Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысындағы іссапарын «Зеренді сақтау өнімдері» ЖШС-нің тыныс-тіршілігімен танысудан бастады.
Серіктестіктің егін алқабын аралаған Мемлекет басшысының егіннің бітік шығымына көңілі толды. Алланың көктен иіп, жерден берген несібесіне шүкір етті. Жұмысшалармен емін-еркін сұхбаттасты. Хал-жағдайларын сұрап, еңбек жылдарындағы іс-тәжірибелеріне қанықты.
Облыс басшысы Марат Мұратұлы Президентке өңірдегі егіннің жағдайын баяндап:
– Биыл облыстағы егіс алқабының көлемі 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 млн гектарға жетті.
Меже бойынша аймақтағы ауылшаруашылық еңбеккерлері 7 млн тоннадан астам дәнді, 650 мың тоннадан аса майлы дақыл жинайтын болжам бар. Бүгінге дейін 3,6 млн тонна астық бастырылды. Орта есеппен 1 гектардан 15,4 центнер беруде. Жиналған өнімнің сапасы жоғары деңгейде, – деді.
Өңірдегі жағдайға қаныққан Мемлекет басшысы тиісті лауазым иелеріне ақыл-кеңес, тапсырмалар жүктеді.
– Биыл ауа райы қолайлы. Үкімет қолдау көрсетіп отыр. Жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп, алдын ала жеңілдетілген несие беруде. Астық түсімі жақсы болады деп ойлаймыз. Баршаңызға табыс тілеймін. Жолдауда атап өткенімдей, басты міндет – ауылшаруашылығында терең өңдеу өндірісін дамыту. Былтыр ауылшаруашылығындағы өнім көлемі 8 трлн 250 млрд теңгені құрады. Бұл көп те, аз да емес. Басқа елдермен салыстырғанда ауылшаруашылығы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бірақ ішкі жалпы өнім көлеміне шаққанда, бұл 6 пайыз ғана. Яғни экономикадағы ауылшаруашылығының үлесін арттыру қажет. Ауылшаруашылығы – біз үшін табысты сала. 12 млн тонна бидай экспорттау әлеуеті – өте жоғары көрсеткіш. Қазірдің өзінде астықты Еуропа елдері сатып алып жатыр. Жолдауда айтқанымдай, астықтың алғашқы легі, шамамен 15 мың тонна бидай Вьетнамға жолданды, – деген Мемлекет басшысы еселі еңбектері үшін еліміздің диқандарына ризашылығын білдірді.
Содан кейін ел басшысы Ақмола облысының Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді. Іс-шараға Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының диқандары бейнебайланыс режимінде қатысты.
Президент Зерендідегі кеңестен соң Көкшетау қаласының 2050 жылға дейінгі бас жоспары және «Көк шалғын» саябағының жобасымен танысты.
Өңір басшысы жоспар аясында жылу электр орталығы, облыстық көпбейінді аурухана, көпфункционалды спорт кешені салынып жатқаны және облыс орталығының аумағы 7 мың гектарға ұлғаятынын жеткізіп, жобадағы ерекше нысанның бірі – Қопа көлінің жағасында бой көтеретін заманауи іскерлік орталықпен таныстырды. Президент «Көк шалғын» жобасы бойынша салынған нысандар мен Қопа көлінің жағасындағы саябақты аралап, тұрғындармен жүздесті.
Президент саябақты аралау барысында Көкшетау қаласындағы Шахмат үйін аралап көрді.
Қопа көлінің жағасында орналасқан ғимарат бұрын Президент резиденциясы болған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр желтоқсан айында Шахмат үйіне берілген болатын.
Келесі кезекте Қ. Тоқаев Digital Aqmola орталығында болып, Ақмола облысын цифрлық жаңғырту жоспарымен танысты.
Мұнда «103», «109», «112» жедел қызметтерін ортақ платформаға І-Komek бірыңғай байланыс орталығы топтастырылған.
Орталықтың мақсатын таныстырған Марат Ахметжанов «Дихан-Плюс» шаруа қожалығының тәжірибесіне сай аграрлық салаға жасанды интеллекті енгізу пилоттық жоба іске қосылғанын жеткізіп, нәтижесінде өнімділікті арттыратын, кәсіпорынның кірісін ұлғайтатын және бюджетке қосымша табыс әкелетін агротехникалық шешімдер әзірленгенін айтып, өңірдегі шаруа қожалықтарға кеңінен тарату жоспарланғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ақмолалық еңбеккерлердің ел үшін атқарып жатқан игі істеріне риза болып аттанды.
Дахан ШӨКШИР,
Ақмола облысы