Ауа райы күрт өзгеріп, қалың қармен қатар бұрқасын жел соққан күні ауданымыздағы 15 ауылдық округ пен 21 елді мекенде электр сымдары мен трансформаторларға зақым келіп, жарық өшкен болатын.
Сол күннен бастап аудандық ЖЭС-тің арнайы бригадалары ауыл-ауылды аралап, электр сымдарындағы ақауларды анықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі кезде ЖЭС мамандары Ақсу ауылдық округіндегі электр сымдарының ақауын жою бойынша жұмыстарды атқарып, ауылдағы электр жарығы толық қалпына келтірілді.
Өңірімізде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған күннен бастап тиісті мекеме қызметкерлері мен құтқарушылар күн демей, түн демей өз жұмыстарына адалдық таныта білді. Сонымен бірге, аудан тұрғындарына да осы аралықта барынша сабырлық танытып, өз кезегінде қолдан келген көмектерін бергені үшін алғысымызды білдіреміз.