ЕКІ БІРДЕЙ ДЕПУТАТТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ – ЛГБТ

ЕКІ БІРДЕЙ ДЕПУТАТТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ –  ЛГБТ

Қазақта «Естімеген елде көп» деген тәмсіл бар. Соның шындығына көзіміз жетіп келеді. Тіпті батыстың қаңсығының өзі біздің жастарға таңсық бола бастағаны байқалады. Ата-бабамыз атын естімек түгілі, затын да білмейтін ЛГБТ дейтін сойқан шықты. Қарап тұрсақ, шетелдегі тірегі мықты. Күннен-күнге белең алып барады. Ұлт жанашырлары дабыл қағып,  қағынан безген ұл мен қызға тоқтам жасуға, шектен шыққандарға жаза қолдануға Үкіметті шақырып келеді.  Халықтың жанайқайы Мәжіліске де жеткен тәрізді.

Мәжілісте тағы да ЛГБТ-ге қатысты әңгіме қозғалды. Бір емес, екі бірдей депутат Үкіметке ЛГБТ ұйымдарының жұмысын тексеріп, мұндай «азғындықты» насихаттауға заңмен тыйым салуды ұсынып, сауал жолдады.

Депутат Жанарбек Әшімжан соңғы жылдары ЛГБТ-ны насихаттайтын ұйымдардың белсенділік танытып жатқанын, әсіресе, TikTok сынды әлеуметтік желіде аталмыш мәселеге қатысты үгіттеу видеолары көбейіп кеткенін жасырмады.

«Олар TikTok, өзге де платформалар арқылы өскелең ұрпақты азғындыққа үгіттеуде. Аса жоғары технологиялық әдіс-айламен қаруланған мұндай қитұрқы үгіт-насихатқа әлі кәмелеттік жасқа толмаған, жақсы мен жаманды айыра білмейтін, бұғанасы бекімеген, рухани діңгегі қатпаған балалар мен жасөспірімдеріміз тез бой алдыратыны анық. Бұл әрекет БҰҰ-ның Балалар құқығы жөніндегі конвенциясына да қайшы келеді», – деді депутат.

Жанарбек Әшімжан мұндай ұйымдардың қоғамды іштен ірітіп, мемлекетке қауіп төндіретінін атап өтті. Депутат «Феминита» ұйымының мектеп оқушыларының чатына хабарлама жібергенін, онда «жыныстық қатынасқа баулитын, қалай гомосексуалист, лесбиянка болу жолдарын үйрететін іс-шараға» шақырту жіберілгенін айтып, өскелең ұрпақты аталмыш ұйымдардың насихатынан қорғау маңыздылығына тоқталды.

«ЛГБТ насихатына заңмен тыйым салуға да бастамашылдық еттік. Алайда бұл Үкімет тарапынан қолдау таппай келеді. Енді Үкімет халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдардың қас-қабағына қарап жалтақтамай, еліміздің ішкі ісіне араласып, шаңырағымызды шайқағысы келетін мұндай қадамдарға батыл тосқауыл қоймаса, бәрі де кеш болады», – деп ескертті депутат.

Бұл мақсатта депутат әлеуметтік желілерді қатаң сүзгіден өткізіп, мұндай сарындағы ақпаратқа тосқауыл қоюды, ЛГБТ қозғалысының кәмелеттік жасқа толмағандарға әсері туралы зерттеу жүргізуді, сырттан қаржыландырылатын, түрлі гранттар алатын, ұлттық салт-дәстүрімізді мансұқ ететін үкіметтік емес ұйымдарды тексеруді ұсынды.

Ал өз сауалында екінші депутат Еділ Жаңбыршин әріптесінің бастамасын қолдады. Депутат әсірефеминистік, ЛГБТ, эмо және басқа да субъмәдениеттік қозғалыстар арнайы, жоспарлы түрде миллиондаған АҚШ долларымен қаржыландырылып келгенін, олардың ұлтараздық пен діни алауыздықты, сепаратизм мен трайбализмді біздің саяси күн тәртібімізге енгізуге күш салғанын айтты.

Депутаттың айтуынша, соңғы он жылдықта Қазақстанның ішкі саясатына ықпал ету үшін USAID-тен 150 млн доллардан астам қаражат бөлініпті.

«Осындай ұйымдар демократиялық қағидаттарды желеу етіп, жалаң ұранмен «жұмсақ күш» арқылы өзінің жымысқы саясатын іске асырады. Оларға Қазақстанның жақсарғаны емес, шайқалғаны пайдалы», – дейді депутат.

Жаңбыршин сыртқы күштердің ел саясатына араласуына жол бермеу үшін АҚШ, Қытай, Ресей сияқты арнайы заңдар қабылдау мәселесін көтерді.

Депутат Қаржы министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдарға мынадай ұсыныс білдірді: Еліміздің ішкі саясатына араласуға бағытталған сырттан құйылған қаржыны анықтап, тиісті шара қабылдасын;

Шетелден қаржыландырылатын ұйымдардың қызметін реттейтін қолданыстағы заңнаманың тиімділігіне талдау жүргізсін;

Шетелдік гранттар арқылы қаржыландырылатын жобалар мен ұйымдардың қызметін бақылау және реттеу механизмдерін жетілдіру қажет, – деді.

Ендігі бар үміт Үкіметте. Елдің болашағы үшін тез арада ЛГБТ-ға орай Парламент заң қабылдамаса, ауру асқына бермек.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
10.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 4377
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 4555
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 19502
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 18157
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 21606