Шымкенттіктер емхана таңдауға кірісіп кетті. Дәстүрлі бұл шара жыл сайын 15 қыркүйектен басталып, 15 қарашада аяқталады. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың айтуынша, еліміздің әр азаматы жылына бір рет емхананы еркін таңдай алады.
– Емхананы таңдау науқанына кез келген азамат қатысып, өзіне ыңғайлы емхананы дұрыс таңдауына мүмкіндігі бар. Қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтар емдеу мекемесін осы акция аясында ауыстырып алса болады , – дейді ол. Былтыр осындай акция кезінде Шымкенттің 18 мыңнан астам тұрғыны емханасын ауыстырған екен. Сала мамандары тұрғындардың басым бөлігі мемлекеттік емхананы таңдағанын айтады.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар жаңасына тіркелу немесе қайта бекіту кезінде емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдағандары дұрыс. Себебі, науқас медициналық көмекті қажет еткенде учаскелік дәрігер оның үйіне бара алатындай болуы керек. Бұл, әсіресе, пандемия кезінде өте маңызды. Ресми мәліметке сүйенсек, Шымкентте бүгінгі таңда 14 мемлекеттік және 27 жекеменшік емхана бар.