Маңғыстау облысындағы «Қаратұрын» кен орнында ағымдағы жылдың 9 маусым күні мұнай ұңғысында апат болып, 18 күн бойы мұнай-газ жанып, қоршаған орта зиянды заттармен ластануда. Әлі күнге шейін апатқа жұмылдырылған мамандандырылған «Ақберен» мекемесі алауды сөндіре алмауда. Кезінде бұл мекеме жекешелендірілді. Сонда оның тиімділігі, әлеуеті, кәсіптік деңгейі төмен бе, қауқарсыз ба? Бизнес жақсы жұмыс жасайды деген қағидат қайда?
Екінші мәселе. Кен орынды игеруші «Бозашы-нефть» компаниясы. Бізде бар ақпарат бойынша бұл компания заңды белшесінен басып, кен орнында техникалық қауіпсіздікті сақтамай келген. Жұмысшылардың жалақысы төмен, әлеуметтік жағдайлары тиісті деңгеде емес, арнайы киімдер мен қорғану жабдықтары дұрыс берілмейді, техникалық қауіпсіздік қызметі кен орнында жұмыс жасамайды, өздерінің құқықтарын заң жүзінде талап еткен жергілікті жұмысшыларды жұмыстан шығарып жіберіп, басқа өңірден жұмысқа адамдарды қабылдаған. Бұл – онсызда жұмыссыздық белең алған Маңғыстауға жасалған нағыз қиянат! Сонымен қатар, инсайдерлік ақпарат бойынша, компания кейбір ұңғылардан заңдастырмай мұнай шығарып отыр. Яғни 21 ғасырда «Бозашы-нефть» компаниясы жабайы капитализм әдісімен жұмыс жасауда. Лондонда тұрып жатырған қожайынына тек қана пайда керек. Қалғаны күл болмаса, бүл болсын. Бұларға сонда управа жоқ па? Мемлекет басшысының мұнай-газ саласындағы кемшіліктерді реттеуге, экологиялық және өндірістік қауіпсіздікті қатаң сақтауға қатысты тапсырмалары неге орындалмайды?
Мұнай компаниясының жұмысын қадағалайтын және бақылайтын құзырлы органдар осы күнге дейін ай қарап келген бе? Жергілікті прокуратура не істеп отыр? Әлде мәселенің бәрі бармақ-басты, көз қыстымен шешіліп қойылған ба?
Мұндай жағдай тек «Бозашы-нефть» компаниясында орын алып отырмағаны анық. Яғни, еліміздің мұнай саласында шешілмеген жүйелі проблемалар бар.
Сондықтан келесі мәселелер тиянақты қаралуы қажет:
1. Қазақстандағы жекеменшік мұнай компанияларында, әсіресе «Бозашы-нефть» компаниясында кешенді тексерулер жүргізіліп, олардағы Еңбек Кодексінің талаптарының орындалуы, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік мәселелерінің заңнамаға сәйкестігі қаралсын;
2. Төтенше жағдай министрлігіне қарайтын мұнай-газ саласынды апаттарды жоятын мамандандырылған арнайы мекемені қайтадан ашу мәселесі қарастырылсын;
3. «Қаратұрындағы» апаттың өңірдің экожүйесіне тигізген зардабы толықтай анықталсын және «Бозашы-нефть» компаниясынан төленетін экологиялық төлемдер кен орны орналасқан Маңғыстау ауданының табиғи ортасын жақсартуға жұмсалсын;
4. «Бозашы-нефть» компаниясы «Қаратұрын» мұнай кен орнында заңсыз мұнай шығарып сатқаны анықталса, компаниямен жасалынған келісім-шарт бұзылып, кен орын мемлекет меншігіне қайтарылсын. Бұл компанияны барлық лицензиясынан айыру керек;
5. Осы күнге шейін «Бозашы-нефть» компаниясындағы заңсыздықтарға көз жұмған мемлекеттік орган басшылары және осы компанияға биліктен «қамқорлық» жасаушылар анықталып жауапкершілікке тартылсын.
«AMANAT» Фракциясының мүшелері, депутаттар
Еділ Жаңбыршин
Самат Мусабаев