяқ алып жүруге мәжбүр. Бұралқы иттер көбінесе жалғыз емес, топтасып жүреді. Кішкентай бала былай тұрсын, ересек азаматтардың өзіне де қауіп. Күл-қоқыстың арасында жүретін иттерден жұғатын ауру да көп екені сөзсіз. Мемлекеттік бағдарламалар іске қосылғанымен, қаңғыған иттердің саны азаяр емес.
2024 жылы Батыс Қазақстанның Ақсай қаласында аулада жүрген бес жасар бүлдіршінді бұралқы иттер талап тастаған. Нәтижесінде ауыр жарақат алған қыз бала жансақтау бөліміне түсті. Бұл тіркелген бірінші не соңғы оқиға емес. Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, өткен жылдың өзінде 44 мың адамды ит қапқан. Бұл тек медициналық көмекке жүгінгендер саны. Иттен қорыққан халық атып тастауды сұраса, зооқорғаушылар оларға баспана табуды сұрап отыр. «Қара халық күнін әрең көріп жүргенде, иттерді асырап бағуға қыруар қаражат кетіп жатыр» деп өткен жылы халық қызу талқыға салған болатын. Иттерді қорғайтын заң бар. Ал, адамдарды иттен қорғайтын заң бар ма?
Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 15 бабы, 4 тармағына сәйкес «Жануар (жануарлар) адамға, жануарларға шабуыл жасаған жағдайда және (немесе) жануарлар адамның, жануарлардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда» жануарларды жансыздандыруға рұқсат етіледі.
Адам өмірі біз үшін бірінші орында тұру керек. Халық жапан далада жүріп итке шағым жасап жатқан жоқ. Қаланың қақ ортасында, мектеп, аурухана мен саябақтардың айналасында жүрген иттердің көзін жоюды сұрап отыр. Себебі, әрбір ата-ана баласының өміріне алаңдайды. Баласының итке таланғанын кім қалайды? Барлық иттердің көзін жою керек демейміз, тек адам өміріне қауіп төндірмесе болғаны.
Қауіп тек қаңғыған иттен төніп тұрған жоқ. Иесі бар иттердің өзі адамдарға шабуыл жасауда. Өз итін бақылаусыз жіберген азаматтарға қандай жаза қолданылады? Себебі, көшеде кезіп жүрген иттердің көбісінің иелері бар. Алайда, үй жануарына деген немқұрайлықтың кесірінен иттер көше кезіп, азық іздеп жүреді. «Аулаңдағы итіңді қадағалай алмасаң, несіне ұстап отырсың?» деген сұрақ ойға келеді. Әрбір үй жануары жауапкершілікті талап етеді. Қарай алмасаң, мүлдем асырама! Биылғы жылдың басында «Маңғыстау облысында оқушыны иесі бар ит талап тастады» деген ақпарат тарап кетті. Ресми дерек бойынша жеткіншек 16 жасар мектеп оқушысы екен. Жәбірленуші облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Полиция қызметкерлері иттің иесін анықтады. Ит иесіне қатысты әкімшілік кодекстің 407-бабы бойынша хаттама толтырылған.
Біз үшін адам өмірі мен қауіпсіздігі маңызды. Мемлекеттік қазынадан бөлінген қыруар қаражат өз мақсатында толық игерілсе екен деген тілектеміз.