Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен Саяси кеңес бюросының отырысында айтылды.
Облыстық филиалдың баспасөз қызметі хабарлағандай, басқосуда «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін бекітілген Жол картасының орындалу барысы талқыланды. Сонымен қатар Жол картасын жүзеге асыруда орындалмау қаупі бар тармақтар қаралып, ол бойынша жауапты басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Ағымдағы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстарға көз жүгіртсек, облыстық және аудандық Жол карталарының 291 іс-шарасы орындалып, бес жылға жоспарланған бағдарламаның 21%-ы жүзеге асырылған. Жиында БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев құрылыс саласы бойынша жүзеге асырылған шаралар мен орындалмау қаупі бар жұмыстарға тоқталды. Басқарма басшысы Жол картасында белгіленген шаралардың орындалмау факторларын Жобалық-сметалық құжаттардың дұрыс дайындалмауы салдарынан уақытының асып кетуімен немесе мердігерді анықтау үшін тендердің кеш өткізілуімен түсіндірді. Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2500-дей пәтер салу көзделген. Қазірдің өзінде 302,035 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 1439 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда.
Бүгінгі күні 232 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықталған. 26 мыңнан астам тұрғыны бар 21 ауылдық елді мекенде (364 шақырым) күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыс бойынша 10 білім беру және 2 денсаулық сақтау нысанының, 2 мәдениет үйінің, 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Зачаганск кентінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 786 оқушыны қамтитын 4 мектептің құрылысын аяқтау көзделуде. Сондай-ақ 2021 жылы екі 160 орындық дене шынықтыру- сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды.
Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов жол құрылысы бойынша орындалмау қаупі бар көрсеткіштер жөнінде баяндады. Айтуынша, бағдарламада белгіленген шараларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмесе, іске асырылмау қаупі басым. Осы жылы партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша облыстық және аудандық маңызы бар 160 шақырымнан астам автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары басталған. Жол картасында барлығы 127 іс-шара қарастырылған.
Өңіріміздің денсаулық сақтау саласы бойынша орындалмау қаупі бар тармақтар жөнінде айтып өткен жауапты басқарма басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков бүгінгі күні қаланың эпидемиологиялық ахуалы бойынша деректерді тілге тиек етіп, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған тармақтардың жүзеге асырылу барысын жеткізді. Басқармалардан бөлек Жол картасының орындалу барысы жөнінде бірқатар аудандардың басшылары да қысқаша баяндады.
Мәжілісті қорытындылаған «Nur Otan» партиясы БҚО филиалының төрағасы Ғали Нәжімеденұлы облыстық және аудандық партия филиалдары мен жауапты басқарма басшыларына Жол картасында көрсетілген индикаторлардың мерзімінде және сапалы орындалуын ұйымдастыруды, орындалмай қалу қаупі бар 21 іс-шараның жұмысын және нысандарға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырып, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылдады.