ЕЛ АМАНАТЫН БИЛІККЕ ЖЕТКІЗУ – АРДЫҢ ІСІ!

ЕЛ АМАНАТЫН БИЛІККЕ ЖЕТКІЗУ – АРДЫҢ ІСІ!

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қошанов Ерлан Жақанұлына!

Бір ауылдың жыры (Кемертоған ауылы) бүкіл қаланың, бүкіл республиканың жүгін көтеріп тұр. Масқара емес пе?! Алматы секілді үлкен шаһардың іргесіндегі  бүгінгі ахуал осы! Дамыған елдерде қала маңындағы ауылдардың өзі жайнап, көз жауын алып қайнап тұрады.  Мысалы Мәскеудің іргесіндегі  «Подмосковые», Париждің, Лондонның маңындағы ауылдар қандай! Жарқырап атқан таңдай! Сүйсінесің. Қызығасың. Алайда өз еліңді көргенде қамығасың, жабығасың.  Жерінің асты мен үстінің байлығы ол қалаларды он орайтын Қазақстанның, дамуға бет алған Қазақстанның бүгінгі Алматысының жағдайы неге мүшкіл? Бұл кімнің кінәсі? Кім жауапты бұларға?  Ару Алматымыз маңайындағы, баурайындағы ауылдарының  мүшкіл тұрмысымен  Ауру Алматы секілді теңселіп тұра бере ме?

Қаншама ай болды біз айтып, көтеріп жатқан проблемаға! «Qazaqstan dauiri» басылымы шырқырап жазып жатыр.   № 36 (1463) 7 қыркүйек 2023 жылы «Үш ауысымды мектептің зары» (1 және 5-бетте), №41 (1469) 12 қазан 2023 жылы «Құлдық бұғауындағы» қырық үйдің зары. Қарапайым ауылдағы халықтың мұң-мұқтажын кім естиді?» (1 және 2 бетте), № 2-3 (1481) 25 қаңтар 2024 жылы «Ауылдар құлдық бұғаудан қашан құтылады?» (11 бет), № 6 (1484) 15 ақпан 2024 жылы «Меншік иесіне әкімдіктің де қауқары жетер емес» деген мақала шықты. Жанайқай. №9 (1487) 07 наурыз 2024 жыл  «ҚР Үкіметінің назарына! «Меншік иесіне биліктің қауқары неге жетпей отыр?» (1 және 2 бетте) деген мақала тағы басылды. №12 (1490) 28 наурыз 2024 жыл «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың назарына! «Біз Калелованың құлы емеспіз!» және осы нөмірде «Кемертоған ауылы тұрғындарының ҮНДЕУІ» (1 және 7 бетте) жарық көрді. Қалай қамықпайсың, қалай мұңаймайсың! Халықтың жанайқайы, Абай жарықтық айтпақшы, «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым…» деген өкінішіне ұласып тұр. Газет көтерген проблемаға көңіл аударған билік, не бір белсенді, не бір депутат жоқ.  «Әу» деген бір шенеунік, не бір  әкім көрмедік. Бәрі қалың ұйқыда. Қалың ұйқыдан аюдың өзі оянған кезең ғой, ағайын…

Мен Алматыға арнайы келдім. Сең қозғалмай жатқасын, халықтың соңғы жанайқайын тағы жаздырдым журналисімді ертіп жүріп. Халықпен екі күн бірге болдым. Мәселемен терең таныстым. Жағдай ушығып барады. Ашынған жұрт көп…

Жоғарыдағы сілтемеге көз жүгіртсеңіздер, бұл мақала таяуда ғана жазылды. Естеріңізге сала кетейін, «Qazaqstan dauiri» газеті  елдің жанайқайын бірінші жазғанда «Парламенттің назарына» деді. Кейін «Үкіметтің назарына» дедік. Амал жоқ, кешегі соңғы нөмірде «Президенттің назарына» дедік. Басқа амалымыз да қалмады. Әрине, Мемлекет басшысының мұнсыз да шаруасы шаш етектен. Бірақ ол сенім артқан құзырлы органдар бізді осыған мәжбүрлеп отыр.  «Әттең, тонның келтесі-ай!..» демеске шара бар ма?

Мен аталмыш ауылға арнайы барып халықпен сөйлескенде көптеген жағдайларға куә болдым. Иә, бізде заң солқылдақ. Құран емес қой, заңды өзгерту керек-ақ. Халық – Алланың бір аты. Осыны естен шығармауымыз керек. Халыққа келіп жағдайымен танысу, олардың үнін есту, ауылды аралау, елдің тұрмысы қалай екен деп алаңдап отыру – ел басқарып отырған азаматтарға сын! Халықтың жанайқайы басылым бетінде неше мәрте көтерілсе де, ауданнан, аудан емес-ау, ауыл әкімінен бір хабар болмаған. Ат ізін салмаған. Іргелі ауылдық округінің әкімі Арманды бір көру ауыл жұртына орындалмас арман болып тұр екен. Қайта-қайта орынбасарларын жіберіп,  елді де титықтатыпты. Оларды да түсінуге болады. Қолдарында қауқар жоқ. Қауқар болған күнде де ниет байқалмайды. «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі».  Сондықтан да қайта-қайта келіп жазып жатырмыз. Осылар дұрыс айтады деудің орнына, шенділер бізге қарсы пейілде. Халықпен кездесу өткенде, бәрін көзбен көру үшін  бір жиынға «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы қатысты. Сонда бүкіл облыстан келген басшылар Калелова ханымның сөзін сөйлеп отырыпты. Ауыл халқын жинап, мәселенің мәнісіне үңіліп, жиналыс ашуға олардың зауқы жоқ. Қаламайды. Қаншама жиналыс өтті, бәрінде  Калелова дандайсып жүр. Себебі барлық жерде оны қолдау басым. Осыны көріп отырып, іріген жүйе демеске шара жоқ. Олай деп айтпаушы едім, айтқызды бұлар…  Осы жүйе заңды өздеріне ыңғайлап жасатқан тәрізді. Өз басым шырылдап әділдік іздеп жүрген  халықтың қорғаушысы, қолдаушысы  Раушан деген заңгер қызға дән ризамын…

 

 

Жекеменшік иелерінде шикілік көп. Өте көп… Сондықтан да заң шығаратын орган ғой деп, Мәжіліске жүгіндік. Обалы нешік, ол жақтан да депутаттар келді. Әлі де халықтың үміті сол Мәжіліс депутаттарында. «Біз «Аманат», «Ауыл» деп бөлмейміз. Бізге бәрі бірдей. Тек халықшыл болса болды» дейді халық. Мәжілістегі депутаттардың аттарын атап, мұңымызды, өтініш-арызымызды соларға жеткізіңізші дейді бұқара. Бірақ кім бар құлақ түріп отырған?

Бұл жолғы мақаламыз да  елдің аманатына орай Мәжіліс төрағасына арналмақ.  Біздің жазғанымызға көңіл бөлсе екен.  Себебі жазылған мақалада халықтың зары мен жаны тұр. Халық болмаса, шенді-шекпенді кім? Бұл мәселе бүкіл Қарасай ауылдарының жекеменшік өңірлеріне тән. Бұл Калелова ханым судың тазалығына көңіл бөлмейді, жарықты қайта-қайта өшіру деген түк емес. Судың нашарлығынан үйлердегі пайдаланып отырған тұрмыстық техникалар шыдамай істен шыға береді. Тізе берсем, заңсыз іс жетеді. Барлық істі Прокуратураға да тексеруге жібереді. Әкімшілікке де жіберді. Бірақ тексеру деген атымен жоқ. Сол жіберген хатты қайтадан аудан әкіміне жібереді. Аудан әкімі ауыл әкіміне жібереді. Осындай жағдай біздің елден басқа қай елде бар?

 

Олар тіпті «орындаймыз» деп хаттама жазады.  Бірақ біреуі орындалған емес. Осының бәрін жаза келе халық та шаршады. Кімге мұңын шағарын білмейді…

 

ӘКІМДЕР МЕН ШЕНДІЛЕРДІҢ УӘДЕСІНЕН ШАРШАҒАН АУЫЛ

 

Ел Президенті үш жылды Ауыл жылы деп жариялады. Біздің «Qazaqstan dauiri» газеті, он үш жыл болды, «Ауыл экспедициясымен» өңірлерді аралаймыз.  Бұл біздің газеттің ұстанымы. Парызымыз. Сәуір айында, Алла жазса, үлкен дөңгелек үстел ұйымдастырылмақ. Онда ауылдағы өзекті проблемалар қаузалады. Ауыл болмаса, біз кімбіз? Елдің бәрі – патша да, басқа да ауылдан шыққан. Осы ауылға ел Президенті керемет көңіл бөліп отыр. Бай мен кедей деп  бөлмей, бәріне тең қараңыздар деп отыр ғой. Сол тапсырманы орындамай отырған кім? Әрине, төменгі билік. Халық қаласа, хан тағынан түседі деген бар.  Халықтың өтініші.

1.Біздің айтарымыз – жекеменшік туралы заңды қайта қарау керек. Осы ауылдың бәрі бірауыздан «мемлекет өз меншігіне алса» деп жылайды. Газеттегі мақаланы оқығанда көздеріңіз жетеді, тіпті өз көшелерін өздері ақша жинап жөндетеді. Халық қол жайып, қарап отырған жоқ. Өткен нөмірдегі мақалада Зайытовты тегін айтқан жоқпыз. «Әділетті Қазақстанның ауылына қашан жетеміз?» деген сұрақты бұлар да қояды. Әділетті Қазақстан құру үшін халықпен байланыс қайда?

Ауылға барса, кіре берісінен-ақ шашылған бөтелкелерді, іріп-шіріген қоқыстарды көрер еді. Оларда құлық пен ниет жоқ. Не деген сұмдық бұл?!

Бар мәселе Ел Президентінің айтқанын орындамауда жатыр. Ол айтудан кенде емес.  Президентті халыққа жеккөрінішті етіп көрсетуде бұлар. Басқа бірдеңе деу қиын. Сондықтан облыс басшысынан бастап, аудан басшысы қоштап істеп отырған халыққа қарсы жұмыс бұл. Бір жиналыста «Сіздің бұныңыз дұрыс емес» деген сөзді айтқан жоқ оған. Айта алмайды. Себебі заң бойынша жекеменшік нысанға қол тигізуге болмайды. Ең ғажабы, көше де бөлінбеген. Оның бәрі жазылды. Ол әйел халыққа: «Көше менікі, көшемен жүргізбейміз» деуге дейін барды. Қасиетті Рамазан айында көпбалалы үйді сағат 11-ден аса электр энергиясынан ажыратып тастады. «Құдайдан қорықпағаннан қорық»  деген осы болар.  Елдің «Әділетті Қазақстанға» сенімдері бар. Қазір сол сенім бұлттары сейіле бастаған секілді. Бірақ басшылардың «Qazaqstan dauiri» газетінде жазылған сыни мақалаларды оқымағанына  көзім жетті.

Біздің газеттің журналисі бірінші күннен бастап Калелованы әңгімеге шақырды. «Әй, сені сатып алған. Сен кімсің?» дейді Калелова біздің тілшімізге. Барын бірде жеткізіп, бірде жеткізе алмай отырған қазақтың жастары газет тілшісін сатып ала ала ма?  Тілші сатыла ма оған? Әркім өз мәдениетіне, деңгейіне қарай сөйлейді деген осы емес пе!

Біздің мақсатымыз біреуді қаралау емес, ауылды көрсету! «Ауыл аманаты», «Жер аманаты»  деген сөз қайда? Бұл біздің мойнымызда емес пе! Тіпті Қарасай ауданының «Аманат» партиясының төрағасына шейін «Сендер қойыңдар» деп шыға келді. Қазір естуімше, орнынан алыныпты дейді. Ел Президентінің айтқаны орындалу үшін оған тірек бола білу керек. Ал қазіргі Алматы облысының Қарасай ауданының басшысымен, Арман секілді ауыл әкімімен алысқа ешкім бара қоймас. Аманаттың мойнымызда екенін ұмытпайық. Енді мен сол ауылда екі күн болғандағы елдің аманатын депутаттарға жеткізгім келеді. Абзал Құспан, Ринат Зайытов, Елнұр Бейсенбаев, Бақытжан Базарбек, Қазбек Иса, Анас Баққожаев, Мақсат Толықбайды ел көп айтады. Осы жерге Данияр Қасқарауовты да қосамыз. Себебі Мәжіліс депутаты ауыл тұрғындарын алты айдан бері арнайы іздеп келіп, асықпай тыңдап, ауылды аралады. Елдің мұңын естуге арнайы келген депутатқа халық сенім артуда. «Біз білеміз, бұл азаматтардың да үні билікке жете бермейді, бірақ олар біріксе, үлкен күш емес пе?» деп отыр халық. Халық кімді іздеп, кімді іздемегенде емес мәселе, ауылдың, облыстық мәслихатының депутаттары қайда? Әкім келмеген жерге олар қалай келеді?

Мәжіліс депутаттары келер, келмес, мен өз көргенімді жазғым келді. Біз халық пен биліктің ортасына алтын көпір болуға тиіс басылымбыз. Біз өз міндетімізді адал атқарып жүрміз. Облыстағы, аудандағы Ел Президентіне тірек болатын азаматтар, сендерге қалғуға болмайды. Сендер қалғысаңдар, халықтың қарғысын арқалайсыңдар! Ел аманатын сіздер арқалап жүрсіздер!  Газетке шыққан материалдарды Сіздер оқысын, Ел аманатын сезінсін деп, әдейі сілтемесімен қойдық. Ал Калелова ханымға айтарымыз,  уәжі болса, қарсы пікірі болса, редакция Алматыда. Редактор бәрін тыңдауға дайын.

Біз ешқашан бір жақты жазбаймыз. Осыны еске сала кетейін.   Кемертоған ауылының  мәселесін аяғына дейін жеткізбей, біз тоқтамаймыз. Біз халықпен біргеміз. «Елдестірмек елшіден» деген… Осы аз күнде халықпен көп әңгімелестім. Азаматтар иман-парасатты, еңбекқор. Қазақтың сен тұр, мен атайын деген жігіттері,  аналармен, отбасылармен де кездестім, аманаттарын жеткізуге уәде бердім. Сондықтан қолыма қалам алып, осы мақаланы назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.  Олар: «Апа-ау, біздің осы аманатымызды жоғарыға жеткізіңізші. Бала-шағамызды  аямай, бес сотық жердің өзін сан бөліп, құлдық өмір кешуге дейін апарды. Төрт-бес жыл білгендерін жасады ғой. Коммуналдық төлемдерге ешқандай түбіртек бермейді. Енді кооператив құрдық, соған кіріңдер дейді. Оны 35 үйден 5 адам ғана қолдап отыр. Ол да кворум жоқ, заңсыз» деп отыр халық. Халықтың өтініші: «Калеловадан бізді құтқарса, біз де ел сияқты жарықпен, таза сумен қамтамасыз етілсек. Ел Президенті халықтың, біздің жағдайды жаса деп жатыр ғой басшыларға.  Біз де солай өмір сүргіміз келеді. Ақшасын төлейміз, мынадай құйтырқы істерге ақша төлемейміз» деп ашынып отыр халық.

Ауыл – алтын бесiк. Өткен жылы елімізде Ауыл жылы болып жарияланған болатын. Мемлекет басшысы «Мен ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырдым. Бұл – менің жаңа президенттік өкілеттігім басталғаннан кейінгі алғашқы Жарлығым. Келесі жыл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға арналады. Тұжырымдаманы әзірлеуге мамандарды, шаруаларды және жергілікті қоғам белсенділерін тарту қажет. Ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, жаңа әрі әділетті Қазақстанға жаңаша ауыл ауадай қажет. Өкінішке қарай, әділетсіздік құрсауында тұншығып, жаңаша ауыл болуға деген кедергілерден көз аша алмай тұрған ауылдардың бары көңілге қаяу салады. Осындай тоқырауға ұшырап тұрған ауылдың бірі – Кемертоған ауылы. Бүгін тағы да Кемертоған мәселесіне оралмақпыз. Қаншама уақыт өтсе де, қанша кездесулер өтсе де, нақты нәтиже көрмей тұрмыз. Бұлардың артында кімдер тұр?  Үкіметім-ау, бері қарасай, көңіл бөлсей, мәселені шешсей!

 

Ортамыздың ойранын шығарған отыз жылда бұл аудан не көрмеді? Соның салдарын, зиянын бүгін қарапайым халық тартып жатыр. Жауабын таппаған жүздеген сұрақ, әбден қажыған мыңдаған адам. Әкімдердің, басқа да шенеуніктердің құр уәдесінен шаршаған халық. 

 

 

БИЛІКТЕН АРАША КҮТКЕН ХАЛЫҚ ҚАШАНҒЫ КҮЙІНЕ БЕРМЕК?

 

 Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылының мәселесін көтеріп жүргенімізге міне жарты жыл болды. Газетіміздің алдыңғы №1 (1480)  №6 (1484)  №9 (1487) нөмірлерінде де жазған болатынбыз. Президенттің өзі бірінші кезекте ауыл тұрғындарының мүддесі қорғалуы керектігін атап өтті. «Жалпы, «бармақ басты, көз қысты» дегенді мүлдем доғару қажет. Өзара ымыраласқан, астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр», – деді Мемлекет басшысы. Бірақ Президенттің бұл сөзін орындап жатқан Қарасай ауданы әкімшілігінің әрекетін көріп тұрғанымыз шамалы. Осы уақытта ауыл тұрғындарымен бірге бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз жоқ. Министрлік, ауыл әкімдігі, аудан әкімдігі, облыс әкімдігі құр сөзден іске көшетін кез келген шығар!

Халық нәтижесін күте-күте шаршады.  Басқа-басқа, Президенттің айтқаны, кесімді бұйрықтары неге орындалмайды? Біз осыған таңғаламыз. Тіпті Кемертоған тұрғындарының жанайқайын өз көзімізбен көрейін деп, бұл ауылға бірде-бір әкім қаралардың келмеуін не деп түсінеміз? Халықты һәм Президенттің айтқандарын менсінбеу, елемеу не деген сұмдық!

Жер  – халықтың меншігі. Ел аманаты, жер аманаты деген құрғақ сөзден не пайда? Жерді кезінде қалай болса солай сатқан. Бұрынғы әкім, қазіргі әкім деп бөліп, басты қатыратындар бар. Тәртіп орнату үшін бір заң керек қой. Шендіге де, шермендеге де бас имейтін. Осы сапарда халықтан  қасиетті Рамазан айында татулық пен ынтымақ сақтауды өтіндім. Олардың «Сіздер жазып жатырсыздар, неге билік оқымайды? Неге бізге араша түспейді?» деген өкпе-наздарына да куә болдым. Әрине, билікке, Парламент депутаттарына жеткізуге уәде бердім. Алғашқы мақаланы Парламент Мәжілісіне арнадық. Бірақ олар жаңа сайланып жатқандықтан, көп мән бере қоймады-ау деп ойлаймын… Кейін сең қозғалды…

Әкімдер мен депутаттар ауылдың мәдениет  үйінен қайтады, біз сөз етіп жатқан ауылға жолатпайды.  Құр сөз. Бос уәде.  Бұл ауылға тісі батпайды-ау деген ой менің де, халықтың да көкейінде қалды. Тек Мәжілістегі  «Ауыл партиясы» депутаты Анас Баққожаев  ҚР Бас прокуратурасына депутаттық сауал жолдап, халықты үміттендірді.   Сол үміт жібі әлі үзілмей тұр. Ауыл тұрғындары оған шексіз риза. Әділдікті іздеуге атсалысқаны үшін. Бұра тартып, күштілердің ығына жығылмағаны үшін…

Депутатқа прокуратурадан сауалға жауап та келді…

Ол хатта да халық пайдасына шешілген дүние жоқ. Облыс прокуратурасына жазылған тұрғындар хаты ауыл әкімшілігіне  қайтарылды.

Ауыл тұрғындарының зары мен мұңы тұла бойыңды шымырлатады. Сөз соңында айтар түйін сөз мынау: «Ауылда судың сапасыздығынан батареяларға қақ тұрып, жарылады. Бір маусымда екі рет ауыстырамыз. Жуамыз.  Темір екеш темір қақ тұрып жарылып жатқанда, адам денсаулығы туралы не деуге болады? Өзіміздің, бала-шағамыздың іші, бауыры, ішек жолдары ауырады. Бұл да мақалаларда айтылды. Жарықтың қайта-қайта сөне беруінен теледидар, кір машиналары, тұрмыстық заттар өшіп, кейін істен шығады. Өздері қалт-құлт етіп базар жағалап сауда жасап күн көріп жүрген жігіттердің, ауыл тұрғындарының күнкөрісін кім есептеп жатыр? Қымбатшылық болса мынау жағадан алып тұрған. Тұрмыстық заттардың бағасы анау аспандап тұрған. Оны кім ескереді? Ауыл тұрғындарының айтатыны «Бұл кісіден әбден шаршадық. Құл болып біттік. Кім бізді бұл кісінің құлдығынан құтқарады» дейтінге саяды.  Жарықты кез келген уақытта өшіре салу оған түк емес дейді тұрғындар. Ойына келген бағаны айта салуға да ұялмайтыны аз жазылып жатқан жоқ.

Әбден ашуланған қарсы  топ кейбір белсенділерге қастандық жасай ма деген қауіптерін де ауыл жұрты жасырмайды. Оның да түрі көп: жарықты әдейі жиі сөндіру, қоқан-лоқы көрсету,  үйге, қора-қопсыға өрт қою т.б. Біз де халықтың қаупін құзырлы органдардың есіне салып қойғанды жөн көрдік. Кім біледі, жаман айтпай, жақсы жоқ қой… Ақшасы көп адамдардың неден болсын тайынбайтыны, адам жалдап ойларын іске асыра алатыны да өтірік емес. Сондықтан да халықтың қорқынышын, қаупін билік ескерсе. Белсенді азаматтарды қорғауға алса, оларға ешкімнің залал тигізбейтініне кепілдік берсе деймін. Бұл – халықтың талабы! Зар еңіреген бір ғана ананың менің қолымдағы өтініш-хатын оқып көріңіздерші. Мұндай хаттың саны көп…

 

Мамытбаева Әлия және Койшыбаева Гульзира – көпбалалы аналар.  4 сотық жерлерін заңдастыра алмай жүр.  2014 жылдан бастап жетінші рет отказной алыпты. Соңғы отказда көшеде ештеңе жоқ депті. Қалай көрмей, білмей отыр сол нәрсенің бар екенін. Асфальт бар, оны дәлелдейтін  суреттер жетерлік. «Свет те жанып тұр, су да, интернет те бар. Бір қызығы, маңайымдағы көршілерім жерінің құжаттарын жасап алған. Несін жасырамыз, барлығы ақшаға жасатқан. Сонда ақшаға жасатқандар құжатты алады да, ақшасы жоқтар осылай жүре бермекпіз бе?  Неше жыл өтті, көңіліміз әбден  қалды. Алатынымыз отказной.  Жаңа Қазақстан деп жатыр  ғой деп, қаңтар айында қайта өткізсем, тағы отказной келіп тұр. Осы жағы түсініксіз. Айтар өтінішім,  осы мәселемді шешіп берсеңіздер» деп депутат Данияр Қасқарауовқа өтініш айтты.

 

 

Арман болған ауылдың Арман әкімі осыған уәде берді. Бұл да күлкілі жағдай. Раушан ханым Кемертоған ауылының дәл ортасындағы балалар алаңын көрсетуді жөн көрді. Ауылдың ортасында керемет үлкен бос орын бар екен. Суреті бар. Соны алты миллионнан астам теңгеге  жасатыпты. Соған қарағанда, бұл ауылда, бұл елде ешқандай Үкімет, билік жоқ-ау. Одан ары біз Алланың үйі мешітке бардық. Оған қияметпен зорға жеттік. Сол жердегі жамағат бізге мешітке апарар жолды таласа көрсетті. «Бұл жерде бәрі сатылады. Ол үрдіске айналған. Мешітке келетін үлкен жолды ақша жинап сатып алдық» дейді олар. Не деген сұмдық?! Осының себеп-салдары неде? Қасымыздағы  жас депутаттың көзі шарасынан шықты. Ол да бұл былықтарды бірінші рет естіп тұр-ау шамасы. Ал Раушан қызымның айтары әлі көп еді. Оған жауын шелектеп құйып кетіп, мүмкіндік бермеді. Бұл жерге жағдайды кім жасауы керек еді негізі? Күні кеше ғана Тараздан көшіп келген Раушан ба? Халықтың жанайқайын естіп жағасын ұстаған ол, өзі заңгер болғандықтан, жасалып жатқан былық-шылықты зыр жүгіріп көрсетіп жүр.  Арман болған Арман әкім көзімізден ізім-ғайым жоқ болды.  Сұрақ көп, жауап жоқ. Осының бәрін естіген депутаттың да қолынан не келеді? Халық болса «Депутаттарға бірауыздан сенеміз» деп отыр. Заң қайда? Бұл – жемқорлық жайлаған жүйенің отыз жылда берген жемісі. Осы ауылға облыс әкімдері мен ірілі-ұсақты шенеуніктер жол таппағанда, Даниярдың жол тапқанына ақ көңіл, дарқан қазағым  риза болып, көңілдеріне сенім ұялап қала берді. «Qazaqstan dauiri» газеті бұл мәселені назарында ұстайды. Аяғына дейін басы-қасында болады. Жазады. Саралайды. Билікке, Парламентке жеткізуге бар күш-жігерін салады. Бұл ауылға келген әрбір шенді мен депутаттың әр қадамы, сөйлеген сөздері, халықпен кездесуі басылымның назарында болмақ. Себебі бұл бір ауылдың ғана өзекті мәселесі емес, көптеген жекеменшік ауылдардың  проблемасы.  Жекеменшіктердің дандайсып кетуі заңды қайта қарауды талап етеді. Мұны халық талап етеді.

«Жүре берсең, көре бересің» дейді қазақ. Бұл рас. Кемертоған ауылына келіп, көрмегенді көрдік.  Халықтың жүретін жолын сатқан  сұмдықты көрдік. Қарасай ауылын «мемлекет ішіндегі мемлекет» деп бекер атамайды екен-ау. Соған көзіміз жетті. Іріңді жараның аузын шұқымай-ақ қояйын, бәрін іштеріңіз сезіп отырған шығар. «Qazaqstan dauiri» газетінің Президент Қ.Тоқаевқа, Парламент депутаттарына арнаған мақалалар легінде көп нәрсе қамтылды. Көп нәрсе айтылды.

Назарларыңызға:

https://www.facebook.com/watch/?v=842469374588455

 

Заңгер, осы ауылдың тұрғыны Раушан Жұматаева барлық мақала шыққан газетті әкімшілікке, басшыларға жіберген екен. Өкінішке қарай, оған бір-ақ азамат – Данияр Қасқарауов қана көңіл бөліпті.  Халықтың өтінішін Зәуренің айтуымен Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов сенбі күні сағат он жарымда алғашқы болып Кемертоған ауылына келді. Жанында әкім-қарадан ешкім жоқ. Ел-жұрт жүректері жарыла қуанды. Ауыл белсенділері  жік-жапар болып күтіп алды. Депутат бәрін көрді. Калелова ханымды да көрді. Оның баласы жанталаса қаңылтырмен скважинаны қағып жатты. Халық депутатқа өз жанайқайларын, өкпе-реніштерін «Ақша төлеуден қашып жүрмегендерін, қара жерді де «Бұл жер менікі, бұл жермен сендерді жүргізбеймін» деп қорқытып-үркітіп жүретін Калелованың іс-әрекетін, әпербақандық  қылықтарын жамырап жеткізіп жатты. Мен бәріне куә болдым. Сол күні кетуім керек еді, депутат келеді дегенді естіп,  кейінге шегердім. Жанында болуды жөн көрдім. Себебі Раушан ауыл әкімінің қызметін атқарып, сол жердегі біраз нәрселерді көрсетті. Оны кейінгі нөмірлерде береміз. Депутат бәрін асықпай тыңдады. Көшені көрді.  Кемертоған ауылында салынып жатқан «Жайлы мектепке» ат басын бұрды. Сол жерде тұрғанда Кемертоған ауылының екі көпбалалы анасы өз мұң-мұқтаждарын айтуға жанұшыра жетті. Қолдарындағы бума-бума құжаттарын көрсетіп, жағдайларын баяндай бастады. Сол сәтте арман болған ауыл әкімі Арман келіп, аналардың құжаттарын көріп: «Мен дүйсенбі, сейсенбі күндері бұл мәселелерді шешіп беремін», – деп уәде берді.  Оны да көрейік.

Назарларыңызға:

https://www.facebook.com/watch/?v=1097541151522140

 

ЕЛДІҢ ЗАРЫ МЕН МҰҢЫНА ҚҰЛАҚ ТҮР, БИЛІК!

 

ТҮЙІН СӨЗ: «Qazaqstan dauiri» газеті ауыл халқының аманатын арқалап отыр. Олар: «Біздің зар-мұңымыз сіздерге аманат. Сіздерден басқа ешкім бізге келіп, жағдайымызды біліп отырған жоқ. Сіздерге, газет ұжымына ризамыз.  Апай сіз, Еланасы деген атты арқалап жүрген анасыз, біз сізге ризамыз. Ана болса сіздей болсын. Міне, 6 айдан асты, газет  ұжымы бізбен біргесіздер. Қаншама мақала жариялаттыңыз.

Енді міне, өзіңіз келіп отырсыз. Халықтың аманатын Астанаға жеткізіңіз. Парламент депутаттары мен Президентке жеткізіңіз. Біздей емес, сіздердің қолдарыңыз ұзын. Бәрі сіздерге аманат. Ел бірлігі бізге де керек. Халықтың алдында өсиет болатын ізгі ойларыңызды жеткіздіңіз. Біз сізге разымыз», – деп мені шығарып салды.

Бәрін көзбен көріп, жүрегім ауырды. Халықты ашындыра бергеннен ұтарымыз не? Билік енді мойын бұрмаса, халықтың да ашу-ызасы тұтанып келеді. Менікі ескерту.  Парламент депутаттарын бөліп-жарғым келмеді. Халық сіздерге сенім артып отырғанын естеріңізден шығармаңыздар. Депутаттық сауал жолдап, үн қосыңыздар! Халықтың датын Үкіметке, Президентке жеткізіңіздер!

ХАЛЫҚТЫҢ АМАНАТЫНА АДАЛ БОЛЫҢЫЗДАР! ХАЛЫҚ болмаса, сіздер және шенді-шекпенділер кімсіздер?!  Мұның бәрі келешекте тарихтың жылнамасына жазылады. Сол кезде қара тізімнен көрініп қалмаңыздар дегім келеді.

Біз сөз еткен  Кемертоған ауылы да жемқорлықтың зардабын тартқан елді мекен. Заңсыздық өте көп жасалған. Оны ауылға бас сұғып, жер туралы құжаттармен таныса бастағанда сезе бастайсың. Сөйтіп, қою батпаққа – былыққа батқаныңды өзің де сезбей қаласың!  Ел аманатына қиянат жасалмауы тиіс. Құзырлы органдар «Qazaqstan dauiri» газетінде шыққан мақалаларды оқыса, көп нәрсені ұғынары сөзсіз! Оны қайталап жатқым келмейді. Көзі ашық азаматтарға барлығы АМАНАТ!

Қазір елімізге не керек? 

Татулық, елдің ауызбірлігі мен ынтымағы керек. Татулық пен ынтымақ қашқан жерде береке болмайды.

Ел Президенті де үнемі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын берік ұстануымыз қажеттігін айтып келеді. Соған сай болайық, ел билігінде отырған азаматтар. Алматының тап іргесіндегі бір ауыл құлдық күйге түсіп, күңіреніп жатқанда, тамағымыздан қалай ас өтпек!

Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев: «Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам белсенділері де бірдей бағынуға тиіс!» – деді. Бірақ бұған мойынсұнып жатқан шенеунік аз. Кейбіреулері күні үшін жүргеніне мәз.

Кемертоған ауылындағы проблема аз айтылған жоқ. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген рас.  Қайталап айтамын, халықта қорқыныш басым. Үрей үстемдік құрып тұр!

1.      17 квартал тұрғындарының «15 сәуірде жылу кезеңі бітеді. Тағы да Калелова ханымның «ойраны»  басталады» дегені жергілікті билікке де, Астанадағы шенеуніктерге де ескертуі деп түсіну керек.

2.      Ауыл белсенділері өздерінің өміріне, отбасыларына, үй-жайларына қауіп төніп тұрғанын жасырмай айтуда.

3.      Электр жарығы, су мен газға байланысты да күдік пен қауіп көп. Трансформатор өртенген жағдайлар болғаны сөзімізге дәлел.

4.      Газдан ақау шығып,  уланып, ауырған  тұрғындар бар.  Ондай жағдай қайталанса, кім жауап береді?

5.      Су құбыры (скважина) ауылдың ортасымен, үйлердің арасымен  стандартқа сай емес тартылған.  Адам өміріне өте қауіпті. Әсіресе Алматы қаласындағы жер сілкінісінен кейін халықта ұйқы жоқ. Жүректері әбден  шайлыққан. Биліктің көңілін бұрғызу үшін бұл жердегі халық қырылуы керек пе? Неге алдын алу шаралары жүргізілмейді?

6.      Ең сорақысы электр жарығына, суға ойына келген бағаны қояды. Квитанция, келісім-шарт осы күнге дейін жоқ. Техникалық шығындарды халыққа төлетеді. Ел мен жерде жоқ тариф осы ауылда. Үй ішінен үй тігіп отыр. Тіпті айына 1000 кв/т қояды,   4 айға – 4000 кв/т.  Бұдан асқан  зорлық бар ма! Заң қайда?  Талап қайда? Адамгершілік, ар қайда?

7.       Жолдың азабын аз көріп жатқан жоқ. Әсіресе Кемертоған ауылындағы Алланың үйі мешітке баратын жолдың жерін ауыл тұрғындары бірігіп сатып алыпты. Сол мешітке баратын жолдың жөнделуіне  ауыл тұрғындары ерекше өтініш жасады. Біз де қол қусырып қарап отырмаймыз. Жылда жолды ақша жинап жөндеген боламыз. Кемертоған ауылының жанайқайының бірі – жол мәселесі.

Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев «Әлеуметтік теңдік орнату керек. Олигархтардың ұрлаған ақшасын халыққа қайтару керек» деп айтудай-ақ айтты. Бірақ құлақ асып жатқан жан жоқ.

«Білім, медицина, сот жүйесі және тағы басқа салаға әлеуметтік теңдік орнатып, халыққа қолжетімді ету үшін күресеміз», –  деді халыққа Жолдауында. Бұл жақта бәрі керісінше. Өздері би, өздері қожа! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жекеменшік туралы заң өзгеруі керек. Бәзбіреулердің ығына жығылып, баюына жол ашқан, солар үшін жазылған заң халыққа үстемдік құрып тұр. Егер бұлай жалғаса берсе, Президент айтқан «Әділетті Қазақстанның» ауылы алыс. Керісінше халықтың ашуы мен ызасы жақын!

Иә, Президент Қ.Тоқаев мырзаның жолы ауыр  екен.  Қаншама жыл қордаланған дүниелер бір-бірлеп сетінеп жатыр. Әйтеуір күнде бір тосын оқиға! Қорқынышты жағдай! Атыс та, шабыс та, жарылыс та, толқу да көп. Оған көктем келе сала, еліміздің біраз өңірін басқан қар суының әбігерін қосыңыз. Бұл да халқымызға сынақ!  Жер-жердегі әкім-қаралардың салғырттығы да бар.  Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың да зардабы тиіп жатыр. Оны еш жасыруға болмайды!  Судан зардап шеккен халқыма, бауырларыма амандық тілеймін!  Сабыр тілеймін! Қиындықтың артынан жақсылық келетінін ұмытпайық!

Біз сіздермен біргеміз, қалың қазағым! Бейқам жұртым!

 

PS: Алматы іргесіндегі ауыл АМАНАТЫН «Елана» сайты арқылы көпшілікке жеткізіп отырмын. АМАНАТҚА қиянат жоқ!

 

 

Сәуле Мешітбайқызы,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

30.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 59
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 584
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 699
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 613
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 622

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8758
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8158
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11387
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9141
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10372