Бүгіннен басталған «Болашақ»

Бүгіннен басталған «Болашақ»

Тұңғыш президентіміз Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен өмірге келіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына торқалы тарту болып отырған «Болашақ» халықаралық бағдарламасы дүниежүзінде баламасы жоқ әлеуметтік-мәдени жоба болып табылады. Бағдарлама түлектері әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарында алған білім-білігін қазіргі таңда ел игілігіне жұмсап, жемісті еңбек етуде.

Польшаның іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Адам Мицеквич атындағы Познань университетінің осы жолдар авторы – ғылыми тәлімгерге бергені мол, үйреткен, көңілге тоқытқан тұстары көп болды. Университет солтүстік-батыс Польшадағы ежелгі де ең ірі мемлекеттік оқу орны болып табылады. Оның тарихы бұдан 500 жыл бұрын епископ Ян Любранский негізін салған Любран академиясының мирасымен ұштасып жатыр. Ал, қазіргі заманғы үлгіге сәйкес университет 1919 жылы қайта құрылды. Өзінің бір ғасырлық мерейтойын оқу ордасы 2019 жылы атап өтті. Былтыр ақпанда Слубице қаласында ұйымдастырылған Халықаралық ғылыми конференцияда университеттің ескерткіш медалі осы жолдар авторы мен КазҰУ-дің аға оқытушысы Шарипа Нұржановаға табыс етілді.

Университеттің 15 факультетінде бүгінде 47 мыңнан астам студент білім алуда. Оқу орны Еуропалық одақтың «Еразмус» жобасына, қазақстандық «Болашақ» бағдарламасына мүше болып табылады. Мұнда дүние жүзінің түпкір-түпкірінен келген жастар поляк мәдениетінен сусындау үстінде. Университет поляк тілін әлемге таратып, насихаттауда көп іс тындырып келеді. Поляк тілі және классикалық филология факультеті шетелдіктерге поляк тілін арнайы бағдарлама бойынша оқытып-үйретеді. Польша – мәдениеті биік ел болғандықтан әрі ел экономикасы тұрақты дамып келе жатқандықтан, поляк тіліне деген сұраныс та күннен күнге артып келеді.

Поляк жастарының 85 пайызынан астамы бір немесе екі шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін жетік біледі. Шетел тілдерін оқыту Адам Мицкевич университетінде жақсы жолға қойылған. Оқу орнында ағылшын тілін жастармен қатар егде тартқан кісілер де ықыласпен оқып-үйренуде. Оқу орнындағы түркітану зерттеулерінің негізін белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Хенрик Янковский қалаған.

Университеттің маңдайалды факультеттерінің бірі саяси ғылымдар және журналистика факультеті журналистика, саясаттану, халықаралық қатынастар мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды. Бакалавриат, магистратура, докторантура сияқты білім 4 мыңдай студент білім алуда. Оқу ордасында 90-нан астам оқытушы, соның ішінде 31 доктор мен профессор жұмыс істейді. Сондай-ақ өзге факультеттерден, Познаньның өзге жоғары оқу орындарынан ғалымдар мен кәсіптік орта өкілдері сабақ беруге шақырылады. Практиктер арасында белгілі журналистер, жарнама агентіктерінің мамандары мен баспасөз хатшылары жетерлік. «Журналистика, ақпарат және қоғамдық байланыстар саласындағы коммуникация» мамандығында өндірістік сабақтар көп. Студенттер интернет-радио мен теледидар хабарларын жүргізеді, қоғамдық теледидар үшін апта сайын 15 минуттық бағдарлама әзірлейді. Оқуды тәмамдау үшін редакциялардағы 6 апталық практикадан кейін міндетті түрде сынақша тапсыру керек болады.

Факультет қазіргі үлгімен салынған жаңа да кең ғимаратта орналасқан. Мұнда соңғы техникамен жарақтандырылған студенттік телерадиостудия жұмыс істейді, бұл жерде студенттер өздерінің аудио және тележазбаларын монтаждайды. Студия тілек білдірушілерге сабақтан кейін камера мен диктофон бере алады. Оқу ғимаратында бай кітапхана бар, мұндағы кітап қоры 28000 дана. Кітаптарды есепке алу электрондық тәсілмен жүргізіледі. Студенттер залдағы тұрақты компьютерлерді, сондай-ақ өз ноутбуктерін пайдалана алады. Мұнда өзге шет ел тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де кітаптар мен газет-журналдар бар. Факультет 28 шетелдік оқу орындарымен байланыс орнатқан. Олар негізінен алғанда Еуропалық оқу орындары, сондай-ақ Оңтүстік Кореяда, Тайваньда, Түркияда, АҚШ пен Бразилияда да әріптестері бар. Мұндай ынтымақтастық ортақ жарияланымдар әзірлеу, әріптес оқу орнында тағылымдамадан өту және ортақ конференциялар ұйымдастыру мен зерттеу топтарын құруға негізделеді.

Журналистика бойынша қазіргі таңда БАҚ саласындағы зерттеулер басым. Цифрлы бұқаралық ақпарат құралдарын, таблоидтардың өскелең рөлін, жергілікті деңгейдегі баспасөздің даму үдерістері мен салалық БАҚ-ты, интернет мүмкіндіктерін ой елегінен өткізілуде. Факультет ғалымдары тиімді жарнама тетіктері мен бұқаралық коммуникация үдерісіндегі жаңа технологияларды пайдалануға байланысты БАҚ заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруда.

Қалтасы жұқа студент Еуропа мемлекеттерінің көпшілігіне ұшақпен 2 сағат ішінде жететін, Берлин мен Варшаваның дәл ортасында орналасқан білім қуған талапкер үшін өте жайлы Познань қаласы ғылым мен білім ордасы болып отыр.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
02.07.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 118
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 117
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 633
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 751
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 662
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 676

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8811
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8210
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11437
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9192
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10420