Аудандық орталық кітапханада жерлесіміз, фантаст-жазушы Шоқан Әлімбаевтың шығармашылығына арналған «Шоқан Әлімбаевтың шығармашылық мұрасы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Кітапхана оқырмандары мен жастар қатысқан шара өскелең ұрпаққа есімі елімізге белгілі фантаст-жазушының өмірдерегі мен шығармаларын насихаттау мақсатын көздеді.
Жиынды оқу залының кітапханашысы Ләйлә Есмурзаева жазушының өмір жолы және шығармашылығы жайлы баяндаудан бастады.
Басқосуда сөз алған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Байтанағали Төлентаев фантаст-жазушы Шоқан Әлімбаевты жас кезінен білетінін, оның шығармалары кең тарағанын, әлемдік деңгейге көтерілгенін айтты.
– Мен Шоқан Әлімбаевты Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүрген кезімнен білемін. Мамандығы бойынша журналист екен. Ол публицистикасымен бірге фантастикалық шығармалар жазуды тең алып жүріпті. Рас, шығармаларын орыс тілінде жазуы оның қазақ тілді оқырмандарға кешірек жетуіне әсер еткен секілді. Жалпы, қазақ фантастикасы дегенде әуелі А.Машанов, М.Сарсекеев, Т.Сұлтанбеков секілді жазушылар еске түседі. Тамаша педагог, Арал өңірінің перзенті Абдул-Хамид Мархабаев ағамыз тап осы саладан ғылым кандидаты, докторлық диссертациялар қорғады. Бізден университетте бір курс жоғары оқыған Жүніс Сахиев те тамаша ізденістер жасады. Оның фантастикалық шығармаларының көлемі бірнеше томды құрайды. Бұл қазақ фантастикасы жанры өсу үстінде екенін көрсетсе керек. Міне, осы топтың арасында Аса ауылының перзенті, фантаст-жазушы Шоқан Әлімбаевтың өз орны бар. Ол – фантастика тақырыбында көлемді роман жазған жазушы. Оның «Данышпандық формуласы» романы – қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ғылыми-фантастикалық роман. Фантастикалық шығарма оқырманға үлкен ой салады, болашаққа болжам жасайды, адамзат өмірін жақсартуды мақсат етеді. Осы орайда, жерлес фантаст-жазушы Шоқан Әлімбаевты мақтан етуіміз керек, – деп қатысушыларға жазушы туралы, оның шығармалары, қозғаған тақырыптары жайлы кеңінен ақпарат берді.
Жиын соңында «Шоқан Әлімбаев – фантаст-жазушы» слайды көпшілік назарына ұсынылды.