Ұлттық мұраның
жаңа тынысы

Көшпенділер ойындары – ұлттық спортты бір сәттік мерекеге айналдыру үшін ғана өткізілетін жарыс емес. Оның маңызды міндеттерінің бірі – дәстүрлі спорт түрлерін сақтап, оларды жаңа буынға жеткізу.
Бүгінде қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан бастап, ат спортының бірнеше түріне дейін халықаралық жарыстардың бағдарламасына еніп отыр. Бұл – ұлттық мұраның заман талабына бейімделіп, жаңа кеңістікке шығып келе жатқанының белгісі. Өйткені дәстүрді сақтау – оны тек өткеннің еншісінде қалдыру емес. Оны бүгінгі ұрпақтың қызығушылығына айналдырып, дамуына жағдай жасау.
Осы тұрғыдан қарағанда, Көшпенділер ойындарындағы әрбір жеңістің тәрбиелік мәні де бар. Жас спортшы үшін халықаралық додадағы жеңіс – тек медаль емес, еңбектің нәтижесі.
Қазақ пен қырғызға
ортақ құндылық
Көшпенділер ойындарының Қырғызстанда өтуі де айрықша мәнге ие. Қазақ пен қырғыз халықтарының тарихында жылқы мәдениеті, ат үстіндегі ойындар, дәстүрлі спорт түрлері мен салт-дәстүрлердің өзара сабақтастығы бар. Сондықтан бұл жарыс екі ел арасындағы спорттық бәсекемен ғана шектелмейді. Ол – ортақ мәдени мұраны танытатын халық- аралық алаң.
Бір жерде қарсылас болған спортшылардың екінші сәтте бір-бірінің өнеріне құрметпен қарауы – спорттың осындай ортақ құндылық қалыптастыратын күшін көрсетеді.
Көшпенділер ойындарының мәні де осында. Әр халық өзінің дәстүрін алып келеді, өз өнерін көрсетеді. Ал сол өнерлердің тоғысында ортақ тарихтың ізі байқалады.
74 медаль –
меженің соңы емес

Қазақстан құрамасының 74 медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуы – ел спорты үшін елеулі нәтиже. Алайда кез келген жеңістің ең үлкен мәні – одан кейінгі қадамда.
Бүгінгі чемпиондардың жетістігі ұлттық спортқа қызығатын жаңа буынның көбеюіне жол ашса, бұл нәтиженің мәні одан әрі арта түседі. Өйткені спорттағы сабақтастық бір жарыстың нәтижесімен емес, жылдар бойғы еңбекпен қалыптасады.
Көшпенділер ойындары қазақтың ұлттық спортының өткеннен қалған мұра ғана емес, бүгінгі бәсекенің де бір бөлігі екенін көрсетті.
Тұлпардың дүбірі, балуанның белдесуі, мергеннің дәлдігі, тоғызқұмалақтағы ұтымды жүріс – мұның бәрі қазақ мәдениетінің әр қырын танытады. Ал көк туымыздың халықаралық додада биікте желбіреуі – сол мұраның бүгінгі ұрпақ қолында жалғасып келе жатқанының көрінісі.
Ұлттық спорттың жеңісі – ел тарихының жалғасы. Ал сол тарихты келер ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның жауапкершілігі.
Көшпенділер ойындарындағы бұл жеңіс – жай ғана медаль саны емес, ұлттық спорттың өміршеңдігінің көрінісі. Бабадан қалған өнер бүгінгі ұрпақтың қолында жалғасып, әлемдік додада өз биігін танытты.
Тұлпардың дүбірі басылғанмен, оның үні жүректе қалды. Бабадан жеткен өнердің халықаралық додада мойындалуы ел үшін қуаныш, жас ұрпақ үшін үлгі. Ендеше, бүгінгі жеңісті бағалап қана қоймай, оны ертеңгі ұрпаққа жеткізу – біздің міндет. Рухы мықты елдің тамыры терең, ал тамыры терең елдің болашағы берік.
Гүлфия ЕЛЕМЕСОВА
















