Ғасыр жасаған қайраткер

Ғасыр жасаған  қайраткер

Ұлы Отан соғысының ардагері, полковник, Мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібекұлы Жәнібеков 100  жаста.

       Мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібекұлы – 100 жасқа толып отыр. Ол 1924 жылы 15 маусымда Қостанай облысы, бұрынғы Денисов ауданы, Красноармейскі округы Қарпық ауылында дүниеге келген.

Әр адамның өз өмір жолында ел-жұрты айта жүретін өнегелі істері болады. «Ел көңілі – елгезер» демекші, осынау құрметті адамның ерекшелігін  замандастары, шәкірттері, ұрпағы ұмытпақ емес. Мұндай жанның халқына қалтқысыз қызмет еткен жанның ғибратты ғұмырын келесі ұрпаққа үлгі, өнеге ету – ол біздер үшін үлкен ғанибет.

        Басшы болып қызмет атқарған адамның атқарған қызметіне баға беретін халық. Одан асқан сыншы жоқ. Олар кімнің-кім екенін жақсы таниды. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейтіні содан. Жауапты қызмет лауазымындағы басшының өзіне сеніп тапсырған  міндетін қалай атқарғанына, оның іскерлігіне, халқына сіңірген еңбегіне қарай әділ бағалайтынын да осы бұқара халық.  Адами қасиетті парызын адал атқарған сондай қайраткердің бірі  – Шәңгерей Жәнібеков.

     Тұла бойына парасаттылық қасиетті молынан сіңірген қайраткер бүгін ортамызда 100 жасқа толып отыр. Білікті басшының ұйымдастырушылық қабілетін, өңірге сіңірген еңбегі мен іскерлік қасиеттерін, кісілік  келбетін, оның өнегелі өмірін осы жолдар  арқылы танитын боламыз.   

Шәңгерей Жәнібекұлы, шын мәнінде, қазақ зиялыларында сирек кездесетін жан. Оны  «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат-қайраткер деу орынды. Ол – кішіпейіл, қанағатшыл, еңбекшіл, кешірімшіл, қайырымшыл, ұлтжанды, оптимист, гуманист. Оның сыры адалдық, тазалық матасымен әдіптелген.

Шәңгерей Жәнібеков – Кеңес дәуірінің перзенті. Бүкіл Торғай, Қостанай  өңіріне есім сойы  аса танымал Қарпық әулетінен болып келеді. Кеңес дәуірінде көзі ашық, оқыған Қарпық балалары ел басына күн туғанда амалсыздан туған жерді қиып, Ресейге, кейбірі Қазақстанның оңтүстігіне қарай үдере көшуге мәжбүр болған. Қай жерде тұрақтамасын, тәрбиелі ортада өскен олардың үлкен-кішісінің оқып, білім алуға деген аңсары ауып тұрған. Алғашында бала Шәңгерей орысша хат танып, медицина техникумын бітірген жылы 1942 жылы  қан майданға аттанады. Алайда «қырық жыл соғыс болса да, ажалды өледі» демекші, алапат соғыстан Шәкең туған елге аман-есен оралады.  Украина майданында алапат ұрыстарға қатысып, Белгород, Харьков, Полтава қалаларын азат етуде ерлігімен көзге түскен. Жанқиярлық ерлігі үшін екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.  Соғыста алған жеңіл-желпі жарақат алғаны болмаса, алға ұмтылып, қайсарлық танытып тұрған  жасты сол тұстағы басшылық білімді азаматты комсомол, кеңес, партия ұйымдарына қызметке тартады. Содан аудандық, облыстық партия ұйымдарында сыннан өткен азамат  Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлығына дейінгі жолдардан өтеді. Әрине, арасында СОКП Орталық Комитетінің жанындағы жоғары партия мектебінде білім алып шығады.  Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қас қайраткер деп «оқталғанынан қайтпайтын, ұмтылғанынан тайынбайтын, көздегенінен күдер үзбейтін, азға айналмайтын, зордан-зорға, артықтан-артыққа ұмтылатын, жамандыққа жасымайтын, мұқтаждыққа мұқалмайтын» кайратты, жігерлі, жетелі, ынталы жанды айтқанынан оның хабары да болатын. Осы қасиеттердің біразы Шәкеңе тән болады. Оның барлық атқарған  жауапты қызметтерінде өз сөзіне берік, әділ, бір сөзді болғандыған жоғары басшылық біліп отырды.  Тоталитарлық жүйе кезінде барынша байыптылыққа үйренген Шәкең осы қасиеттерді тек асқан байсалдылықпен ойланып, толғанып жасады.

       Ол Кеңес партократиясының ішінде жеке дара көрінді.  Билікке бас ұрып, айналасына күш көрсетпейтін, үнемі сабырлылыққа жол беретін.   Эмоцияға берілмей, істің мән-жайын толық түсініп алғаннан кейін ғана мәселені күн тәртібіне қоятындығы оның үлкен мектептен өткендігін байқататын. Өмір бойы білімін жетілдірумен, оны зердесіне тоқумен мәртебелі қызмет орнына сай болуға ұмтылыс жасау өмір сүру қарекетіне айналды. Қостанайлықтар оның осы қасиет-парасатын әлгі күнге дейін айтып жүруінде де мән бар.

       Адамның қоғамдағы орны еңбегімен айқындалады. Халқымыз «Еңбек оздырады, жалқаулық тоздырады» деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Оған Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары ретінде  мәдениет, білім, денсаулық, сыртқы істер саласы қызметтерін үйлестіріп, басшылық ету жұмыстары тапсырылды. Ол басшылық еткен саласында әр жұмысты соңына дейін жеткізуге оң ықпал етіп, шыдамдылық, төзімділік сияқты қасиеттерімен ерекше көзге түсті.  Адамның ойлары, сезімдері, өмір құндылықтарын, өмірге деген көзқарастарын қалыптастыратынын үнемі қадағалап отырды. Ұлтымыздың рухани мәдениетінің ұрпақтан-ұрпаққа берілетін негізгі құндылықтары – адалдық мейірімділік, шыншылдық, жауапкершілік пен еркіндік секілді қасиеттерді көрсетумен тәрбиеге ықпалын тигізетінін үнемі назарында ұстады.  Оған негізінде әлеуметтік мәселелерге басшылық жасау жүктелді.

           Сол бір кездері елімізде жаңадан құрылған Сыртқы істер министрлігінің алдына бауырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға оны жоғары денгейде дамытуға барынша атсалысты. Ол үшін ел аралады, рухани даму мен әлеуметтік саладағы озық дүниелерге басымдық беру тәжірибелерін қоғам өміріне енгізуді де ұмытпады. Осы бағытта Ауғанстан, Австрия, Алжир, Чехия,  Иран, Ирак, Филиппин, Монғолия, Эстония елдерін аралап,  ол елдермен мәдени, гуманитарлық қарым-қатынасты дамыту мен білім-медицина мәселерін жолға қоюды партиялық басшылық алдына қойды. Сапар барысында жоғарыдағы елдердің бірінші басшыларымен өзара пікір алмасты.

Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы: «Құмарпаз адамдар кұмарлығының кұлы болып, соның дегенімен болып, соның айдауында жүріп, құмарлык кұрбаны есебінде әлек болады»,- депті. Шәкең құмарпаз жан ғана емес, қазақ мәдениетінің жанашыры да бола білді. Ол кісінің тікелей қатысуымен Ғабит Мүсірепов музейі, Торғайдағы Ахаң мен Жақаң музейі, республикалық Орталық музей бой көтерді, көптеген ұлы жазушыларымыздың, ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Қостанай қаласы мен Рудныйдың көркеюіне қосқан үлесі өте ерекше болды. Қайраткер тұлға еліміз тәуелсіздігін алған сәтте шетелдердегі қазақ диаспорасымен байланыс орнатуды қолға алды, алғашқы болып, Республикамыздың Ардагерлер кеңесінің төрағасы  қызметін атқарды.

Халқымызда «Ер – елдің ық жағының қалқасы, жел жағының панасы» деген сөз бар. Мұның өзі тәрбие бесігінен тұрады. Шәңгерей Жәнібеков қай ортада басшылық етпесін, сөйлесе дауысын көтермейді, жүрсе дыбысы білінбейді, тұла бойы тұнған тәрбиеден тұрады.

Иә, Шәкең дәл осындай жан. Алматыда отырып, ел жаққа елегізіп жүреді. Қостанай топырағында болып жатқан оқиғаларға, құбылыстарға құлағын түріп, ел тынысын біліп отыру оның қашанғы дағдысы. Алматы, Қостанай, Рудный  қалаларының Құрметті азаматы, тек атақ қана емес, ел алдындағы жауапкершілік деп танитын Шәкең өз қарызы мен парызын терең түсінетін адам.

Ол – патриот. Кез келген ұлтқа қатысты тартыста ол өз білімділігін көрсетуден тайынған емес. Абыз ақсақал Ахмет Байтұрсынұлын өзінің ұстазы санайды. Оған себеп те бар. Ұлы қайраткер  дүниеге келген топырақтың өте киелі екенін,  осы топырақта  ұлтымыздың талай асыл азаматтарының  туғанын мақтаныш етеді. Шәкең ағамыз іске жаратылған биік тұлға, ойшыл, сыршыл кайраткер «көзге көрнекті, көңілге тамаша көрінетін» биік тұлғалы қайраткер. Қайраткер тұлға сенім үдесінен нық шығып, мәртебесін биіктетіп, абырой-беделін асқақтатқан алтын тұяқтың тот баспас сынығы. Ол Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің  VІІ,  VІІІ, ІХ, Х шақырылымының, КСРО-ның халық депутаты, 1990 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің мүшесі болып сайланған. Кеудесінде 9 орден мен 36 мерекелік медальдар жарқырайды.

Халқымызда «Жақсыдан – шарапат» деген сөз бар.Шәңгерей Жәнібеков өзінің өмірімен, бойындағы бар табиғатымен халыққа қалай қызмет көрсету қажет екенін ісімен дәлелдеген байсалды қайраткер-тұлға. Оған қызмет еткен жылдары алған мемлекеттік марапаттары, атақ-абыройлары дәлел. Қайраткер-тұлға ғасырға толған жасында Алматы қалалық Ардагерлер ұйымының алқалы жиындары  мен іс-шараларынан қалған емес. 

Ақан Бижанов, Алматы қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қ.Р. Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
13.05.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 75
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 597
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 714
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 626
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 636

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8770
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8170
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11399
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9153
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10384