ЕРКЕКТІҢ КӨЗ ЖАСЫ

ЕРКЕКТІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Бірде бір інім:

– Сәке, сіз жылайсыз ба? – деді аяқ астынан. Не дерімді білмей мүдіріп қалдым.

– Ал мен... жылаймын, – деді бауырым. – Кейде қала сыртына шығып, көк шөпке шалқамнан түсіп көсіліп жатамын да, теңбілкөк аспанға телміре қарап, жанымның қалауынша әбден еңіреп аламын. Ішімдегі ыза-кек, қуаныш-қайғы, алаң-уайым... бәрінен тазарып қалғандай болатыным бар. Дұрыс па, дұрыс емес пе, білмеймін.

Жылау жөнінен жылдап қалыптасқан ондай тәжірибем жоқ, «дұрыс шығар» деппін.

Бізді қалай үйретті? Көзімізден жас шықса болды: «Ойбуй, қыз құсап жылап... не көрінді?» деп ұрысты. Намысымызды қайрағаны шығар. Саусағымызға тікен кіріп, байқамай басымызды бірдемеге ұрып алып, доп теуіп жүріп тіземізді жарақаттап, тіпті аздап қызуымыз көтеріліп, ауырып қалсақ та, «Жанының тәттісін сонша! Өлмейсің! Бар, бұзауларды суғар!» дегенді естіп өстік. Бұдан соң жылауға да «желание» қалмайтын.

Ең қызығы, қыздарға емін-еркін еңірей беруге рұқсат та, ұлға көзінен тым болмаса екі тамшы жас шығару – ұят.

Эмоцияны тыя беру, сезімді іште тұншықтыра беру түбі жүрекке зор салмақ түсіретінін дәрігерлер дәлелдегелі қашан. Еркектердің салыстырмалы түрде ертерек өлетіні де содан шығар.

Дулат Исабековтің «Сүйекші» хикаятын алғаш оқығанда, жас үйленгенмін, әйелім, алты айлық балам қасымда жатыр, жастыққа бетімді көміп, әй, бір солқылдап жылайын. «Солар көріп қоймасын» деп жалтақтап қараймын тағы. Олар пысылдап ұйықтап жатыр. Сонда да сақпын. Қалыптасқан дағды. Еркектің жылағанын ешкім көрмеуі керек.

Нұрғали Ораздың «Қоңыр шәлі» әңгімесін оқығанда да тура солай болды. Мен «Сүйекшіні» де, «Қоңыр шәліні» де содан кейін қайтып оқымадым. Жүрегім шыдамайды. Мұны сол ағаларыма айттым да.

Оқиғасы жан тебірентер жақсы кітап оқып, жүрегіңді жібітіп жіберетін ерекше фильм көрсем, елжіреп-ақ кетемін. Бала-шағаның көзінше жылауға ұялып, дәретханаға барып келемін. Қыстамаса да.

Марқұм Мылтықбай Ерімбет көкемнің үйіндегі жеңешем ковидте кетті. Үзіліп бара жатып, қызына айтқан соңғы сөзі: «Қап, көкеңнің қарны ашып қалатын болды-ау», – депті. Көкеме көңіл айтып барып отырып естідім де, еңкілдеп жылап жібердім. Қайран, қазақтың әйелі-ай!

Әрине, мына заманда адам аштан өлмес. Көңіл! Дағды! Құрмет!

21 қазанда Мырзакентте (Мақтаарал ауданының орталығы) ақын-композитор Бекжан Әшірбай досымызды еске алу кеші өтті. Ортасынан ауғанша мейлінше төзіп отырдым. Саят Медеуов Бекжанның «Мұңайма, қалқам» әнін айтқан кезде, шыдамым таусылды.

– Жасыл бағымды сырлаушы еді таң нұры,

Албырт сезімнің басылар емес жаңбыры.

Қабырғалардың қаланар сәті – бұйрық та,

Сөгіліп кетіп құлайтын кезі – тағдыры!.. – деген жерінде көзімнен жас ыршып шықты. Бекжанды сағынғаным бар, басқасы бар, түгел...

Саят досымның залдағы бір адамға көз қадап ән айтатын әдетін талай жаздым ғой. Бұ жолы ол «албасты» мені таңдап алыпты. «Әй, Бекжанды сақтап қала алмаған сенің де айыбың бар!» деп кінәлағандай, «Қабырғалардың қаланар сәті – бұйрық та, Сөгіліп кетіп құлайтын кезі – тағдыры!» деп дәл маған тесіле қарап айтады ше. Қалтамда дәс-орамалым да жоқ екен. Әбден азапқа түстім-ау. Жылайын деген «жоспарым» жоқ-ты, мына бәле шыдатпады.

...Қатын-балаңнан жасырып, оңашада жылап алудың еш айыбы жоқ тәрізді, жігіттер.

Құдай тек қуаныштан ғана көзге жас алуды нәсіп етсін!

Сәкен Сыбанбай

13.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29629
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29187
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46429
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42004
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46756