Мына бір жағдайлар әлі күнге дейін есімнен кетпей жүр. Жазбасыма да болатын еді. Алайда, жазбасыма тағы болмады...
Қазаққа берілген етік
Қарындасым Ленинградта оқимын деген соң, сол қалаға оқуға апарған едім. Қала ішінде трамвайға отыруға тура келді. Ұзамай трамвайға бойы ұзын, жіңішке келген қарт кірді. Мен тұрып орнымды беріп едім, отырмады. Билет алып берейін деп едім, тоқтатып тастады. «Өзім аламын» деді. «Сіз үшін қарындасым билет алып қойды. Маған алуды ұмытып кетіпті» деп, тағы бір билет алдым. Менен «Қазақсың ба?» деп сұрады. «Иә» дедім.
Мен секілді қазақты көрген соң ақсақалым қарап отырсын ба, ескі бір әңгімесінің тиегін ағытып жіберді. Соғысқа қатысқан екен. Соғыс кезінде бір оқиға болған көрінеді, соны айтып берді. Әлгі қартым ол кезде қылшылдаған жас. Қасындағы жолдасы екеуі жарылған минадан жарақат алып, госпитальге түседі. Досының бір аяғы жұлынып кеткен екен. Госпитальден шығарда екеуіне жаңа етік берілген көрінеді.

Дәл сол күні Қазақстаннан бір эшелон пойыз келіпті. Тепловоздың алдында Жамбыл Жабаевтың портреті ілініп, астына «Ленинградцы – дети мои» деген жазу жазылыпты. Вагондар толы солдаттар мен қала тұрғындарына арналған азық-түлік екен. «Менің алдыма тоқтаған жүк вагонының қақпасын екі қолымен керіп, бойы екі метрдей ірі қазақ жігіті тұрды. Жалаңбас, арқасында автомат. Аяғында етігі жоқ екен, шүберек орап алыпты. Бір аяқты досым мойнындағы етігін алып әлгі жігітке «сен қазір передовойға барасың, мына етікті ал, маған ол қажет емес» деп ұсынды. Әлгі: «Жоқ, алмаймын, рақмет!» деп басын шайқады. «Қазір лапти орап жүру сән» деді. Лапти дегені аяғына етік орнына матадан оратылған дүние болса керек. Аяғына шүберек орағаннан гөрі жаңа етік кигені жақсы ғой, кім жек көрсін?! Алайда, етікті алмаған қазақ жігіті жаралы жауынгердің рухын, адамгершілігін, азаматтығын сыйлағаны болса керек, алмайтынын сыпайы ғана жеткізгені байқалды.
«Қазақстан жайында әңгіме болса, сол майданнан жаралы болып келе жатқан қарт жауынгердің рухын аспандатқан қазақ жігіті есіме түседі» – деп, трамвайдағы ақсақалым әңгімесін аяқтағаны. Ленинградта қазақ атаулы аз жер ғой. Мені көргенінен алған әсері болса керек, «бүгін үйге барып, трамвайда таза қазақты көрдім» деп, кемпіріме мақтанамын» деп қалды қоштасар сәтте.
Патша тағында оқылған құран
Қарындасым Ленинградта оқитынын жоғарыда айттым. 1980 жылы ақпан айында қарындасымды оқудан алып қайтуға анам Мариям барды. Барғанда бос жатсын ба?! «Жақсы жерді көрмекке» дегендей, уақыт тауып, қаланы көріп, эрмитажды аралағаны бар. Сол жерде Кенесары ханның басын көріп: «Менің бабамды қорлағаны несі?» деп жылаған екен.

Шаршағасын, дем алайын деп бір биік, қымбат темірмен, жылтырақ тастармен безендірілген орындыққа отыра кеткен ғой. Музей қызметкері келіп: «Бұл патшаның тағы, келушілерге отыруға болмайды» депті. «Кішкене ғана демалайын, қазір тұрамын» деген екен. Әлгі музей қызметкері үлкен кісіні сыйлағаны болса керек, қарсы келмей, рұқсатын беріпті.
Анам демін басып, күш жиған соң, сол жерде бос кетпейін деп, хан бабасының жолына арнап қолын жайып, құран оқыған. Орыс қаласының төріндегі орыс патшасының тағында отырып, Кенесары бабасына құран оқуына не деген жүрек керек десеңізші?! Сол әрекетімен орыс патшасының тағын басып, баба әруағын орыс патшасынан жоғары қойғандай болғанын сезінемін. Әлі күнге дейін «Жаратқан иеміз сол оқылған Құранды қабыл етсін!» деймін.
Марат ҚОБЛАНОВ














