ДАНАЛАР ЖАЙЛЫ ДАСТАН (тарихи романнан үзінді)

ДАНАЛАР  ЖАЙЛЫ  ДАСТАН (тарихи романнан үзінді)

ҚР Мемлекеттік сыйлығына шығарма

...Барлығы үйден шығып кеткеннен кейін, жалғыз қалған Сырлыбай би сыртта жүрген бәйбішесі Күнқияшты шақырды. Ол Тобажанының екі жасар ұлы Көпбергенді көтеріп кіріп, отағасының жанына тізе бүкті. Бала әжесінің қолынан сытылып шығып, атасының алдына барып отырып алды. 

– Өй, айналайын, атасының баласынан, – деп, немересінің басынан бір иіскеп алды да, Сырлыбай бәйбішесіне мойын бұрды. – Қияш-ау, балаларың «Сыр бойындағы алты Кішкененің ақсақалдарының батасын аламыз» деп қопаңдасып жүр ғой. Саған да айтатын шығар. Жаңа осы арада өзді-өздері келісіп алып, шаруаларына кетті ғой, түге, – деді, бұған біраздан бері өзі түрткі болып жүргені жайлы айтқысы келмей.

– Әбден дұрыс болған, хан ием. Мұндай ой көптен бері мені де мазалап жүретін. Бірақ айтуға бата алмайтын едім...

Күнқияш бұрынғы әдетінше биге «хан ием» деп сөйлейтін. Отағасы алғаш танысқан кездерінде мұны еркелетіп Қияш деп атап кеткен-ді. Екеуінің арасында жас кездерінен қалыптасқан осы шынайы сыйластық әлі бұзылып көрген емес. Бүкіл Қазанбай аталығының қадірлі келіні атанған Күнқияшты ерекше қадірлеп, қажет болғанда, тіпті, ақсақалдар да ақыл сұрап отыратын. Сондықтан да Сырлыбай бәйбішесін айрықша сыйлайтын. Әрбір осындай іске оның қатысқанын қалайтын. 

Қазір де болған әңгімені түгел айтып, соңында:

– Сол белгіленген күнге дейін өзің де дайындала бер. Әрбір аталықтың қарияларына, белгілі билер мен болыстарға беретіндеріңді түгенде. Бүгін балаларың тізім жасап, маған әкеліп көрсетпек. Соған бір көз салсаң, кімге не беретінің белгілі болмай ма?

– Әрине, кебежелерімді ақтарып көрейін. Егер жетпестей болса, онда Нүркенжанға айтармын. Қонақтарды құрқол жібермегеніміз дұрыс қой. Бәрі балалардың мерейі, Кеулімжайымның садақасы. 

 Күнқияштың жанарлары жасаурап, алқымына бірдеңе кептеліп қалғандай тұншығып бара жатты да, көз жасын көрсеткісі төмен қарады. 

– Қияш, қой енді егіле бермей... Құдай өзі берді, өзі алды. Қалғандарын аман қылсын! Алланың ісіне олай шек келтіруге болмайды ғой. Шүкіршілік ет... – деп, Сырлыбай өзінің де даусының дірілдеп бара жатқанын сезіп, қайта ширығып алды. – Абысын-ажындарыңды, келін-кепшіктеріңді жинап алып, олармен де ақылдасқаның жөн болар. Бәрі біліп отырсын...

– Мақұл, хан ием...

Күнқияш орнынан тұрып, атасының алдында отырып қалғи бастаған Көпбергенді көтеріп алып, кіші отауға қарай кетті. Сәлден соң,  Сырлыбай да сыртқа шықты...

...Тамыздың шеке қыздырар шыжыған алғашқы жартысы өтіп, межелі уақытқа үш күн қалғанда, Сараманның мұнарасы салынған биік дөңнің батыс баурайы мен одан төменірек, жебе жетер жерде айнадай жарқырап жатқан Қақкөлдің аралығына Сырлыбайдың ауылындағы ең сәнді деген сегіз үй сап түзеді. Бәрі он екі және сегіз қанатты үйлер. Дөдегеден бастап уықбау, желбау мен басқұр дейсің бе, бәрі де сәнді безендірілген. Терудің қазақы, түрікпен түрлерін қолданып түкті, түксіз, қақпа әдістерімен тоқылып, ою-өрнектердің қошқармүйіз, сыңармүйіз, жапырақ, балықкөз, жүйрікше, үшбұрыш, қиықша, толқын, жыланшық, әйтеуір, небір ғажаптары салынған бұйымдардың бәрі де осы үйлердің жасауларынан табылатындай.

Селеуі, жусаны, мысыққұйрығы, өлеңшөбі мен бидайығы әбден қурап, даланың сартап тартып, тек Қақкөлдің жағалауындағы ызалы жерлер ғана, аз да болса көз тартып тұрған кез бұл. Көл жағалай өскен ажырық пен майса құраққа малдың тісі тимеген. «Ауылдың үстін шаң басады» деп, Сырлыбай көлдің маңына, әсіресе, шығыс бетіне мал жайғызбайтын.

Жабай басқаратын жылқышылар-түйешілердің қосындары Тоқашаның шығысын алып жатқан «Бабақтың Аққұмы» деген жерде. Ал қалған түліктер «Қауыншының  жалын» жайлап отыр.  Ондағы қосындарға Байқадам мен Жақсымұрат екеуі басшылық етеді. Жаз бойына қонақ-қопсы мен отбасының ішім-жеміне арналған бойдақ малдар мен азын-аулақ жандықтар Сараманның шығысынан екі-үш шақырымдай жердегі Қараөзек бойында.

Бүгін қонақтардың алды осы ауылға құлайтын күн. Таң біліне бере-ақ мұнда нағыз қарбалас басталған. Әр үйге қызметшілер мен жауапты адамдар белгіленіп, дастархандар жайылып, оларға қойылар азық-түліктер мен басқа керек-жарақтар жеткізіліп жатыр. Күнқияш бәйбіше мен Нұрқожа бастаған топтар әр үйдің дайындықтарын тексеріп жүр.

Таңертеңгі салқынмен аттарына қонған Нұрман мен Тобажан бастаған жігіттер бәйге аттарын жіберетін, көтерме болатын жерлерді жаңа анықтап келіп, енді мәре сызығын белгілеп әуре. Жақсымұрат пен Нұралы екі жүздей қонаққа есептеп, жігіттерге мал сойғызып жатыр. Қатын-қалаш ішек-қарын тазалап, қазы айналдырып жанталасуда. Әзір екі жабағы, екі ту бие сойылып, жіліктеліп, қазанға сала беретіндей етіп дайындалуда. Алғашқы қымызбен берілетін қуырдаққа қырық марқаның еттері туралып қойылған. Бұлар тек бірінші күнге ғана есептелінгендері. 

Көлдің арғы басына тігілген бірнеше қараша үйдің маңында қырық-елу ісек пен тоқты-тобыр ажырыққа кенедей қадалып жатыр. Барлығы да семіз, құйрықтарын тарта алмайды. Көл жағасындағы салқын сабатта оннан астам дөнежін, құнажын байталдар жайылуда. Арасында үш-төрт жабағы көрінеді. Екі жылқышы екі қапталға шығып, оларды анадай жерден аңдуға алып жүр. Кейінгі күндердің қонақасысына осылар сойылмақшы. Кешкі, түскі сойыс малдарын қамайтын сексеуіл мен жыңғылдан жасаған шартақтар да дайын. 

Сап түзеген сегіз үйдің екі он екі қанаттысының бір-бір қанатын алып тастап, жапсарлас тіккен. Екеуінің де есіктерін қатар шығарып, алдынан төрт қанат керегеден ұзынша дәліз жасалған. Бұл қосарлы үйге ру басылары мен ең қадірлі деген қонақтар кіргізілмек. Алып үйдің екі қанатында үш-үштен сегізқанатты үйлер бой көтерген. Еңселері биік, жұмыртқадай аппақ.

Сараман мұнарасының жанына бағана келген Сырлыбай бәрін сырттай бақылап, балаларына разы боп тұр. Ол анда-санда алақанын көлегейлеп жан-жаққа қарап қояды. Бұл арадан жанардың жарығы жетер жердегі қарайғандар түгел көрінеді. Қонақтардың алды сәскетүс әлетінде құлайды деп есептеген ол, үйде тағат тауып отыра алмай осында келген еді.

Ешкім көрінбеген соң, Сырлыбай Сараманның мұнарасының шығысқа қараған есігінен ішіне енді. Ол мұнда талай рет келген. «Осында жерленген адам мұсылман болсын, басқа болсын, әйтеуір, аруақ қой, Алла кешірер» деп, талай рет дұға оқыған. Қазір де босағадан аттай беріп, тізелерін бүкті. Қысқа аяттардың бір-екеуін оқып бата жасағаннан соң, қабырғасының қалыңдығын тағы да қарыстап өлшеді. Төрт қарыс және сынық сүйем болды. «Ішкі жағы екіжарым қам кесектен, сырты күйдірілген екі тең төртбұрышты кірпіштің қалыңдығында өрілген мұнараның қай заманда салынғанын ешкім білмейді. Ішінен қарасаң, төбе бөлігінің өзі киізүйдің биіктігіне жетеғабыл. Сыртынан қарасаң, шамасы он құлаштан кем емес-ау. Сонда екі орта бітеу ме? Бітеу болса, ішінде не бар?! Жерлеу орны ма? Әлде, қарауыл мұнара ма?! Мына айналма баспалдақ бұрын төбеге дейін жеткен бе? Жас кезімде де осыған бір шығып көрмеппін ғой» – деді Сырлыбай. Сосын: «Қой, қонақтар келіп қалар, қайтайын», – деп, сыртқа шықты.   

Ол көлдің жағасындағы үйлерге жақындағанда, Ыңғай даласы жақтан жиырма-отыздай салтаттылар көрінді. Бұл Қызылқұм беттегі жайлаулардан келе жатқан қонақтар еді. Көп ұзамай, жаңа өзі барып қайтқан Сараманның арқажақ қапталынан да қырық-елу салтатты қылаң берді. Қызметшілер екі қанатқа бөлініп, қонақтарды күтіп алуға шықты. Сырлыбай би мен балалары қосарлы үйдің артындағы кішкене дөңеске шығып тұрған еді. Аттарынан тез-тез түсіп, қарсы алған жігіттерге тізгіндерін ұстата салған қонақтар бел жаза жаяулап, екі жақтан шұбала шеру тартып, бұларды бетке ұстады. Қызылқұм жақтан келгендер сәл озықтау.

Барлығының жүздері Сырлыбайға таныс. Тек біраздан бері кездеспеген соң ба, көпшілігі толысқан, жастары тоқтасып, мосқал тартқандай. Арасында мойындарына күміс медаль тағып, қақырайған зерлі қалпақ пен зерлі шапан кигендер де; шідерлерін үзетін асаулардай шалқая шіреніп, шекесінен қарап келе жатқан майы шыққан жылтыр бет, мойны жуандар да; көнетоз түйежүн шекпен мен түлкі тымақ киген қарапайымдар да бар. Алайда көбі-ақ ығайлар мен сығайлар. Мыңдап жылқы айдаған байларды да, өздері жарлы болғанмен ондайларды қасқая тұрып уытты тілдерімен түйреп тырп еткізбейтін ділмар, қужақ шешендерді де Сырлыбай жазбай таныды. Ол ең алдымен, Қызылқұм жақтан келген һәм өздеріне жақындап қалған қонақтарға қарай ығысты...

...Шақырылған қонақтардың соңы зауал ауа келіп болды. Бірлі-жарым кешіккендер болмаса, түгел жиналған соң, абыр-дабыр басылмады. Біраздан бір-бірін көре алмай жүрген нағашылы-жиенді, жезделі-қайынінілі ағайын-туыстардың әзіл-қалжыңы, амандық-саулық сұрауы да көпке созылды. Іргесі түріліп тасталған үйлердің іші араның ұясындай қожылдайды.

Қосарлап тігілген үйге жалпы есебі алпыстан астам адам жайғасқан. Керегелердің қосақталған тұсында жамылғы болмаған соң, барлығы да бір-бірін түгел көріп отыр. Марқаның майлы қуырдағы мен піскен салқын етінен, қазы-қарта мен жал-жаядан ауық-ауық ауызға салып қойып, сарала қымызды сыздықтата сімірген сабаздардың бірсыпырасы аздан соң ыңырана сөйлеп тіс шұқуға көшкенде, Сырлыбай ортаға қарап сөз бастады.

– Уа, қадірменді туыстар, ардақты аға-інілер! Сіздерге айтар кебім бар, аз ғана құлақ түріңдер! – Сырлыбай бидің саңқылдаған даусы шағын ауылдан да асып, көлдің жағасындағы көк құраққа қисая-қисая кеткен қызметшілерге дейін естіліп жатыр. Манадан бергі абыр-сабыр мен әңгіме-қауға басылып, бәрі бас отау жаққа құлақ түрген. – Сіздер: «Айт жоқ, той жоқ, Сырлыбай сонша жерден ат сабылтып бізді неге шақырды? Бүкіл уезге белгілі ығайлар мен сығайларды жинап ақылдасардай не болды? Әлде, байлығы жетіп жатқан соң, соны шашар сылтау іздеді ме?» деп отырған шығарсыздар. Өздеріңізге хабар тигелі бері сондай болмаса да, сол тектес сауалдардың көңілдеріңіздің түкпірін ауық-ауық түрткілеп жүргені рас қой. Солай ма?!

Қас-қағым сәт үнсіз қалғандар арасынан бірте-бірте: «Иә, шынында, түсініңкіремей отырғанымыз рас», «Әйтеуір, себебі бар болар?», «Осынша адамның басын бостан-босқа қоспаған боларсыз, Сәке?» деген сөздер айтыла бастағанда, Сырлыбай әңгімесін қайта сабақтады.

– Онда тыңдаңыздар! Бұл басқосудың себебі жоқ десе де, бар десе де болады. Жоқ дейтінім: сіздерді сонша жерден сабылтып, ақылдасатындай отбасыма, бала-шағама қатысты ешнәрсе болған жоқ. Ал бар дейтінім: ойды ой қозғап, балаларым қостап, бұрын аталарымыздан қалған ізбенен сіздердің бастарыңызды қосып, баталарыңызды алуды ойлап едік. Біріңіз қолынан құлақ асаған, біріңіз өкшелес інісі, біріңіз атқосшысы болған әкем Шабақ би ақтық сапарға аттанар сәтте: «Балаларым, исі қазақтан, Кәлібек пен Қазанбай аталарыңнан қалған айнымас ақ жол бар. Ол – жұма сайын аруақтарға дұға бағыштау парызы және жыл сайын ақсақалдардың батасын алу қарызы. Сол соқпақтан айырылмаңдар!» – деп, қайта-қайта ескертіп еді...

– Ой, қайран Шәкем-ай!

– Ой, көсегең көгергір кемеңгерім-ай!..

Сегіз үйде сілтідей тынып отырғандар тағы бір сәт гуілдесіп барып, Сырлыбайдың сөзінің жалғасын күткендей, қайта тынши қалды.

– Осы жайлы балаларыма айтып ем, олар қуанып қалды. Кім байлығын босқа шашқысы келеді? Алайда қолдың кіріндей-ақ, бір жұтта жоқ болатын сол мал-мүлікті кім өзімен бірге о дүниеге ала кетіп жатыр? Меніңше, ата-бабадан қалған аманат сөздің төркініне үңілмес пенде аз шығар. Балаларды да осындай іске итермелеген сол ой болар. Десе де, оларға айтылмай, көңіл түкпірінде қалып қойған тағы бір ойларым бар еді. Енді соған көшейін. Біз, көбінесе, ас пен тойда, дау-дамайда немесе билікке таласатын сайлауда ғана басқосамыз. Әр басқосудың өз тақырыбы бар. Одан ауытқи бермейміз. Ал ел тағдыры мен халық қамын ойлайтын сайлау кезінде мансап үшін таласып, жаға жыртысып, кейде бір-бірімізді көрместей боп тарасып жатамыз. Неге?! Сонда елдігімізді, ауызбірлігімізді, ортақ тірлік пен ұрпақтардың болашағын ойласатын басқосу қай уақытта болмақ?! Осы, қазақ деген халыққа мұндай жиын керек пе, өзі?! Әлде, үнемі қырқыса жүріп, болмашы ғана билікке қол жеткізгендер, онсыз да өмір бойы қасірет шегіп қауқары қалмаған қараңғы халықты итше тепкілеп осылай жүре бермекпіз бе?! Әр жыл сайын жасаған барлық тірлігімізді бірлесе талқылап, артық кеткен жерімізді ақылға салып, азды-көпті өкпе-назды кешіріп, бүгінгідей сағынысып табысып, салиқалы сөз айтып, елге пайдалы іс жайлы бір ортақ пікірге тоқтап тарқасатын жиындар керек пе, қазаққа? Меніңше, керек! Егер керек болса, сондай басқосулардың алғашқысы осы болсын деп шақырдым сіздерді!

– Дұрыс айттыңыз, Сәке! – деді Бозанқожа. – Келелі кеңес, ортақ пікір болмаған соң ғой, кешегі орыс басқыншыларына қарсы Жанқожа батыр мен өздеріңіз бастаған көтерілісте қырғынға ұшырағанымыз...

– Менің де ендігі айтпағым осы жайлы еді. Ау, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде жоңғар шапқыншылығынан қазақтарды құтқарған да Үйсін Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Алшын Әйтекелер бастаған тоқсан бидің Күлтөбедегі кеңесі емес пе еді?! Ондай алқалы жиындар жау шапқанда ғана емес, күнделікті тірлігіміз бен ауызбірлігіміз үшін де қажет емес пе?! Екінші айтпағым сол ауызбірлікке қатысты. Бүгін бір інімді асқа арнайы шақырып отырмын. «Келмей қалады-ау?» деп қатты уайымдап едім. Туыстығы есіне түсіп, ағасын кешірген болар, келді-ау әйтеуір. Онысына мың да бір рақмет!..

Отырғандар қозғалақтап, «Ол кім болды екен?!», «Қазір арамызда отыр ма?!» дегендей, бәрі бір-біріне көз тастай бастады. Сырлыбай сәл тыныстап болып, сөзін әрі қарай жалғады.

– Ол мына Мәмбет інім. Кешегі марқұм Бәйеке болыстың туған інісі. Оны шақырғандағы басты ойым – ол екеуміздің арамызда болған азды-көпті түсінбестіктер кезінде кеткен ағаттығым болса, алдарыңызда Бәйеке інімнің аруағынан кешірім сұрап, «бұрынғы сыйластық пен туыстығымызды қайта қалпына келтірсек қайтеді?!» деу. Туыстығымыздан кемдік бар ма?! Тағайбек анамыздан туған төрт ата жердегі төлдер емеспіз бе?! Мәмбетжан, бері кел! Өкпе-назды ұмытайық, төс қағысып табысайық, көңілдің кірін қуанышпен жуысайық! Онсыз да азғантай ғана ағайынбыз. Кейінгі кезде арамыз мүлде алшақтап барады. Келші, айналайын!..

Мәмбет ағасының аты аталғанда қанын ішке тартып, жанында отырған Әлдеберлі ағайындарына қайта-қайта қарай берді. Олар да оң қабақ таныта қоймады. Сәлден соң барлығының көздері өзіне ауғанда, ол не істерін білмей қипақтап қалып еді. 

– Уа, Мәмбет қарағым! Түсінген жанға ет тұрмақ сүйектен де өтетін, санаға да жететін салмақты сөз аз айтылған жоқ қой. Атаның басын үнемі алдына өңгеріп, ағаның арын қанжығасына байлап жүрген кім бар? Ақылға кел! – деді Матай Үмбет би.

Осы кезде жемтігіне атылар барыстай қас-қағым сәтті аңдып отырған бақабасты Бағыберген би бір жөткірініп алып:

– Уа, жамағат! Бүгін көрегендік пен көсемдіктің де, адамгершілік пен шешендіктің де шын үлгісін көріп отырмын.  Сырлыбай өткен жайды қозғаса, қасығысы келмеген болар еш адамның қотырын! Ол ағалығын алға тартпай-ақ, пәлендей кінәсі болмаса да кешірім сұраса, қазіргілердің көкірегінде удай ащы запыран мен зіл қалмасын, бұл араздық болашақ ұрпаққа бармасын деп отырған шығар! – Ол енді, Мәмбетке тура қарап: – Мәмбет, қарағым! Көшелі сөзге тоқтамау – кешегі туыстықты жоқтамау! Айтшы, қарағым, кімді кім өз қолымен өлтіріпті? Үлкендерді сыйласаң, шалқая бермей, ортаға шық! – деп, ұмсынып барып тоқтады.

Мәмбет ортаға шыға берді. Сырлыбай оған қарсы адымдай басты.

– Уай, аталарыңа рақмет!

– «Туыс пен туыс табысар, туысқысы келмегенге туа пәле жабысар» деген осы екен-ау, шіркін! – деп, әр тұстан әркім сөз тастай беріп еді, өзіне жақындай берген Мәмбетті кең құшағына алып, кеудесіне басқан Сырлыбай:

– Мәмбетжан! Біздің қайта айқасқан құшағымыз мәңгілік жазылмасын! Ол үшін, жаман ағаңның тағы бір тілегін қабыл ал. Сенде Бақбергендей ұл, Нұрқожада Бақтыбикедей қыз бар. Бұл екеуі мәңгі достықтың алтын арқауы болсын! Осыған мынау ақсақалдардан бата сұрайық! – деп, сосын босағаға таман отырған Нұрқожаны ортаға шақырды.

«Е-е, енді түсінікті болды. Анау жолғы әңгіменің астары осы екен ғой. Бәсе, «басы бос» дегенде, әкем неге сонша көңілденіп кетті деп едім. Мейлі, Бақтыбикешім осындай ағайындық оңды іске арқау болуға жараса, сіздің-ақ дегеніңіз болсын!» деп іштей күбірлеген Нұрқожа Мәмбетке жақындады. Ол да болысты құшағына тарта берді.

– Ақсақалдар, бата беріңіздер! – деді Сырлыбай би.

Осы кезде Матай Дүрет би қолын көтеріп, тағы да қобырлай бастаған қонақтарды қайта тыныштыққа шақырды. Сонан соң:

– Уа, ағайын! Бұл әркімнің ойына орала бермес һәм қолынан келмес үлкен іс болды. Сондықтан жасы кіші болса да, Мүсірәлідей пірдің тұқымы бата берсін! – деп, Бозанқожаға қарады.

– Бәрекелді!

– Дұрыс-ақ!

Бозанқожа жасы үлкендерден қысылғандай жан-жағына жалтақ-жалтақ қарай берді. Сырлыбай би оны сезсе де сезбегендей, «Иллаһи, әумин!» деді.

– Әуелі Алла оңдасын! Пайғамбарым қолдасын! Қайып ерен, қырық Шілтен шылауларыңда болсын! Жеті өлікке жан берген Мүсірәлідей бабамыз аруағымен жебесін! Достықтарың мәңгілік болсын! Балаларыңыздың басына бақыт қонсын! Шаңырақтарың толымды, тірліктерің әркез көңілге қонымды болсын! Әумин! – деді Бозанқожа. 

Екі жүзден астам адам бірауыздан: «Әмин!» – дегенде, күңіренген дауыс Қақкөл үстіндегі көкшіл аспанға қалықтай көтеріліп, су бетінде шыркөбелек айнала жүзген шүрегейлер мен жағадағы балықшы құстар дүркірей ұшып, біраз уақыт тынбастан шықылықтаумен болды. Ойда жоқта шулай көтерілген құстардың даусынан үріккен сойыстық жылқылар судағы сабаттан сыпырыла шығып, иен далаға бытырай қашпақшы болып еді, аңдысып отырған жігіттер аттарына міне шауып қайырмалап әкеп, көл жағасына қайта қуып тықты. 

Құстардың түрлі әуезді әуендері бірте-бірте бәсеңдеген соң, елеңдеген жылқылар мазасызданғанын қойып, көк құрақты күтір-күтір шайнаса, тегене құйрықты тоқты-тобырлар қайта ұйлыға қалып, күйіс қайыруға көшті. Абыр-сабыр басылғанда, тылсым тартқан маңай маужырай мүлгіп, дала қайта дел-сал күйге түсті. Ұясына беталған шарайна сарғылт-қызыл бояуын айнадай жарқыраған көл бетіне шаша салды. Осы ғажайып көріністі шағын айдынның шырқын құрқанат қаққан шүрегейлер бұзып, айнадай жарқыраған судың бетіне айқыш-ұйқыш шимай салып жатты.

Жаңа ғана Сырлыбай мен Мәмбеттің арасында орын алған жарасымды келісімнен кейін көңілдері орныққан қонақтар қайтадан түрлі әңгімелердің басын бір шала бастап еді, Төремұрат пен Мусабай жыраулардың ортасында отырған Бағыберген би:

– Ау, ағайындар-ау, қысы-жазы      азын-аулақ мал соңына ілесем деп әр төбенің ығын паналап жүретін біздің басымыздың қосыла бермейтінін әлгінде Сырлыбай жақсы айтты ғой. Бұл жиында бір үлкен іс тындырылды. Көптен бері туыстар арасында пайда болған түсініспеушілік жарасын көптеп-көмектеп жазып алдық. Бұл «төртеудің түгелдігінің, жұдырықтай жұмылған ауызбірліктің мықтылығының» қандай күш екенін көрсетті. Осыған тәубе ете отырып, кәкір-шүкір әңгіме-қауғаны қоя тұрып, елдің бірлігі мен азаттығы жолында қасық қаны қалғанша шайқасып өткен топырағы торқа болғыр хас батыр ағамыз, әулиеміз һәм әділдік пен адалдықтан алдына жан салмаған биіміз Жанқожаның жанында бізден гөрі көбірек болып, батырдың ерлігін жырға қосқан және үнемі қолға түсе бермейтін мына Төремұрат пен Мусабай жырауларды тыңдасақ қайтеді? – дегенде, отырғандар қостай кетті.

– Ой, Бәке, көсегеңіз көгерсін!

– Ендеше, жан-жақтан жамырай бермей, жырауларды тыңдайық!

– Төке аға, Кенесарының шақыруымен барып Созақ қорғанына шабуыл жасар алдында Жәкемнің тапсырмасымен сарбаздарды рухтандырған толғау өлеңіңізден бастаңызшы...

– Олай болса, ең алдымен бесін оқып алайық, – деді Төремұрат жырау.

– Иә, сөйткен дұрыс... Ал Төкең мен Мусекеңді намаздан кейін, көлдің жағасында тыңдайық, – деді шаңырақ иесі Сырлыбай би.

Ұзамай, бесін намазын оқуға дайындық қамына кіріспек оймен далаға шыққандардың бірсыпырасы қолдарына бір-бір құман ұстап, көлдің арқа жақ бетіндегі қалың жыңғылға қарай бет түзесе, дәреттері бар көпшілігі Құдайға құлшылық ету парызынан тезірек құтылып алуды жөн көріп, тершіген апай төстерін самалға тосып, көл жағасындағы ажырыққа төселген кілемдер мен терме алашаларға қарай ойысты. Олардың соңынан бара жатқан төртеудің ортасында Сырлыбай мен Мәмбет. Екі қапталда  Нұрқожа мен Нұрман. Олар қайта тіл табысып, балаларының болашақтағы тұрмыс-тірлігін ақылдасып бара жатқандай. Әңгімелері жарасымды, жүздері жайдары сияқты.

Бұларды сырттай бақылап тұрған Күнқияш:

– Ей, Алла! Осы жарасымнан жаңылдырмағайсың! Ұрпақтарымды ата-бабалардың ақ жолынан ешқашан адастыра көрмегейсің! – деді күбірлеп...

Шай қайнатымдай уақыттан соң, Төремұраттың шымыр да зор қоңыр даусы көк аспанға қалықтай көтерілді...

Әбдісаттар ОСПАНОВ
25.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 84
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 604
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 721
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 633
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 643

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8781
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8180
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11409
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9163
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10394