Ескі Қазақстанның сүрлеуінен шыға алмасақ, бәрімізге сын

Ескі Қазақстанның  сүрлеуінен шыға  алмасақ, бәрімізге сын

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа

 

Ашық хат

Халықаралық  жағдайдың  күрделене түсуі – бізді  «станнан   құтылуға» мәжбүрлейді

Ашығын айтар болсақ, біз украин халқына жүз мәрте алғыс айтуымыз керек. Өйіткені оларды оның бетін аулақ, басып алғандай жағдай туғанда кеше ғана келмеске кеткен Жириновскийлердей «жындысүрей» саясаткерлердің айтағына еріп, Путиннің тып-тыныш жатқан біздің елімізге де ауыз салмасына кім кепілдік берер еді. Оның үстіне украиндықтар «мың өліп, мың тірілген халқымызға» болашағымызды айқындайтындай да зор мүмкіндік туғызып отыр. Атап айтсам, 11 ақпан 2019 жылы «Qazaqstan dauiri» газетінде «25-қазанды тәуелсіздік күні деп белгілеп «...станды» алып тастасақ...» атты мақалам жарияланған  еді. Осы мақалаға орай Азат Перуашев не дейді?  Ресми түрде қолданылуы үшін – Қазақ Республикасы атауын қайта енгізу мүмкіндігін  қарастыруды ұсынамыз десе, Парламент Сенатының сол кездегі төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев не дейді? «Болды, жетеді. Не үшін керек ол? Мемлекет атауы Қазақстан Республикасы болып қалуы керек...» деген еді.            

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Кеңес Одағы кезінде Қазақ Советтік Социалистік Республикасы атанғанымызды ешкім жоққа шығара қоймас. Тәуелсіздік алысымен-ақ көршілес Қырғыз Республикасынан да үлгі алмадық қой. Ашығына келсек, біз мына қалпымызбен «Жаңа Қазақстанды» құрмақшымыз деп, бүкіл жаһанға жар салып жатырмыз. Егер «ескі Қазақстанның сүрлеуінен» шыға алмай қалсақ, ертеңгі күні жастарымыздың бетіне қалай қараймыз?!. Біз ең алдымен 30 жыл бойы еліміздегі барлық саланы жайлаған сыбайласқан-жемқорлық әрекеттерден құтылмасақ көсегеміздің көгермейтіні анық. Алысқа бармай-ақ, оны  100 мыңнан аса халық  қоныстанған Жамбыл облысы, Шу ауданынан анық байқауға болады. «Париев» ЖШС  елімізде жоқ аспандаған бағамен  кей үйлерден 1 млн теңгеден алып, ауыл бойынша 600 млн теңгеден астам қаржыға халықты алдап, 1 млрд 632 млн теңгеге сметалық-қаржылық құжат  жасаттырып, сол қаражатты алмай кетпеуге  бекініп отыр. Нәтижесінде 4200 үйге қоныстанған халықтың жартысынан астамы елімізде жоқ қымбат бағаға шамасы жетпей,  көгілдір отынға қол жеткізе алмай қиналып отыр.

Ол ол ма, «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» керімен Жамбыл облысының (Төле би ауылын «газдандыруға» да тікелей пәрменді қатысы бар) бұрынғы әкімі К.Көкірекбаевтың «өз жерлестеріне деген мейірімді шапағатымен» елбасының сүйікті қызы Дариға мен  күйеу баласы Қайратпен ымыраласа  Шу қаласы халқын тақырға отырғызғанын қайтерсің?!. Ашығына келсек, мемлекеттен газ тасымалына деп  бөлінген 2 млрд 475 млн қаржыға тұрғындарды 120000 теңгемен газдандырудың орнына 210000 теңгеден артық алып, көпшіліктің қалталарын қағып,  хан сарайындай үйлерін саудаға  салған. Бұл жолы да «Жоғарыдағы  көкелерінің»  астыртын-жымысқы әрекеттерін нақты дәлелді дерек бола тұра жоққа шығарғысы келген Нұрлан Жақсыбаев маған жазған ресми хатында газ тасымалына ондай қаражат бөлінбеген деп, оларды  қорғағысы келеді. Осындай қылмысты-жемқорлық әрекеттерге тосқауыл қоймай «Жаңа Қазақстанды» біз қайтіп құрмақшымыз?! Шындығына келгенде биылғы қаңтардағы қанды оқиғалардың бастамасы Көкірекбаев, Нұркенов, Жақсыбаевтай әкім-қаралардың халықпен санаспай ашындырғандарына орай туындаған жоқ па?  Менің келтіріп отырғаным – бұлтартпас дәлелді дерек. Шу ауданындағы орын алған (бұндай келеңсіздіктер басқа өңірлерде де кездесетіні анық)  қылмысты жайттарды 2016 жылдан бастап көтеріп келемін. Жергілікті әкімқаралардан бастап, облыс басшыларымен жоғарғы  құзырлы орындар Бас прокуратура және  аттарынан ат үркетіндей жоғарғы лауазымды органдарға, тіптен Сізге өзіңізге дейін  қылмысты әрекеттерді ашық көрсетіп, әлденеше мәрте хат жаздым. Өзіңіздің қолыңызға тиді ме, тимеді ме, білмеймін. Бірақ баяғы сол жартас, әлі сол жартас күйінде қалды. Жергілікті облыстық, аудандық бұқаралық-ақпарат құралдарын былай қойғанда, еліміздің бетке ұстар, «Егемен Қазақстан» мен «Жас Алашта» бірнеше рет қылмысты әрекеттерді әшкерелеген мақалаларым жарыққа шыққан болатын...

Құрметті Президент! Біз ылғи аңысын аңдап, жайбарақаттыққа салынудамыз. Ашығын айтқанда  ең басты саналатын Тәуелсіздік мерекесін дұрыс тойлап жүрміз бе? Осы тақырыппен 2018 жылы 19 желтоқсанда «Жас Алаштың» №101 санында мақалам жарық көрген еді. Көзіқарақты оқырмандар әлі де ұмыта қойған жоқ шығар, шындығына келсек, 1986 жылы 16 желтоқсанда болып өткен 15 минуттық атышулы пленумда «қаңғып келген шүрегей» Колбиннің таққа отырған күнін мерекелеп жүргендейміз. 17-18 желтоқсан күндері көптеген жастарымыз жапа шегіп, қасқалдақтай қандары төгілді. Бұл қанды оқиға 2011 жылы  Жаңаөзенде  жалғасты қаншама боздақтар қыршынынан қиылды... Біз мына жайды естен шығарып алғандаймыз. 1990 жылдың 25 қазанында Тәуелсіздік Декларациясын  қабылдап, ол күнді «Республика күні» деп белгіленген болатын. 17-18 желтоқсан күндерін Демократияның «Жаңару күні» деп айдар таққанбыз. Кейіннен бірте-бірте ұмытылып, елеусіз қалды.      

 

Ұсыныс:

1. Қазақстан Республикасы атауын – Қазақ Республикасына ауыстырсақ. Тіптен халық болып ақылдасып, «Қазақ елін» таңдағанымыз дұрыс шығар.

2. Тәуелсіздік мерекесін – 25 қазанға белгілесек.

3. 17-18 желтоқсан күндері Демократияның жаңару күніне айналса.

4. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне ресми түрде лайықты мәртебе беріп, Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбиралардай боздақтар мен жазықсыз жапа шекккендерге өз дәрежесінде лайықты құрмет көрсетіп, жастарымызды отансүйгішті-адамгершілік рухына тәрбиелеуге кеңінен жол  ашу ауадай қажет.

5. Ата Заңымыздағы орыс тілі – ресми тіл деген бапты алып тастап, мемлекеттік қызметкерлердің бәрі қазақ тілін мүлтіксіз меңгеру керек деп, тез арада толықтыру енгізгеніміз жөн.

 

 

Құрметті, Қасым-Жомарт  Кемелұлы!  

Осы айтылғандар тек менің

ғана ойларым емес, көпшіліктің көкейіндегі жайттар. Халықтың көптен бергі арманы  жүзеге асса халықтың қошеметті қолдауына ие боларыңыз хақ.    

 

Мәкен Уақтегі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
14.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 174
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 169
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 679
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 799
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 713

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8868
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8263
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11491
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9247
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10474