Ұлттық Статистика бюросының деректеріне жүгінсек, қазір Қызылорда облысы ауыр депрессияны бастан кешуде. Әсіресе пандемия өңірдің экономикасына ауыр соққы болып тиген. Жағдай жылдан-жылға нашарлап барады. Биылғы 10 ай бойынша Қызылорда облыстық бюджетінің есебіне сай, облыстың өзі тапқан 29,8 миллиард теңгесі табыс салығы, әлеуметтік салық, айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар мен өзге де салықтық емес түсiмдерден құралған. Дәл осы кезде облыс республикалық бюджеттен 320 миллиард теңге дотация алыпты. Қызылорда облысының республикалық бюджетке қол салуы жылдан-жылға күшейіп барады. 2018 жылғы қаңтар-қазан айларында облыс республика қазынасынан 159 миллиард теңге алса, 2019 жылдың сол кезеңінде осы сома 190 миллиард теңгеге, 2020 жылы 237 миллиард теңгеге, ал биыл 320 миллиард теңгеге бір-ақ көтерілген. Сонда 4 жылдың ішінде Қызылордаға мемлекеттің қаржылай көмегі екі есе көбейіп отыр. Бір қызығы, мемлекеттің көмегі күшейген сайын, Қызылорда облысы әлсірей түсуде. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, облыста өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 2018 жылы 941 миллиард теңге болса, осы көрсеткіш 2019 жылы 852 миллиард теңгеге, ал 2020 жылы 653 миллиард теңгеге бірден құлдыраған. Алуын күшейтсе де, Қызылорда өз табысын сол деңгейде көбейте алмай отыр. 2018 жылы облыс өз бюджетіне 19 миллиард теңге жинай алса, 4 жылдың ішінде сол түсімді 29,8 миллиардқа, яғни биыл бар-жоғы 10 миллиард теңгеге өсірген. CSI зерттеулер орталығы жүргізетін өңірлер рейтингінде биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қызылорда экономикасы ең төмен құлдыраған облыс атанып отыр. Ол бірден 4 позиция жоғалтқан. Рейтингте бұған дейін дәл осылай қатты құлаған облыс болмаған еді. Қызылорда облысының қазіргі әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңір басшылығына карантин басталған ауыр кезеңде, 2020 жылдың басында келді. Сондықтан облыстың экономикадағы нокдауны бойынша басты сұрақтарды қазіргі әкімге ғана емес, оның алдында өңірді бес жылдан аса уақыт басқарған Қырымбек Көшербаевқа да қою керек сияқты. Қалың көпшілікті облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Орталық коммуникациялар қызметінің алаңшасында ақпарат құралдарына есептік брифинг өткізгенде нендей деректерді алға тартып ақталатыны қызықтырары сөзсіз. Асықпасақ, оның да куәгері болармыз. Әліптің артын бағалық...