Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады. Серік Жұманғарин Мемлекет басшысына Қазақстан экономикасын монополиядан арылту жөніндегі реформалар аясында агенттікке берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, прокуратура органдары мен агенттіктің, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада сататындардың қызметіне жүргізген тексеру нәтижелері бойынша 5,5 миллиард теңге қаржыға қатысты заң бұзушылықтар анықталған. Автомобиль газын бөлшек саудаға шығаратын 193 сатушы мекемеге салынған айыппұл көлемі 103 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ агенттіктің ұсынысы бойынша Энергетика министрлігінің сұйытылған мұнай газын электронды сауда алаңдары арқылы ұйымдастыру және сату тәртібіне өзгерістер енгізілген. Оның ішінде бағаның 10 пайыздық шегін 3 пайызға дейін түсіру де бар. Одан бөлек Серік Жұманғарин қазіргі уақытта «Eurotransit Nur Zholy», «Қазфосфат», «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ларына және «Каскор-Транссервис» акционерлік қоғамына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар «ҚТЖ» ҰК», «Қазақтелеком», «Аймақ» ҚТА», «Транстелеком» сияқты акционерлік қоғамдарда, сондай-ақ азық-түлік тауарларын сататын сауда орындарын жалға беру қызметтеріне қатысты сауда нарықтарында, монополияға қарсы заңнаманың бұзылу белгілерін анықтау үшін талдау жүргізілуде. Кездесу барысында агенттік төрағасы президенттің монополиялық топтарға кешенді талдау жүргізу жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін мұнай және мұнай өнімдері, табиғи газ, электр энергиясы нарықтарын, теміржол көлігі, азаматтық авиация қызметтері, қоғамдық көлік, телекоммуникациялар, қаржы нарықтарын монополиядан арылту жөнінде ұсыныс айтты. Серік Жұманғарин негізгі тауар нарықтарын монополиядан арылтуға және бизнес үшін қолайлы бәсекелестік орта қалыптастыруға бағытталған Бәсекелестікті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеу барысы жөнінде де баяндады. Кездесу соңында мемлекет басшысы Қазақстанның болашағы үшін бәсекелестікті дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, экономиканың маңызды салаларын монополиядан арылту жөніндегі жүйелі шараларды іске асыру жұмыстарын жалғастыруды және олардың сапалы орындалуына бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.