Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруды айтты. Осыған орай Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 1 мың төсек орынды аурухана салынады. Сонымен бірге 10 медициналық мекеменің құрылысы жоспарланып отыр. Әсіресе, қала орталығынан шалғайда орналасқан аумақтарда 12 дәрігерлік амбулатория ашу мәселесі күн тәртібінде тұр.
Шымкентте бүгінде 36 медициналық ұйымның материалдық базасы жаңартылса, 6 медициналық ұйымның ғимараттары күрделі жөндеуден өтті.
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында жыл сайын 300 мыңнан астам скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қаражаты артады. Президент отандық дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың үлесін бүгінгі 17 пайыздан 50 пайызға жеткізу межесін белгіледі. Ал Шымкенттегі «Химфарм» зауыты отандық дәрі-дәрмектердің ірі өндірушісі болып табылады. Жақында зауытқа 120 миллион долларлық инвестиция тартылды. Кәсіпорын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС сатып алатын дәрілік заттардың жалпы көлемінің үштен бірін өндіреді. Былтыр зауыт 52,6 млрд теңгеге 76,920 мың өнім қаптамасын өндірсе, биыл жеті айда 25,8 млрд теңгеге 42 мың шамасында өнім қаптамасын шығарған. Бұған қоса, компанияда медицинаның терапия саласына қажетті алуан түрлі ауруларды емдеуге арналған 12 фармотерапиялық топқа жататын 200-ден астам түпнұсқалық препараттар шығарылады. Сондай-ақ, зауыт қазіргі күні Шымкент қаласында тұратын 1 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Компания GMP халықаралық стандарттарына сәйкес жұмыс істеп тұрған фармацевтикалық өндірістерді жаңғырту бойынша аса ірі инвестициялық жобаны іске асыруда. 2023 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламаның көлемі 120 миллион АҚШ долларынан астам соманы құрайды. Қазірге дейін игерілгені 97 млн АҚШ доллар. Зауыт өз өнімдерін Ресей, Украина, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан сынды 7 елдің нарықтарына экспорттайды және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.