Кемел Тоқаевтың (1923-1986 жж.) Кеңес чекистері тақырыбына арналған оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Қазақстандағы детектив жанрының атасы. «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» деп аталатын пьесалардың авторы. «Жұлдызды жорық» әңгімелер жинағы 1954 жылы, «Қыс қарлығашы» повесі 1958 жылы, «Болашақ туралы ойлар» повестері 1955 жылы, «Түнде атылған оқ» повесі 1971 жылы, «Қастандық» повесі 1965 жылы, «Арнаулы тапсырма» повесі 1965 жылы, «Сарқабандағы болған оқиға» повесі 1975 жылы, «Таңбалы алтын» повесі 1977 жылы, «Соңғы соққы» романы 1981 жылы, «Солдат соғысқа кетті» романы 1983 жылы, «Ұясынан безген құс» романы 1983 жылы жарық көрген. Соңғы жылдарда әлденеше мәрте көп томдықтары басылып шықты.
«Соңғы соққысы» 450 мың таралыммен тараған
Өмір сүруіміз бен тіршілік өрісімізге қарай айналамызға назар аударып жүреміз. Бір шығармашылық адамы ретінде өзіңнің ыңғайыңа келетін тақырыптар қызығушылық тудыратыны тағы бар. Балаларға жазған тағы кімдерді айтуға болады деген мәселеге тоқталып, Қазақстандағы детектив жанрының негізін қалаған, өзінің қысқа ғана 63 жылдық ғұмырында тынымсыз еңбектеніп, қыруар шығармаларын соңына қалдырған, туғанына 100 жыл толып отырған жазушы Кемел Тоқаевтың (1923-1986) балалар әдебиетіне ден қойып, көркем еңбектер жазғанын байқадық. Сол бір сұрапыл соғыс жылдарында өмір сүріп, қым-қуыт қиын кезеңде еңбек еткен ағамыз ұрпақ қамын ойлап, ұлттың болашағы болған балалар тақырыбына да тоқталып өткен екен. Жазушы Кемел Тоқаев өзінің негізгі жанрларынан өзге ең нәзік, ең қажетті жанрға да ат басын бұрып аялдапты. Біз оның еңбектерін бүгінгі күннің жас оқырмандарына ұсынуға тиіспіз. Оларды талдап таразылап таныстыруды жөн санадық. Осындай алдыңғы буын қаламгерлерімізді бала қамын ойлаған бағбандардың қатарына жатқызамыз.
Еліміздегі детектив жанрының шырқау биігіне шыққан Кемел Тоқаев туралы осы күнге дейін қыруар еңбектер, монографиялар жазылып келеді. Бала кезімізде ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдің (1859-1930 жж.) детектив жанрында жазылған көптеген повестерін бірінен соң бірін оқып өстік. «Қанмен жазылған жазу», «Алынған кек», «Төрт есім», «Баскровильдің иті»... секілді еңбектерін ауыздан-ауызға жалғап, ертегі айтқандай жеткізіп жүрдік. Сол арқылы Шерлок Холмсті қазақтың бір із кесушісі секілді қабылдап та кетіп едік. Содан да болар, қолымызға тиген детектив жанры болса, жата-жастана оқыдық. Қытайдың «Жау артқы шебінде» деген романы, әлем әдебиетінен «Д ақпарат мекемесі» қатарлы кітаптар да жадымыздан шықпайды. Сол тізбек жалғаса келе, Кемел Тоқаевтың детектив жанрындағы әңгіме, повест, романдарына ұласты. Қаламгер Отанымызда орны олқы, күтіп жүрген оқырманы көп тың дүниеге терең бойлапты. Ол туралы жазылған мақалалардың ішінен «Кемел қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детектив жанрында алдына жан салған жоқ» деген көрнекті жазушы, Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықовтың жазбасына көзіміз түсті. Кемел ағаны өзіміз көрмеген соң, ол кісінің сыр-сипатын замандас қаламгерлері мен алды-артындағы аға-інілерінің жазбасынан жақсы біліп жүрміз. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Баққожа Мұқай аға былай деп еске алыпты: «Ол – қазақтың бәрін дос көруге тырысқан адам. ...Пьесаны қайта жазуға тура келді. Тың деректерді қайдан аларымды білмей қиналып жүргенімде Кемел аға қол ұшын берді. Сол кезде «Қазақстан» баспасы оның орыс тіліндегі кітабын бес жүз мың данамен басып шығарды. Керемет таралым!» – депті. Осындай сөзді ақын, жазушы Рафаэль Ниязбектің мақаласынан да оқыдым, жазушының «Соңғы соққы» романының 450 мың тиражбен басылып шыққанын айтады. Шынында, керемет сан емес пе?! Бұл пікірлерден білетініміз Кемел Тоқаев өз кезінде жазу жағынан да, жариялану жағынан да шың басына ту тіккен қаламгер екенін көруге болады. Ойлап отырсақ, осынау күрделі ақтаңдақ болып кемшін түсіп жатқан детектив жанрына бару өзгеше бір қалау мен ішкі түйсіктің нәтижесі деп білемін.
Жазушы бала кезінен бастап әлем әдебиетін, қала берді орыс әдебиетін көп оқығаны аңғарылады. Солардың қатарында біз жоғарыда атап өткен Артур Конан Дойлді сүзіп шыққаны анық. Онан кейінгі соғыс жылдарындағы бес жылдық майдан қан-қасап соғыс, әскери барлау, жауынгерлік тапсырмалар оның детектив жанрына баруына төтежол болғаны сезіледі. Сонан соң қаламгердің ішкі жан дүниесіндегі логика, қисын, ой жүгірту мен пікір білдіру жүйесі терең болғандықтан, оның батылдықпен қалам тартуына негіз болғаны бесенеден белгілі. Қаламгерде психологиялық дайындық болумен өзін қатаң түрде мәжбүрлеудің де нышанын аңғарамыз. Соғыс тақырыбында жазған жазушылар аз емес. Ал, Кемел Тоқаев болса, солардан алабөтен көздеген көмбесін басқаша бағытпен өрбітіп, детективке қарай бұра отырып, көркемдеп өріп шығу өзіне-өзі міндеттеуден туатын батыл шешім. Бұл жанрдың оқырман үшін бірнеше жақтан пайдасы басым. Оқып отырған адам автормен бірге толғанады, ойланады, «енді не болар екен?» деп отырып, шығарманың қызығына батады. Сонан соң оқырман даяртап масылдықтан гөрі, жұмыс істейді, миын іске қосады, жан әлемінде қозғалыс пайда болады. Бұл барыс жазушы мен оқырманның тығыз шығармашылық байланысын орнатып, халық пен қаламгер арасында нәзік махаббат қалыптастырады. Осындай күрделі де машақаты мол жолдар арқылы ол көздеген мақсатына жеткен. Сондықтан отандық әдебиетіміз сөз болғанда жанрдың жарқыраған бір биігі детектив десек, соның бастауында Кемел Тоқаев отыр. Өзінше өріс ашқан, өзінше мектеп қалыптастырған қаламгер.
Періштелер әлеміне саяхат
Сөз басында айтқанымыздай, жазушы Кемел Тоқаев негізгі арнасынан бөлек балалар тақырыбына да бас қатырып, ұрпаққа бағбандығын көрсете білген жазушы. Оның бес томдық шығармалар толық жинағының 4 томында «Жұлдызды жорық» деп аталатын бір бөлім бар. Кітапты құрастырушылар да сол жағын жақсы ескеріп, жеті әңгімеден тұратын бір тарауды тап-тұйнақтай етіп тізіп беріпті. Кезінде ақын, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, 1923 жылы туған түйдей құрдасы, майдангер қаруласы Мұзафар Әлімбаев атамыз да Кемел Тоқаевтың аяқ алысын аңдап, бағытын бағамдап кетіпті. Ол: «Өмірде ұзақ жылдар ізденіп жүріп, әдебиеттен өзін жаңылыспай тапқан, тек өзіне ғана тән оңтайлы өнерімен талай құнды кітаптар тудырған Кемел Тоқаевты туған халқы терең махаббатпен еске алады. Рухани ізгі екінші ғұмыр деген әне сол», – депті. Балалар ақыны, қоғам қайраткері, қамқор қайырымды қарт Мұзафар атамды көрдім, тіпті соңғы он жыл бойы қасына барып, тәлімін алып, шығармашылық байланысымды үзбедім. Сол кезде өзінің замандасы, қаламгер Кемел Тоқаев туралы жиі айтып отырғанын көп естідім. Бақсам, оның бәрі тегін емес екен. Жазушы Кемел Тоқаевтың Мұз-ағаммен жанрлық жағынан да жақындығы бар екенін сезіп отырмын. Көп томдықтың аталған «Жұлдызды жорық» бөлімінде маржандай тізілген жеті әңгіме бар.
Алғашқысы «Қуаныш» деп аталады. Жаннат деген ізденімпаз кішкентай оқушы қыз, Жомарт деген тапқыр, тәкаппарлау бала, Сережа Кузменько деген томпақ толық, қалтқысыз қарапайым оқушы және олардың Көктал ауылындағы МТС-те жұмыс істейтін ұстаз, инженер Константин Григорьевич деп аталатын ағайлары бар. Жетекшілерінің жақсы жол көрсетуімен олар жаңа типті қозғалтқыш (двигатель) құрастырып шығады. Константиннің қарамағындағы үш жасөспірім бала – Жаннат, Жомарт, Сережа арасындағы байланыстар арқылы олардың мінезін, көңіл күйін, ішкі толқыныстарын иланымды етіп ашады. Арасындағы балалық кемшіліктердің болғанына қарамастан, соңында нәтижеге жетіп, жұмыстарының жемісін көреді.
Келесі әдемі әңгіме «Жұлдызды жорықтың» өзі. Мектептегі 7-сынып оқитын Рая, Мира секілді оқушылар өздерінің жұлдызды жорығына 5-сынып оқитын Болатты қосып алады. Оқиға мектептен шығып, егіс алқабын басып өтіп, далалық жолмен орманды бетке алып, өзен бойындағы тоғайға жеткенше бастарынан өткізген оқиғалары арқылы желі тартады. Сәл де болса ересектеу Рая мен Мира қастарындағы жасөспірім Болатқа кәдімгідей жөн көрсетіп, тамшылатып болса да танымдық білім береді. Аяқ киіміне тас кіріп, бақайшығын қажап қанатып кеткен Болаттың қиыншылығынан құтқарып, жол жүруге құлшындырады. Жарасымды диалог, тәп-тәтті сөздер, балалық үйлесім сезіміңді елжіретеді. Қайтарда өзен бойын жағалап жүрген балалар аман-есен ауылға оралады.
Үшінші әңгіме «Нұрлы жол» деп аталыпты. Кейіпкерлері: Сәуле, Вера, Бақыт және Сәуленің әкесі Серікбай. Сәуле ауылдағы мектептен қалаға экскурсияға барады. Сол жерде ФЗО-ның цехтарын аралап көреді. Ауылдан келген кішкентай Сәуле қаладағы талдырмаш құрбысы Вераның цехты қозғалысқа келтіріп, нәзік саусақтарымен жұмысты ұршықша иіріп, икемге келтіріп отырғанына қайран қалады. Сәуле алғашында тосырқап тұрса да, артынан бойына лықсып келіп қалған әсерлі сезімін жасыра алмай Вераға тіл қатады, достасады. Вера жылы лебізімен әдемі ғылыми кітапшасын сыйлайды, екеуі қимай қоштасады. Экскурсия аяқталып, ауылға қайтып келген Сәуле, өзінің болашақта медицина саласына оқуға түсемін деп жүрген шешімін өзгертіп, ФЗО-ның оқуына түседі. Әрине, әкесі көз алдында жүрген Сәулені қалаға жібергісі келмейді, бірақ Анна деген ұстазының ара түсуінен соң ақылға келіп, Сәуленің қызығушылығына қарсы шықпай, қалаға оқуға жібереді. Оқиға шағын, жасандылығы жоқ, жақсы өрбиді. Демек, бала өзі аңсаған нұрлы жолына бет түзейді.
Төртінші әңгіме «Ауыл қызы» деп аталатын балалар мен ересектер қосыла жүретін шағын сюжет. Ауылда туып, Мәскеу барып оқып, онан соң сол жақта үш жыл зауытта жұмыс істеп тәжірибеден өткен қазақ қызы Жанар Ахметова өзінің туған ауылына МТС-ке инженер болып келеді. Алғашында сақа кадр, колхоз басшысы Жартыкеш Жамбаев қаршадай қызды менсінбейді, сөзін жүре тыңдайды, ағысы қатты тентек өзен секілді сыңарезулеп қыңыр тартады. Артынан Жанардың жақсы ниеті, ұтымды, орайлы сөзі, батыл қимылы Жартыкешке де ой салады. Тіршілікке ендеп, дендеп келе жатқан МТС-тің жұмысы баяғы қарапайым өгіз арба мен ат шананың жұмысын ығыстырып, тың тыныс, зор ілгерілеушілік, жаңалық алып келеді. Осылайша ауыл қызы Жанар өмір көрген, сауыншы Қатипа және орыс мамандары арқылы қолдаушылар мен ілесушілерді тауып, істе ірілік көрсетеді. Осы аталған әңгімелерге қарап отырсаңыз, жазушы Кемел Тоқаев өзіне дейінгі қазақ зиялылары секілді қазақ балаларын ғылымға, білімге, жаңалыққа үндейді. Қарапайым ауыл өмірінен өзгеріп, техникалық жетістіктерге бейімдейді. Сол озық идеясын көркем әдебиетке сіңіре отырып жеткізеді. Әңгімелердегі МТС, мектеп, ФЗО, тағы да МТС арқылы өзгерген өңірді, жасарып түлей түскен өмірді көрсетеді. Ғылым арқылы келген техника күшінің қарапайым қол еңбегіне қарағанда анағұрлым артық екенін, ақыл-ой еңбегінің абзал болатынын түйеді. Осылайша ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің аңсағанын, Абай атаның арманын жүзеге асырып жатқан жас буынды жарқыратып көрсетеді.
«Аржақтан келген бала» кім?
Соңғы әңгімелерінің бірі «Аржақтан келген балада» аңдысып жатқан Кеңес армиясы мен фашистік Германия әскерінің арасын шағын өзен бөліп тұрады. Әңгіме сондай бір қысылтаяң сәттегі өзеннен өтіп келген Саша Давыдов туралы. «Күнделік» шығармасында танк жүргізушісі, барлаушы Алмас Айдаров жөнінде жазады. «Әр уақытта өзіңмен біргемін» еңбегінде Берлиндегі неміс Карлдың баласы Роберт тілге тиек болады. Бәрінде Отан соғысының сұрапыл жылдарындағы тамшыдай ғана үзінділер.
Сол бір оймақтай оқиғалар арқылы Сашаның жан тазалығын, қантөгіс кезіндегі кездескен қиындықтарды, адам мінезіндегі нәзік түйіндерді, анасын іздеу жолындағы алған бетінен қайтпайтын батылдығы түгелімен жарқырай көрінеді. «Күнделікте» әскери тапсырманы орындау кезіндегі бір түнгі барлаушылық сөз болады. Ол оқиғалар жауынгер Алмастың соңында қалған күнделігі арқылы әңгімеленеді. Алмас – соғыста жараланып жан тапсырған қазақ сарбаздарының бірі. «Не әкенің үмітін ақтамай, не өз арманына жетпей» шаһит болып шерменде кеткен қаншалаған боздақтар болды. Әңгіме әне сондай сормаңдай ұлдың соңғы сәтінен сыр шертеді. Жетінші әңгіме де соғыстан соңғы күй, қираған Берлин қаласы, Кеңестер Одағы ықпалын жүргізіп отырған бергі бет пен американдықтар билеп тұрған арғы беттің арасындағы әрі-сәрі болған адамдардың тағдыры, бедірейген Берлин қамалының сұлбасын көз алдыңа елестетеді. Соның арасында істікке шаншылып, шанышқымен қадалған бала тағдыры қақпақылға түседі. Бір байқағаным, осы әңгімелерде жалған жасандылық, саяси ұран, тықпаланған ұшқарылық жоқ. Әңгімелерде саяси пафос, лепірген эмоция байқалмайды. Автордың салиқалы сараптауынан кейінгі туған, сүзгіден өткен жан түкпіріндегі мұң, ішкі болжал баяндалады. Адамдық характерлер ашылып, адам тағдырына алаңдаушылық танытады.
Әңгімелерінде мейлі бейбіт күннің, мейлі майданның халі суреттелсе де, жалпы адамдар ортасындағы бала басты назарда тұрады. Қоршаған орта, айналадағы адамдар өздерінің тазалық тектілігінде, лас пасықтығында соңғы буынға жұқтыруы мүмкін екенін екіленбей аңғартады. Бала ақ қағаз секілді, оған дұрыс нәрсе жазылса – бағың, қате бұрыс әдет жазылса – сорың екенін сездіреді. Біз жазушының шығармаларынан соны аңғардық. Көрнекті жазушы Кемел Тоқаевты тек қана детектив жанрының жазушысы деу біржақтылы болады екен. Қазақ классиктерінің қай-қайсысы да балалар жанрына соғып өткенін білеміз. Міне, Кемел Тоқаев та ұрпақтарымызды есінен шығармай, болашағымызды ойлап, тартымды тамаша еңбек қалдырыпты. Ол аз жазса да, жанрдың қыры мен сырын меңгерген балалар жазушысы деп те толық сеніммен айта аламыз. Оған дәлел қазірге қолымызға тиген «Жұлдызды жорықтар» деп аталатын топтамадағы әңгімелері.
ДӘУЛЕТБЕК БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, ҚЖО-ның мүшесі,
«Мөлдір бұлақ» журналының
Бас редакторы