ММА-дан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Джиу-джитсудан Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дастан Бекбосынұлы Жакыпбеков 1996 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қапал ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасынан шыққан: үлкен ағасы, екі қарындасы және екі інісі бар. Отбасының бәрі Қапал ауылында тұрады. Өзі қазір Алматы қаласында, Қалқамандағы 157 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Спортты 14-15 жасында бастаған. Алдымен туған аулындағы еркін күрес үйірмесіне қатысқан. 2017 жылы Талдықорғандағы спорт интернатқа түсіп, сол жерде 2 жыл күрескен. Одан арғы спорттық мансабындағы жетістіктері жайлы файтердің өзі: «Жарыстарға қатысып, спорт шеберлігіне үміткер атағына ие болып, облыс және республика чемпионы болдым. 2017 жылдан бастап ережесіз жекпе-жекке шыға бастадым. MMA, жауынгерлік Джиу-джитсу, панкратион, жауынгерлік самбо сынды бірнеше сол спорт түрлерінен жарыстарға жиі қатыстым. 2017 жылы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеттім. Одан кейін Бахрейнде өткен әлем чемпионатына барып, үш жекпе-жекке қатыстым. Бахрейн аренасында жақсы тәжірибе жинақтадым. Соның арқасында Джиу-джитсудан Қазақстан, Бішкекте Азия чемпионы болдым. Сөйтіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормасын орындадым. 2019 жылы әлем чемпионатына іріктеуді ұтып, әлем чемпионатына бардым. Бірақ онда жолым болмады. Пандемия кезінде жарыстар кейінге шегерілді. 2022 жылы Өзбекстанда ММА-дан Орта Азия чемпионатында екінші орын алдым. Әлем чемпионатында да күміс жүлдегер атандым. Жалпы алғанда, менің нәтижелерім – Қазақстанда 12 рет ұттым, ММА-дан Азия чемпионатында күміс жүлдегері атандым, Джиу-джитсудан Азия чемпионатында чемпион болдым. ММА-дан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атандым. ММА-дан, Джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Жекпе-жектен, панкратионнан спорт шеберімін. Бәсекелес спортшыларға келсем, өзім байқағанда, солардың ішіндегі ең мықтылары – өзіміздің қазақ елінің спортшылары. Қазақ жігіттері намысшыл болғаннан кейін, оларды қанша ұрсаң да, қанша қырылып төбелессең де кері қайтпайды. Қазір әуесқой спорттан кәсіби спорт түріне ауысып жатырмын. Бұйыртса мамыр айында кәсіби жекпе-жегімді бастайын деп жатырмын. Жарыс Өзбекстанның Ташкент қаласында болады. Қарсыласым әлі белгісіз, бірақ сол жекпе-жекке қызу дайындық үстіндемін», – деді.