17-і қазан күні футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 24-і туры мәресіне жетті. Бұл турда чемпиондыққа таласып келе жатқан елордалық «Астана» мен қостанайлық «Тобыл» кезекті жеңісіне қол жеткізді. «Астана» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Кездесуде Тигран Барсегян – 74, Марин Томасов 89-шы минутта мергендік танытты. Дәл осындай есеппен «Тобыл» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарынан» басым түсті. Ойын барысында олардың қатарынан Игорь Сергеев – 33, Жереми Манзорро 77 минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Тағы бір кездесуде «Тараз» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуын» 2:1 есебімен жеңіп кетті. Ойында тараздық клубтан Ненад Адамович 67 минутта гол соқса, алаң иелері сапынан Диас Қалыбаев 86 минутта таразы басын теңестірді. Ал 92 минутта Тимур Досмағамбетов «Таразға» жеңіс алып келді. Мұның алдындағы 16 қыркүйек күні «Қайрат» сырт алаңда «Ақтөбені», Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында «Атырауды» 2:1 есебімен жеңді. Қарағандының «Шахтері» өз алаңында Ақтаудың «Каспийін» 1:0 есебімен сүріндірсе, Оралда «Ақжайық» пен Түркістанның «Тұраны» 1:1 есебіне қанағат білдірді. Аталған турдан кейін «Қайрат» биылғы біріншіліктің қола жүлдесін місе тұтты. Ал «Қайсар» Премьер-лигадағы орнын сақтап қала алған жоқ. Қызылордалық клубтың қазір 16 ұпайы бар. Олардың алдындағы 12-орынға жайғасқан «Тұран» 25 ұпай еншілеген еді. Сондықтан олар «Тұранды» қуып жете алмайды. Бұдан бұрын бірінші лигаға «Жетісу» да түсіп қалды. Ал чемпион соңғы турда анықталады.