ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінің хабарлауынша депутаттар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа ЕАЭО елдерінің электр энергиясы нарықтарын интеграциялау бөлігіне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Яғни, шартқа сәйкес ЕАЭО елдері бірлесіп, электр энергиясының ортақ нарығын құрмақ.
Еліміздің Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов Сенат депутаттары алдында «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы» таныстырды. Жандос Нұрмағамбетов одақтың ортақ нарығы кезең-кезеңімен қалыптасады, бірақ әр мемлекеттің электр энергетика жүйесі тәуелсіз дами береді дейді. Оның айтуынша, ортақ нарықтың аясында әр елдің энергетикалық қауіпсіздігі сақталады. Мүше мемлекеттер электр энергиясын бір-біріне еш кедергісіз алып-сатады. Осының арқасында электр қуатын пайдалану тиімділігі артып, электр энергия саудасының көлемі өседі. Сондай-ақ ортақ нарықтың қалыптасуы энергия өндіруші ұйымдар арасында бәсекелестікті де арттырады деген сенім бар. Қазіргі кезде хаттаманы Қазақстаннан басқа барлық мүше мемлекеттер ратификациялады. – «Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық жағдайға әкелмейді. Бұған мемлекет бюджетінен қосымша ақша керек емес», -деді вице-министр.
Хаттаманың мақсаты - электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылардың экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып, Арменияның, Беларусьтің, Қазақстанның, Қырғызстанның және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау жолымен ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын құру. Ал ортақ электр энергетикалық нарықты қалыптастыру ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ішкі тұтынушыларын электр энергиясымен басым қамтамасыз етуді ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізілмек.