ДАЛА ДАНАСЫНА ТАҒЗЫМ («Мөлдір бұлақ» журналының Абайдың 180 жылдығына орай дәстүрлі эссе жазу байқауы мәреге жетті)

ДАЛА ДАНАСЫНА ТАҒЗЫМ («Мөлдір бұлақ» журналының Абайдың 180 жылдығына орай дәстүрлі эссе жазу байқауы мәреге жетті)

«Qazaqstan dauiri» (бұрынғы «Қазақстан-Zaman») газеті шығып келе жатқалы 33 жыл болды. Газеттің аясында өмірге келіп, тоқтаусыз жарық көріп жатқан балаларға арналған Республикалық «Мөлдір бұлақ» журналына 23 жыл толды. Қос басылым тәуелсіздік жылдарында ақпарат кеңістігінде үздіксіз қызмет етіп, қазақ қоғамына өз ықпалын жасап келеді. Мекеменің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының қолдауы мен қадағалауының арқасында әр жылы белгілі бір атақты тұлғаның атында эссе жазу байқауын өткізіп келеміз. Арғысын айтпағанда, соңғы бес жылда Хакім Абайдың туғанына 175 жыл, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы қарсаңында үлкен шаралар өткізген едік. Міне, енді үстіміздегі жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы әлем бойынша атап өтіліп, ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқан руханиятымыздың темір қазығы, данышпан бабаның өмірі мен шығармашылығы туралы эссе жазу байқауын өткіздік. Алдымен байқау шарттарын жыл басында журналға жариялаған болатынбыз. Қыркүйектен бері қарай жер-жерден көптеген шығармалар келіп түсті. Конкурсқа түскен эсселерді жюрилер оқып шығып, 13 оқушының шығармасын үздік деп тауып, Алматыға шақырдық. Шығармашылық ұстазсыз, жетекшісіз болмайды. Сондықтан шәкірті мен тәлімгерін қатар марапаттаймыз.

Өткізіп келе жатқан бұл шараның түпкі мәні – асылдарымыз бен арыстарымызды тануға, олардың қалдырған қазыналы еңбектерін ұрпаққа насихаттап, жан азығына кенелту. Оның бергі жағында оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятып, шәкірттердің іштей түлеп, жетілуіне жол ашу. Кітап оқыған баланың көкжиегі кеңейіп, санасы сәулеленеді. Ондай шәкірттің ата-анасы мен ұстазының жүгі жеңілдеп, көңілі тынышталып, жайбарақаттанып жаны байыз табады. Абай ата айтқандай, «кітаптағы артық ғылымнан» сусындап, әдебиеті де, мәдениеті де өседі. Ең кемінде байқау талабы бойынша Абай шығармаларын сүзіп шығып, ойын жинақтап жазу машығы арта түседі.

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген тақырыппен өткен байқаудың марапаттау жиналысын Алматы қаласы, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі М.О.Әуезов атындағы кітапханада өткізуді жөн көрдік. Олай етуіміздің де өзіндік себебі бар еді... «Мөлдір бұлақ» шыққалы 23 жыл болғанын айттық. Алғашқы нөмірін он жасында оқыған өспірім осы кезде отыздан асқан азамат болды. Былай айтқанда, қоғамның белді қозғаушы күшіне айналды деген сөз. Содан бері қанша жас тілші, қанша авторларымыз өсіп қатарға қосылды. Мыңдаған оқырмандар жетіліп, заман жүгін арқалап, елге қызмет етуде. Солардың бәрін санамалап отырмасақ та, бүгінде елге танымал алаштанушы, қоғам қайраткері, жазушы Елдос Тоқтарбайды, белгілі журналист, ақын, Астанадағы Абай институтының директоры Айнұр Төлеуді, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының су жаңа лауреаты Әлия Іңкәрбекованы ауыз толтырып айтуымызға болады. Біз таңдаған кітапхананың меңгерушісі журналымыздың күні кешегі жас тілшісі, «Мөлдір бұлақтан» қанаттанып биікке қалықтаған Әлия Іңкәрбекова болатын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас таланттарға Әлияны көрсетіп, таныстырдық. Әлия да тереңінен қозғап, тебірене толқып тұрып, шәкірттер мен ұстаздар алдында жүрекке жететін жылы сөзін айтты. Қолына енді ғана қалам алып, ақ қағазды өрнектей бастаған балаларға үлкен шабыт, оңды мотивация болды.

Одан ары жазушы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғали, этнограф жазушы, қоғам қайраткері Абай Мауқара, ақын, аудармашы, «Алаш» сыйлығының иегері Саят Қамшыгер қатарлы танымал тұлғалар сөз сөйлеп, жүлделі орынға ие болған оқушыларға мақтау грамоталары мен сыйлықтарын тапсырды. Мекеменің қызметкерлері Раиса Қалдыбайқызы, Гауһар Тұрсынқожақызы, Гүлшат Бақытжанқызы, Жайдары Тілепберген алыстан келген қонақтарымызға мейлінше қызмет етіп, біреуі сыйлықтарын үлестіріп, біреуі фотоға түсіріп, енді біреуі ыстық шайын беріп, тік тұрып қызмет көрсетті.

Жылда шәкірттерді марапаттап жүрген біз, әр баланы ұмытып қалсақ та, бұл байқауға мыңдаған шақырым жол басып, Алматыға келіп, қуанышты сәттерін өткізген бала бұл сәтті ешқашан ұмытпайды. Бұл сапар оның өміріне үлкен өзгеріс әкеліп, тағдырына тамаша естелік болып қалатыны сөзсіз. Осы балалардың бәрі қаламгер болып қалыптаспаса да, ең кемінде екеуі әдебиет пен өнердің айналасында қалса, ол да қазақ елі үшін үлкен олжа болар еді. Ешкім туада білімді болып келмейді. Үйрене жүріп, көре жүріп, оқи жүріп, жаттыға жүріп шеберге, көл-көсір білімге ие болады. «Ұзақ жорық алғашқы қадамнан басталады» деген сөз бар. Жазуға жетекшілік еткен ұстазының, Алматыға алып келіп жүлдесін алып қайтқан ата-анасының бүгінгі еңбегі оның болашағы үшін салынған инвестиция екені анық. Тәрбие мен берілген білім ұштасып, бала бойында жемісін берсе, күні ертең елдің мақтанышы болары анық.

Алдыңғы жылы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында марапаттауды өткізген едік. Ауа райы кенеттен құбылып, қалың қар жауып, дауыл тұрып кетті де, жол жабылып, келе жатқан үш лауреат жолда тосылып, Алматыға өз уақытында жете алмай қалды. Биыл Құдай оңдағанда ауа райы ашық, күн жылы болды. Қонақтарымыз белгіленген мерзімінде М.Әуезов кітапханасына дер шағында жетіп, жиналысымыз 28 қараша, айтылған 11:00-де басталды. Арнайы шақырған әншіміз Жұматай Сұлтанұлы да көпшіліктің құлақ құрышын қандыра ән салып, әнші, композитор Дәнеш Рақышты есімізге түсірді. Ақын-жазушы ағайлар да кең көсіліп сөз айтып, мақтаулы ұл-қыздарды марапаттап, сыйлықтарын берді. Жүлделі оқушылар Абайдан өлең оқып, қара сөзден кесімді ой толғады. Жүйріктерін баптап, жүлделі орынға жеткен жетекшілер де жүрек сөздерін ірікпеді. Олар да бір желпініп, жеңілдеп қалды. Әсіресе, бас жүлдеге ие болған шәкірт Айша Қанарбек Абайдың ұзақ толғауын жаңылмай, мүдірмей, нәшіне келтіріп жатқа оқып шықса, бапкері Маратбек Жантаев жыраулар мен шешендердің көркем ой кестесін әуезді үн, көтеріңкі жігермен төгіп-төгіп тастады. Алыста-жақыннан келген қонақтар бұл шәкірт пен ұстаздың бекерге бас жүлде алмағанын көріп, көңілдері көтеріліп, бастарын изеп, шапалақ соқты. Сонымен байқаудың жеңімпаздары кімдер?

Бас жүлде:

Айша Қанарбек, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылы Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп гимназиясының 9 «А» сынып оқушысы. Жетекшісі: Джантаев Маратбек Қазбекұлы. 

Бірінші орын төртеу: 

1) Біржан Ағзам, Абай облысы, Жарма ауданы, Т.Хасенұлы атындағы мектептің 11-сынып оқушысы. Жетекшісі: Жармагамбетова Галия Капашовна. 

2) Алихан Серікбол, Жетісу обьлысы, Текелі қаласы, 8-мектептің 9-сынып оқушысы. Жетекшісі: Есболова Кулянда Мукаметкалиевна 

3) Альбина Алтынбек, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Наурызбай батыр Құтпанбетұлы атындағы мектептің 10-сынып оқушысы. Жетекшісі: Асемжанова Анар Ыбыраевна 

4) Есіл Қызырбек, Павлодар обылысы, Успен ауданы, Қызылағаш ауылы, М.Мәметова атындағы мектептің 9-сынып оқушысы. Жетекшісі: Оразбаева Айдана Бекмұратовна 

Екінші орын бесеу: 

1) Инабат Қыдырбайқызы, Алатау қаласы, 6-мектептің 11-сынып оқушысы. Жетекшісі: Керуенова Гулнар Жазыбаевна. 

2) Әсет Бахтыбек, Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Ғ.Мүсірепов атындағы 86-гимназияның 11-сынып оқушысы. Жетекшісі: Унербаева Айнур Аблазимовна. 

3) Қарақат Амангелді, Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, 208-гимназияның 11-сынып оқушысы. Жетекшісі: Куатбекова Керемет Оразбековна. 

4) Ақнұр Асқарбек, Алматы қаласы, Алатау ауданы, 169-лицейдің 11-сынып оқушысы. Жетекшісі: Нүсіпова Нұргүл Байдалықызы. 

5) Айханым Жапар, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Шекарашы орта мектебі 9-сынып оқушысы. Жетекшісі: Самал Ерболатқызы. 

Үшінші орын үшеу: 

1) Бағлан Минут: Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Ақшолақ орта мектебі 7-сынып оқушысы. Жетекшісі: Налибаева Кулимхан Дуйсеновна. 

2) Айару Жеңіс, Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Аралтөбе мектебі 8-сынып оқушысы. Жетекшісі: Додабекова Айнакул Екеновна. 

3) Жасмин Жатқанбай, Жамбыл облысы, Меркі ауданы, №22 мектептің 7-сынып оқушысы. Жетекшісі: Елубаева Феруза. 

Жылдағы дәстүрлі эссе жазу байқауының өтуін қолдап демеушілік жасаған «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің бас директоры Сәуле Мешітбайқызына, аталы сөзін айтып, шараның басында болған «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы бастаған ұжымның қызметкерлеріне, арнайы қонақтарымыз қаламгерлер Абай Мауқара мен Саят Қамшыгерге алғыс айтамыз. Асқақ дауысымен ән шырқап, қонақтардың көңілін көтерген Жұматай Сұлтанұлына, марапаттаудың ойдағыдай өтуіне барынша көмек көрсеткен Әлия Іңкәрбекова бастаған М.Әуезов кітапханасының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз!

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, 

«Мөлдір бұлақ» журналының 

бас редакторы 

11.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20923
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20708
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35842
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34356
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38239