Ranking.kz: «Елден шығарылған қаражаттың көбі Кайман аралдарына бағытталған. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында қазақстандық инвесторлардың шетелге тікелей инвестицияларының жалпы ағыны 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстаннан шетелге тікелей инвестициялардың ығысуы 35,8 пайызға өсті. Қазақстандық тікелей инвесторлардың шетелге инвестициясының жалпы көлемінің 1 миллиард доллардан астамы қаржы және сақтандыру қызметі саласындағы инвестицияларға бағытталған. Бұл 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек кезеңімен салыстырғанда 85,8 пайызға артық», – деп хабарлайды. Одан кейінгі орында кәсіби және ғылыми техникалық қызмет (117,4 миллион доллар) және үй қызметкерлерін жалдайтын және өз тұтынуына арналған тауарлар мен қызметтерді өндіретін үй шаруасы қызметі (96,7 миллион доллар) тұр. Отандық инвесторлар капитал жөнелтіп жатқан елдердің ішінде офшорлар көп қолданылған. Мысалы, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйегінде салымдардың ең үлкен көлемі Кайман аралдарына тиесілі: 637,5 миллион доллар. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 3 есе жуық көп. Бұдан соң Ресей (253,1 миллион доллар) тұр. Үштікті тағы бір офшор – Сейшел аралдары (176,6 миллион доллар) тұйықтап отыр. Сейшел аралдарына қазақстандық инвестицияның жалпы көлемі 2021 жылдың үшінші тоқсанында жіберілгені белгілі болды. Бұл үшінші тоқсандағы шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің төрттен бір бөлігі. Ал жалпы қаңтар-қыркүйек айларындағы көрсеткіші 11,7 пайыз болып отыр. Негізінен бұған дейін бұл бағыт аса танымал емес болатын. Ал Кайман аралдарының үлесі, керісінше, тұрақты өсті: 2011 жылы ол небәрі 0,1 пайызды құраса, 2020 жылға қарай 23,3 пайызға дейін ұлғайды. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айының соңына қарай бұл бағыттың үлесі 42,2 пайызға жетті. Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев елден заңсыз шығарылған ақшаны қайтару бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ол үкіметке екі ай уақыт берген болатын.