Біз білмейтін тіршілік
Біздің сұхбаттың кейіпкері тек музыкаға ғана емес, ғылымға да өз үлесін қосқысы келеді. Дамир ғылымның ерекше түрімен айналысады. Оны достары мен ұстаздары «құмырсқа патшасы» деп атайды. Еңбекшіл құмырсқалардың неліктен қызықтырғанын және олар жайлы қызықты мәліметтерді өзінен сұрап білген едік.
– Қазіргі таңда ғылымның түр-түрі қарыштап дамып келеді. Сен үшін құмырсқа зерттеудің қандай ерекшелігі бар? Құмырсқа өсіру жайлы идея неден басталды?
– Мен құмырсқалардың тыныс-тіршілігі жайлы әлеуметтік желіден көрдім. Кейін қызығушылығыммен құмырсқаларды асырап көргім келді. Солай құмырсқалардың өмірін зерттей бастадым.
– Құмырсқалардың өмір сүру салты қандай екен? Адамдармен ұқсастықтары бар ма?
– Құмырсқалардың да адамдарға ұқсастықтары бар. Олар әлеуметтік жағдайда адамдар сияқты өмір сүріп, бір-бірімен сөйлеседі. Әрбір құмырсқаның өзінің қызметі бар. Бір құмырсқа азық жинап, дән тасыса, келесі құмырсқа мемлекетін қорғайды. Сонымен қатар аналық құмырсқаның жағдайын жасап, тамақ беріп отыратын қызметші құмырсқалар болады.
– Олардың өмір сүру ерекшелі қандай? Адамдар үшін үлгі етіп алар қасиеттері бар ма?
– Құмырсқа жалпыға еңбекқорлығымен белгілі. Оларды зерттеп бастағаннан-ақ тынымсыз еңбектеріне таңдандым. Кішкентай жәндік дегенімізбен, болашақ ұрпақтары үшін тынбай еңбек ететін ерекше жаратылыс. Адамдар құмырсқаның еңбекқорлығы және ынтымақ-бірлігін үлгі етуі керек деп санаймын.
– Коммуникациялық байланысы қалай? Бір-бірінің тілін қалай түсінеді?
– Олардың басында екі мұртшасы болады. Сол арқылы байланысады. Мұртшасы тиген нүкте бір сөз. Сосын олардың байланыс құралы ретінде иіс сезу мүшесі жақсы дамыған. Яғни бір тамақ тапса, сол жерден үйіне дейін иістен жол салады. Сол арқылы өзге де құмырсқаларды шақырып, тапқан азығын бірлесіп үйіне тасиды.
– Денесінің биологиялық құрылысы қандай?
– Құмырсқаның денесі түктен тұрады. Ол түктері арқылы дірілмен (вибрация) сыртқы дауысты естиді. Сонымен қатар құмырсқаның 5 көзі бар. Екі көзі дәл адамдікіндей, ал үш көзі төбесінде орналасқан. Төбесіндегі көздерімен күннің батуын, шығуын, табиғи құбылыстарды анықтап отырады. Себебі кейбір құмырсқалар күндіз, кейбірі түнде жұмыс жасайды.
– Олардың неше түрі бар?
– Негізі құмырсқаның 14 мың түрі бар. Бірақ олардың танылмаған, зерттелмеген түрлері де жетерлік. Мысалы біздің елімізді алар болсақ, Қазақстан өте үлкен, бірақ адам тұратын жерлер аз, жазық даласы көп. Бізде сол адам тұрақтаған жерлердегі құмырсқалар ғана зерттелген. Ал жазық далада мүлдем басқа түрдегі құмырсқалар болуы мүмкін.
– Құмырсқалардың илеуін зерттеп көрдің бе?
– Құмырсқаның ұясына ағаш салып, қышқылының дәмін барлығы бала кезінде татып көрген шығар. Илеуі жерден қазып алған болып көрінгенмен, ішкі құрылысы тунельдерден тұрады. Азық жинауға, дернәсілдерді өсіруге арналған жеке бөлмелер және аналық құмырсқаның жеке бөлмесі болады. Құмырсқа илеуінің ішкі құрылысы әлеуметтік желілерде бар. Мен қазып қарамадым. Егер зерттейтін болсам, илеуін бұзып, құмырсқаларды өлтіріп аламын. Біз құмырсқаға көп мән бермейміз, абайсызда немесе әдейі улап, өлтіріп жатамыз. Менің естуім бойынша егер құмырсқа адамға зиянды әрекет жасаса ғана өлтіруге рұқсат делінген.
– Құмырсқалардың қандай қызметтері бар?
– Қанатты құмырсқалар – аналық құмырсқа. Аналық құмырсқа жұмыртқаға жауапты. Ал аталық жұмыртқа пайда болған соң өліп қалады. Құмырсқа мемлекетінде жұмысшылар – аналық құмырсқалар. Ал аталық құмырсқа тек аналықпен қатынас үшін қажет. Олардың мемлекетіндегі барлық мәселені шешуші – жұмысшы құмырсқалар. Кейбір құмырсқaлaрдың кəсібі – бaсқaлaрды тaлaу, соғыстa қолынa құл түсіріп aлып, жұмысқa сaлу болaды. Кейбір құмырсқа түрлері құл иеленеді. Бұлaр əуелі бaсқa тұқымдaрдың илеуіне бaршы жібереді. Бaршы илеудің есік-тесігін біліп қaйтқaн соң, илеуінің төбесіне жиылысып, құмырсқaлaр кеңес құрып, шабуыл жасайды. Дегенмен олар өте ұйымшыл. Бір құмырсқа өз идеясын айтса, барлығы бірге талқылап, мәселеге шешім табыды.
– Бір аналық қанша құмырсқаны өмірге әкеле алады?
– Түріне байланысты бөлінеді. Мысалы бір құмырсқадан 100-200, ал кейбірінен үлкен отряд көлемінде құмырсқа өмірге келеді. Алдымен жәй жұмыртқа күйінде 3 күн жатады, кейін жұмыртқа ішінен дернәсіл пайда болады, сол дернәсілдерді жұмысшы құмырсқалар жиырма күндей тамақтандырады. Солай құмырсқа деңгейіне дейін өсіп жетіледі. Ересек құмырсқалар жаңа пайда болған құмырсқаға өмір сүру салтын үйретеді. Жаз мезгілінде қыстық азық жинайды, келесі жазға дейін жұмырқаларды тамақтандырады. Негізінен құмырсқа жұмыртқасы сол күйінде 3 жылға дейін сақталады. 1-2 жылдан кейін тамақтандырса да тіршілігін жалғастыра алады. Егер 3 жылдан асып кеткен, дамып, жетілмеген жұмыртқа болса, оны ересек құмырсқалар жеп қояды.
– Әлсіз тұстары, қандай да бір аурулары бар шығар?
– Иә, оларда саңырау құлақ ауруы (грибок) бар. Ондай жағдайда құмырсқа өз көлемінен үлкейіп, ісінеді. Ауру жұқтырған құмырсқаны өздерінің бойынан бөлетін қышқылмен емдеп, залалсыздандырады. Сонымен қатар құмырсқаның адам ауруларына да пайдасы бар. Мысалы құмырсқа қышқылы буын ауруларына емдеу мақсатынды пайдаланады.
– Табиғат құбылыстарының құмырсқа өміріне әсері қандай?
– Мысалы құмырсқа шықса, күн жылынады деп жатамыз. Бірақ ол нәрсе әлі дәлелденбеген. Бірақ құмырсқа жер үстіне шыққаннан соң қатты суық болмайды. Бір қызығы құмырсқалар өте жылдам жүреді екен. Себебі егер асықпай жүретін болса, жердің ыстығынан күйіп кетуі мүмкін. Табиғат құбылыстарын алдын ала сезуі олардың үлкен ерекшелігі. Сол арқылы өз илеулерін судан және тағы басқа апаттардан сақтайды. Жаңбыр жауса суды сыртқа ағызатын қалқандарды жасап қояды. Илеуінің кірер жеріне тас немесе жапырақпен есік жасайды. Олардың илеуінің тереңдігі бізде 2 метр болса, Оңтүстік Америка құмырсқалары 50 метр тереңдікте тіршілік етеді.
– Жалпы құмырсқалардың біз көріп жүргені көзге көрінер-көрінбесі. Көрген ең үлкен құмырсқамыз қызыл құмырсқа болар. Басқа аймақтарда одан үлкен түрлері бар ма?
– «Муравей бульдок» деген бар. Оның ұзындығы 4 см болады және улы келеді. Құмырсқаның ең үлкен түрі Аустралияда, Оңтүстік Қытайда деп есептелінеді. Олардың аналығы 3-3,5 см, жұмысшысы – 3 см. Біздегі құмырсқалар көлемі 2 см-ге шақ. Сонымен қатар Оңтүстік Америкада «Муравей Динозавр» деген бар. Оның көлемі 3,5 см. Бір қызығы оларда аналық немесе жұмысшы деген жоқ, бәрі аналық. Дегенмен өз араларында шайқастар болады, жеңген құмырсқа аналық болады, ал қалғандары сол құмырсқаға қызмет етеді. Жалпы құмырсқалар ұжымдық өмір сүруге қабілетті. Жалғыз құмырсқа бірден өліп қалады.
Бүгінде Дамир шетелдік зерттеушілермен тығыз байланыста. Көп таралмаған ерекше ғылым түрімен айналысатындар қатарынан Қазақ елінің азаматы болуы үлкен мәртебе. Кішкене ғана жәндіктің тынымсыз еңбегімен, пайдасын, әлі зерттелмеген тың құпияларын ашқысы келеді. Ерекше ғылыммен айналысатын «Құмырсқа патшасына» туыстары мен жақындары әр түрлі аймақтан, мемлекеттерден құмырсқа тарту еткен. Қазір оның қоржынында Малайзия, Филиппин, АҚШ, Қытай, Қазақстан және т.б мемлекеттердің құмырсқалары бар.
Газет ұжымынан үлкен жүректі «Құмырсқа патшасына» сәтілік тілейміз. Болашағың жарқын, еңбегің жемісті, талабың таудай болсын, Дамиржан!
Өнер мен ғылымды қатар тізгіндеген жеткіншек
Дамир туралы қысқаша мәлімет: Елімізде талантты жастардың өте көп екені белгілі. Тек олардың танылуы қиын. Сондай жас таланттың бірі Абдіғани Дамир Мұратұлы. Ол Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектептің 11 сынып оқушысы. Ол бірінші сыныптан өнер мектебіне қадам басып, пианиноны жанына серік еткен. Музыканы жанымен сүйетін Дамир ұстазы Жакеева Гүлназдан тәлім алып, бірнеше конкурстардың жеңімпазы болып үлгерген. Халықаралық музыкалық конкурстардан, атап айтсақ, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық конкурсының 2 мәрте дипломанты, лауреаты, Байсейтов конкурсының лауреаты, «Пиано фест» конкурсының 2 орын алған жүлдегері. Новосибирск қаласында 4 мемлекет қатысқан үлкен конкурстан Иоганн Себастьян Бах, Людвиг ван Бетховен мен орыс композиторы Александр Егорович Варламовтың шығармаларын орындап, жүлделі орынды иеленген. Сонымен қатар Дамир Абай Құнанбайұлының «Айттым саған, Қаламқас», Дәулеткерей Шығайұлының «Қосалқа», Ахмет Жұбановтың «Тәжік билері» шығармаларын, Людвиг ван Бетховеннің «17 сонатасын», Феликс Мендельсон «Песня без слов», Пётр Чайковский пьессаларын ерекше махаббатпен орындайтынын айтты. Жас таланттың музыка саласындағы жоспар-мақсаттары көп. Композиторлықты жанына серік етіп, дыбыс режисері (операторы) болуды армандайды. Болашақта Вена немесе Милан музыкалық консерваториясына түсіп, әлемдік музыканттардан сабақ алып, бір сахнада өнер көрсетуге ниетті.