Біздің қазақ жұртының ұлт болып қалыптасуына, жер бетінде байырғы ел ретінде сақталып қалуына тарихи даму жолымыз, қала берді ұлттық тәлім-тәрбиеміздің айтарлықтай ықпал еткені даусыз. Қазіргі жаһандану атты үдеріс те бүгінгі ұрпақ санасына батысқа еліктеушілікті сіңіріп, жастарды қазақылықтан алыстатып бара жатқаны шындық. Бұл бәріміз қазақ болудан қалып бара жатырмыз дегенді білдірмесе керек. Бірақ, жастарды былай қойғанда орта жасқа келіп қалған азаматтардың өзі ата салтымыз бен ұлттық дәстүрімізді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды тәлім-тәрбиеден алшақтап кеткенін жасырудың қажеті жоқ. Кезінде ұлы Абай:
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан»,– деген ұлағатты сөзді тегін айтпаса керек. Өкінішке қарай, біз сол данагөйдің айтқанынан қорытынды шығармай келе жатырмыз. Мәселен, сонау Кеңес дәуірінде октябрат, пионер, комсомол ұйымдарында бізді «қазақ» емес, «интернационалист» бол деп үйретті, солай тәрбиеледі. Содан қалып қойған ескінің сарқыншағы ма, әйтеуір, әлі күнге елімізге әр түрлі себептермен, тағдыр тәлкегімен келіп қалған этностардың қас-қабағына қарап, оларды ренжітіп алмауға тырысып келеміз. Бірақ, солардың ішінде Қазақстанды «Отаным», «туған жерім» деп жүрегі елжірегендерді сирек кездестіресің. Керісінше, олар бізге «өткізіп қойған бірдеңесі» бардай жоғарыдан менмен қарайды, әсіресе, орыс ұлтының өкілдері. Ол түсінікті де, өйткені, Кремльдегілер: «Жер жүзіндегі барлық орыстардың мүддесі – біздің мүддеміз, Ресей олардың қорғаушысы»,– деп ұрандатып отырса, солай етпегенде қайтеді? Рас, біздің елдің басшылары баршамызға: «Қазақ жұрты – мемлекет құраушы ұлт. Сол себепті байырғы ұлт өкілі – қазаққа үлкен жауапкершілік жүгі артылады. Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері қазақтың айналасына топтасып, мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуы тиіс»,– деп, айтудай-ақ айтып жатыр. Бірақ, әлгілер қазақты қор санай ма, жағымпаз санай ма, әйтеуір дәл солай болуы керектей өздерін «паң» «тәкаппар» ұстайды. Бірақ, олар бұл мінез-құлық – қазақтың қорғаншақтығы емес, қонақжайлылығы, ар-намысқа дақ түсіргісі келмейтін бекзаттығы екенін білмейтін, иә болмаса бағаламайтын сияқты. Шын мәнінде қазақ – сан ғасырлық тарихы, бай ауыз әдебиеті мен дәстүр-салты бар, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, ақпейіл әрі көшпелі өмір сүргенмен, қой ғана емес ой да баққан халық. Сөзге тоқтау деген қазақтың қанына сіңген қасиет. Үлкеннің алдында кіші тізгінін тартып отырса, үлкен тұрып, кіші сөйлемеген. Қазір осының бәрі жоқ. Қазақтың өмірден көріп, ойға түйгендерін артқы ұрпаққа мұра ретінде қалдырған мақал-мәтелдерінің өзі неге тұрады? Бұлар деген – баға жетпес тәлім-тәрбие құралы, беті ашық өмір кітабы, ұлы даланы мекен еткен ақынжанды халықтың даналығы емес пе?! Ендеше, дәстүр мен салтын ұмытқан елден береке-бірлік, тарихын жадынан шығарған жұртта сыйластық пен құрмет жойылып, оның орнын жатбауырлық алмастырары хақ. Атам қазақ бұған ерекше мән берген. Дана халқымыздың: «Ел болам десең, бесігіңді түзе»,– деуінің астарында көп мән жатыр. Бүгінгі таңда біздің бесігіміз оңбай тұр. Бұрындары қазақ жұрты жетімі мен жесірін жерге тастамай, оларды қолдан келгенше асырап-сақтау жауапкершілігін өз мойнына алса, бүгіндері көзі жәудіреп балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан қаракөз бүлдіршендер жетерлік. Ең сорақысы, соларың көпшілігі ата-аналарының көзі тірісінде осындай күйді басынан кешіріп отырғандар. Қарттар үйі деген бұрындары атымен жоқ-тын. Қазір олардан аяқ алып жүргісіз. Осының бәрі – қазақылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат құбылыстар. Басты өкініш сол – бүгінгі таңда «бесік жырын», «ана әлдиін» естіп өспеген ұрпақ пайда болып, соның салдарынан өзінің ана тілін менсінбейтін, біреудің қаңсығын таңсық көретіндер қарасы көбейіп кетті. Үйдегі ата-ана тәлім-тәрбиесінің әлсірегендігі сондай, қазіргі жастардың бойында қатыгездік, ұлттық құндылықтарды мансұқтау сынды жаман қасиеттер бой көрсете бастады. Әлгі қатыгездіктің бәрі – атыс-шабысқа толы боевик киноларды көруден, газет пен әдеби кітаптарды оқымаудан туындап отыр. Ал, жас бала санасы сорғыш сияқты болғандықтан, әлгінің бәрін санасына сіңіріп, өмірде де бәрі солай болу керек деуге ден қоятындай. Сосын, біздің жастарымыз әсіреұраншыл болып барады. Қазақта: «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, соңғысы да солай жүреді»,– деген ғибратты сөз бар. Сонда айтылғандай, жастар білгенін емес, көргенін істейді. Олардың алдарындағы үлгі тұтар үлкендер мен зиялы қауым өкілдері осындай ұраншыл болса, жастар қайда барады? Міне, мәселе қайда жатыр?!
Ел өмірінде ауылдың алатын орны ерекше. Мұны халқымыз: «Ауыл – ел бесігі», «Туған жерге туыңды тік», «Ауыл – елдің алтын қазығы» деген қанатты сөздермен айтып та кеткен. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл таяп қалса да, мемлекеттік тілді төрге шығара алмай келеміз. Қолында билік бар саясаткерлеріміз қорқақ, Парламетте заң шығарып отырған депутаттарымыз жалтақ болмаса, осындай күйге түсер ме едік? Ана тіліміздің өрісін кеңейтпесек, оның қолданылу аясын ұлғайтпасақ, бара-бара ұлт болудан қалуымыз ғажап емес. Қоғамның іргетасы – руханият болса, ұлттың рухы – жері мен тілінде, қала берді ел ертеңі саналатын жас ұрпақ тәрбиесінде екені даусыз. Бірақ, ұлттық педагогика ұстанымдары ұмыт қалып, оның орнын түпнұсқаны ешқашан алмастыра алмайтын көшірмелер басқанда, төккен тер мен еткен еңбектің еш кетері кәміл. Оқу мен тәрбие егіз ұғым екенін бір сәт те естен шығармай, дәстүрлі ұлттық тәлім-тәрбиені жолға қоймай, дәстүрі мен ұлттық өнеге-үлгісінен қол үзіп бара жатқан жас ұрпақты Отанын, жері мен елін сүйер патриоттыққа баулу – тумаған сиырдың уызын күткенмен бірдей екенін түсінер уақыт жеткені анық. Оның өз-өзінен іске аса қалуы да неғайбыл. Ол үшін билік басына көргені мен түйгені мол, жұртқа жаны ашитын, бәрін болмаса да, ауыл мен тіл мәселесін оң шешуге септігін тигізер реформатор басшы келсе деп үміттенеміз. Қоғамда қордаланып жиналып қалған өзекті мәселелерді толықтай шешпегеннің өзінде, ондай бастамашыл жандар қатып қалған мұзды ерітсе, соның өзі жаңалықтың басы ғой. Біздің бәрімізге осындай ой күш-қуат беріп, баршамызды жеңісті күндерде жолығуға жазсын деп тілейік…