Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қолына қыран қондырған арулар

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары  Қолына қыран қондырған арулар

 

Елімізде ұлттық спорттың қарқынды дамуына өз үлесін қосып жүрген әйелдер аз емес. Ұлттық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама қатарына кірген әйелдер де бар. Мәселен, тоғызқұмалақ, садақ ату, асық ату және жамбы атудан ұлттық құрама сапында 170-ке жуық әйел өнер көрсетеді.

Әйелдер ұлттық спорт түрлері бойынша халықаралық, республикалық және өңірлік жарыстарға да белсенді қатысады. Жалпы ресми жарыстарға тоғызқұмалақ бойынша – 725, садақ атуға – 469, асық атуға – 420, жамбы атуға – 18, құсбегілікке 4 қыз бала тұрақты түрде қатысып жүр.

Қазіргі таңда қауымдастыққа кіретін федерациялардың құрамында әлем және Азия чемпионы атанған әйелдер бар. Атап айтқанда, тоғызқұмалақтан әйелдер арасында елімізде 6 әлем чемпионы болса, оның ішінде Әсел Далиева 10 дүркін әлем чемпионы,  Гүлжанат Алдабергенова мен Лина Каримова 2 дүркін әлем чемпионы болды. Ал асық атудан әйелдер арасында әлем кубогының 7 жеңімпазы, Азияның 9 чемпионы бар.

 

 

Сонымен қатар, әйелдер спорт саласының басшылық құрамында да қызмет атқарады. Мысалы, Садақ ату және Құсбегілік федерацияларының басшылығында 4 әйел жұмыс істейді.

      Солардың бірі Құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы негізгі мамандығы журналист болғанымен, 40 жылға жуық уақыттан бері халқымыздың тарихы тереңнен басталатын құсбегіліктей ақсүйек өнерінің жоқтаушысы, жанашыры болып жүр.

  Таңертең бүркіттің дауысынан оянатынбыз. Мектептен келе сала Тоқтасын атамның бүркітін қызықтаушы едік. Әкем жас кезінде қыран, қаршыға, ителгі баптап, аң-құсқа салған. Әкемнің бауырлары да бүркітші болды. Бойымдағы құсбегілікке құштарлық – бабамнан ауған құт-берекенің сарқыты, деп еске алады Бағдат Мүптекеқызы.

Ол өткен ғасырдың 80-ші жылдарында қазақтың салт-дәстүрін кеудесіне қаттаған Жағда Бабалықұлының жанында жүріп, Алматы облысының Жамбыл ауданында елімізде тұңғыш құрылған Жалайыр Шора атындағы Бүркітшілер мектебінің негізін қалауға атсалысты.

 

 

Бағдат Мүптекеқызы – 2000 жылдардың басында «Қыран» федерациясы құрылғанда оның басы-қасында болғандардың бірі. Сондай-ақ, ол құсбегілікті ұлттық спорттың бір түрі ретінде тану үшін ережесін дайындап, жылдар бойы бірнеше кітап-альбом мен 200-ге жуық ғылыми-танымдық мақала жазды. Ол – бүркітшілікті халықаралық деңгейде қорғау, оны әлемдік дәрежеге жеткізу мақсатында көп ізденген, ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мәдени мұралары тізіміне» енгізуге бар күш-жігерін жұмсаған жалғыз әйел.

Біздің екінші кейіпкеріміз – садақ атудан Қазақстан Республикасының спорт шебері, жаттықтырушы Аяулым Аппазова. Бүгінде SAQ – Sadaq atu Qostanai федерациясының президенті болып қызмет атқаратын Аяулым дәстүрлі садақ ату бойынша «Алтын тұғыр – 2023» сыйлығының «Үздік спортшы» номинациясының иегері.

Ежелден халқымыздың қанында бар бұл өнерді серік еткен Аяулым садақты қолына алғаш рет 29 жасында ұстаған.

  Барлығы Астанада өткен шеберлік сабағынан басталды. Маған ұнады, алғашқы нәтижелерім де жақсы болды. Осыдан соң жаттығуға кірістім, жарыстарға қатыстым. Арада біраз уақыт өткен соң өз туған өлкемде осы спорт түріне балаларды үйретуді ұйғарып, Қостанайдан мектеп аштым», дейді Аяулым Аппазова.

Ол осылайша Қостанай облыстық дәстүрлі садақ ату мектебінің негізін қалады. Бүгінде Аяулымның 30-дан астам шәкірті бар. Дәстүрлі садақ ату мектебінің ашылғанына екі жылдан енді ғана асса да, шәкірттері көптеген сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүр.

 

 

Садақ атудан ұлттық құрама сапында өнер көрсететін Аяулым қазір Малайзияда оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр.

Тек мамандығымен шектелмей, бойындағы қайрат пен қайсарлықты қабілет-қарымымен танытып жүрген ұлттық спорттағы тағы бір аруымыз садақты жерде емес, ат үстінде шауып бара жатып нысанаға дәл көздейді.

Гүлдана Алыбаева  – Жамбы атудан Қазақстан құрама командасының мүшесі. 17 жасынан бастап жамбы атумен айналысатын ол қазіргі таңда Қарасай аудандық ұлттық спорт мектебінде жамбы атудан жаттықтырушы болып жұмыс істейді. 10-ға жуық оқушы қызды жамбы атуға дайындап жатыр.

Осы спортқа келген 2018 жылы-ақ «Алтын тұғырды» иеленіп үлгерген Гүлдана бұдан кейін де бірнеше республикалық және халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанды.

Жолдасыммен осы спорттың арқасында таныстық. Ол да ұлттық спорт саласында жүрген азамат. Жалпы, спорт менің өміріме көп жақсы өзгеріс әкелді. Сондықтан алғашқы жаттықтырушым Сәрсенбай Құлбаев пен қазіргі бапкерім әкем – Серік Алыбаевқа алғысым шексіз, дейді Гүлдана.

 

 

Жамбышы қыз күзде елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, ел абыройын асырғысы келеді. Сол үшін де ол бүгінде тыңғылықты дайындық үстінде.

Айта кетейік, құсбегілік, садақ ату және жамбы ату күзде елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық бағдарламасына енген.

Бүгінде Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Асық ату», JORYQ ат спорты және басқа да федерациялар кіреді. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

 

18.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1037
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7085
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10935
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7152
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7296