Ғалымдар мал азығының құнарлы болуына алаңдаулы

Ғалымдар мал азығының құнарлы болуына алаңдаулы

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде BR21881871 «Қазақстан Республикасының мал азықтық алқаптарында толыққанды жем-шөп өндіру технологиясын әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасы бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

 

Аталмыш ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша Жәңгір хан университеті өткен жылы еліміздегі Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруына ие болған еді. Бағдарламаның тақырып ауқымы Қазақстан бойынша зерделеуді қажет ететіндіктен жұмыс тобына еліміздің өзге өңірлерінен басқа да қоса орындаушылар тартылған.

Үйлестіру кеңесінің отырысында алдымен сөз алған университетіміздегі Ғылым басқармасының басшысы Индира Бейшова ғылыми-техникалық бағдарламаның маңызына тоқталып, ғалымдардың жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан әрі мақсатты қаржыландыру бағдарламасын орындауға екінші жыл қатарынан атсалысып жүрген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық унвиерситетінің, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының, Орал ауылшаруашылығы тәжірибе стансасының, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының және Жәңгір хан университетінің ғалымдары жыл басынан бері жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті. Сонымен қатар ортақ мәселелерді талқылап, алдағы жылдың жоспарын жасақтады.

Белгілі болғанындай, еліміздегі мал азықтық алқаптарда құнарлы, төрт түліктің бабын келістіретін жөм-шөп өндіру технологиясын әзірлеуге бағытталған бағдарлама бойынша жалпы саны сексеннен астам ғалым жұмыстануда. Сонынмен қатар болашақ кадрларды үйрету, жас мамандар даярлау мақсатында екі докторант, жеті магистрант, жеті студент тартылған. Бұл туралы ғылыми-техникалық бағдарламаның ғылыми жетекшісі ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Нәсиев Бейбіт Нәсиұлы мәлімдеді.

– Жалпы Қазақстан – мал шаруашылығы мен аграрлық бағыттағы ел болғандықтан, соңғы жылдары осы салаларды дамытуға басымдық берілуде. Ал мал шаруашылығын дамытудың ең басты көзі – толыққанды жем-шөп даярлау. Соңғы жылдардағы зерттеулер немесе тәжірибе көрсеткендей, малдың жемі көп жағдайда құнарлы емес. Соған байланысты малдың өнімділігі, оларды түрлі аурулардан сақтау жағы кемшін түсуде. Құнарлы жем-шөппен қоректенген мал қоң жинап, ауруға төзімді келеді. Осы бағытта ғалымдардың басты жұмыстарының бірі – мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерді құнарлы мал азығымен тұрақты қамтамасыз ету. Осы бағытта біздің университетімізде 2018 жылдан бері жайылымдар, мал азықтық танаптарда құнарлы мал азығын өндіру бойынша көптеген ғылыми зерттеулер жүргізіліп келеді. Ал өткен жылы біздің оқу орны 2023-2025 жылдарға арналған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің конкурсына қатысып, ауыл шаруашылығы субъектілерін құнарлы толыққанды жем-шөппен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаны ұтып алды. Оның талаптарына сәйкес зерттеулер батыс өңірінде ғана емес, бүкіл республика бойынша жүргізілуі керек. Осыған орай еліміз бойынша тоғыз мекемені  өзімізге бағдарламаны қоса орындаушы ретінде шақырдық. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарының, ғылыми мекемелердің, ауыл шаруашылық тәжірибе стансалары мен институттардың білікті ғалымдары бірлесіп, биыл екінші жыл сол бағдарламаны жүзеге асырудамыз, – дей келе, ғалым осы уақытқа дейін бағдарлама аясында атқарылған іс-шаралардан хабардар етті.

Нәтижесінде еліміздің бірқатар өңірлерінде ғылыми зерттеулер жасалған. Айтуынша, зерттеулер фермерлік шаруашылықтың танаптарында өндіріске енгізіледі, сосын басқа шаруашылықтарда тираждау болады. Ғалымдардың өздерінің арнайы әдістемесі бойынша зерттеулер бірінші жылы сол шаруашылықтарға бағытталады, далалық тәжірибелер жүргізіледі, соның қорытындысы бойынша өндіріске енгізіледі. Жаз мезгілінде аталған мекемелерге барып жұмыстардың талапқа сәйкестігі, мамандардың біліктілігі бойынша мониторинг жұмыстары ұйымдастырылған. Ғылым комитеті тарапынан болған тексеріс нәтижесі де ойдағыдай. Ал келер жылы бағдарлама өз мәресіне жетеді. Қоса орындаушы мекемелер өз тараптарынан жобаны коммерциаландыруға ұсынып, өндіріске енгізуге қадам жасайды.

– Ғылым өндіріспен тығыз байланысты. Осы бағытта жыл сайын шаруаларға арналған кеңестер беру, дала күндерін өткізу, дөңгелеу үстелдер ұйымдастыру арқылы бағдарламаның нәтижелерімен таныстырып, көмек қолын созамыз. Бағдарлама аясында үш мәрте «Егіс күні», бес рет дөңгелек үстел өткізілді. Бұлардан бөлек ғалымдар халықаралық конференцияларда баяндамалар жасап, мақалалары университет журналында және Scopus базасына енетін халықаралық басылымдарда жариялануда. Бұл – жүйелі мақсаттарға бағытталған үлкен бағдарлама. Бүгінгі таңда құзырлы министрліктер де мұндай мәселелерде ғалымдардың ой-пікірімен санасатындай деңгейге жетті. Ғалымдар Үкіметтен қабылданып жатқан жайылымдар туралы және топырақ туралы заңнамаларға өзгерістер енгізу жұмыстарына белсене араласты, – деді Бейбіт Нәсиұлы.

Жалпы Жәңгір хан университетінде аталмыш министрліктің гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар өте көп. «Мұның барлығы – университет басшылығының ғылыми жұмыстарды ұйымдастыруға көрсетіп отырған қамқорлығының жемісі» дейді ғалымдар.    

Ләззат ҚАЖЫМОВА Батыс Қазақстан облысы
21.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 195
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 1066
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1105
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1086

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6081
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5523
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8707
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6514
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7721