Бұл туралы министр Дархан Қыдырәлі өзінің фейсбуг парақшасында жазды.
"Бүгін «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованы қабылдадым.
Жақында өткен алғашқы өңірлік мерзімді басылымдар форумында көпшілікті мазалаған өзекті мәселелердің бірі – газет-журналдарды оқырманға жедел жеткізу болды. Осыған байланысты Әсел Жұбанышқызымен өзара пікір алмасып, қордаланған мәселелерді талқыға салдық.
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазпошта» басшысын қабылдаған кезде аймақтардағы пошта операторы жұмысының әлеуметтік маңыздылығына назар аударып, аталған бағыттар жөніндегі стратегияны жүзеге асыру ісін жалғастыруды тапсырғаны белгілі.
Министрлік өткен жылы «Қазпоштамен» баспа басылымдарын уақтылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойып, тығыз қарым-қатынас жасауға уағдаласқан еді. Бірлескен жұмыстар өз нәтижесін береді деп сенеміз"- дейді Дархан Қыдірәлі.
Соңғы жылдары Қазпошта қызметіне сын айтушылар көбейді. Бұрынғыдай хат жазатын дәуір аяқталып барады десек те адамдар газет-журнал, түрлі құжаттар мен жолдамаларды жөнелту мен тапсырып алуда әлі пошта қызметіне жүнінеді. Сондықтан Қазпошта мекемесі маңызын жоғалтқан жоқ.
Шетелдерде пошта мекемелері логистика саласын барынша дамыту арқылы қыруар табыс тауып отырғандығын ойлағанда, біздегі пошта қызметіне мықты менеджерлер жетіспей жатыр ма деген де ой келетіні бар.
Ал пошта қызметкерлері болса өздеріне айтылған сынға қарата жалақының тым аз болуына байланысты, адамдардың мұндай жерде қызмет етуге қызықпайтындығымен түсіндіргісі келеді.