Осы аптада Орал қаласының әкімдігінде әкімшілік іс жүргізудің электронды форматына көшу және әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу жұмыстарын жандандыру туралы кеңес өтті.
Бұл туралы Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Жиынды ашқан қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов қазіргі таңда цифрландыру саласы бәсекеге қабілеттіліктің басты факторларының біріне айналғанын атап өтті. Жалпы цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында Батыс Қазақстан облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасы бастығының міндетін атқарушы Гүлнар Ибрашева баяндады.
– Әлемде автоматизацияны дамыту белсенді жүріп жатыр. Осы прогресстен қалмай, елімізде қоғамның барлық саласын қамтитын «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бас прокуратураға прокурорлық қадағалауды күшейту жөніндегі цифрлық жобаларды іске асыру сеніп тапсырылды. Бүгінгі күні Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі органдар бағдарламаға енген бес жобаны нәтижелі қолданысқа енгізді, – деді басқарма өкілі. Айтуынша, бұл жобалар – «Е-қылмыстық іс», «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі», «Тексерулердің субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі», «Е-өтініш», «Аналитикалық орталық».
Г.Ибрашева өз сөзінде әкімшілік іс жүргізудің электрондық форматына көшудің қажеттілігі мен маңыздылығын, бұл мемлекеттік органның жұмысын оңтайландыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сондай-ақ, іс жүргізудің электрондық форматының оң жақтары, басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен және дерекқорларымен интеграциялау және басқа да проблемалық мәселелер талқыланды.
Басқосу нәтижесінде әкімшілік іс жүргізудің электрондық форматы бойынша нақты міндеттерді қоюмен шешім қабылданды. Әкімшілік айыппұлдардың өндіріп алу пайызын арттыруды жандандыруға және техникалық құрылғыларды сатып алу мүмкіндігін шешуге бағытталған ұсыныстар әзірленетін болады.