«Газеттердің тәуірі – «Qazaqstan dauiri» үндеуін қолдаймыз!

«Газеттердің тәуірі – «Qazaqstan dauiri»   үндеуін қолдаймыз!

№14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылындағы белсенді оқырманымыз Болат Төреев «Газеттердің тәуірі – «Qazaqstan dauiri» деген атпен үндеу жариялады. Әрине, ол тек біздің газетімізге ғана емес, бүкіл қазақ баспасөзіне жазылуға үндеп отыр. Өздеріңіз білесіздер, бұрында БАҚ өкілдері, басшылары қазақ баспасөзінің таралымы азайғаны жөнінде бірнеше мәрте дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, дабыл көтеріп, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ашық хат жазған болатын. Өкінішке қарай, биліктің «Газетке жазылуға мәжбүрлемеңіздер!» деген ескертпесі барлық оқырмандарға әсер етіп, жазылу таралымымыз күрт азайды. Енді міне, енді бұған белсенді оқырмандарымыз да алаңдап, үндеу жариялады. Бұл үндеуге мектеп директорлары, жастар және көзі қарақты оқырмандарымыз үн қосып жатыр. Оның кейбіреулерін өткен нөмірімізде жарияладық. Бүгін, мінеки, тағы да үн қосқан оқырмандарымыздың хаттарының бір шоғырын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сіздер де, қадірлі оқырмандар, үн қосыңыздар!

 

Желтоқсан қаһармандары: Ұлттық мүдденің нағыз жанашыры

Біз 1986 жылы алаңға Қазақ халқының рухани дүниесінің, яғни Ана тіліміздің, дініміздің ұлттық мүддеміздің жойылып кетпеуі үшін шықтық. Көп ұзамай Алла Тағаламыз Тәуелсіздігімізді берді. Биыл қазақ халқының қуанышында шек болмады. Үміт оянды, жарқын болашаққа деген сенім орнады. Өкінішке қарай, одан кейін 30 жыл өтсе де, «мемлекеттік тіл» деп Ата Заңымызда жазылса да, Қазақ тілінің қолданылу аясы кеңеюдің орнына тарылып кетті. Ана тіліміз босағада қалды. Елімізді жемқорлық жайлады. Биліктегілер еліміздің байлығы мен қазынасын тонап, әбден байыды. Қарапайым халық жоқшылық шырмауынан шыға алмай отыр. Сонымен бірге ұлттық идеология әлсіреп, рухани дүниеміз  де  құлдырады.  Әсіресе,  жоғарыда  айтқанымыздай,  қазақ тіліміздің жағдайы мүшкіл жағдайға жетті. Қазір орыс, аралас мектептеріндегі оқушылардың 70 пайызы қазақ балалары. Бұл масқара жағдай! Балаларымыздың дені орысша шүлдірлейді.

Ұлттық мүдденің, біздіңше, нағыз жанашыры – қазақ баспасөзі. Осы күнге дейін қазақ ұлтын қызғыштай қорғап, ұлттық идеологияны жандандыру үшін күресіп келе жатқан бірден-бір пәрменді қоғамдық күш – қазақ баспасөзі. Оны біздің Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары жақсы біледі және оған арқа сүйейді. Егерде Желтоқсан көтерілісі абырой биігіне сәл-пәл көтерілсе, оған БАҚ өкілдері, әсіресе, қазақ баспасөзі зор және барынша зор үлес қосты. Қазақ журналистерінің бұл қажырлы еңбегін, қамқорлығын, жанашырлығын жоққа шығаруға болмайды. «Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті сол газеттердің ең басында, яғни қайнар бұлағы деп, біз бөле-жара айта аламыз. Бұл газет көтеріліс жайында, оның көкейтесті мәселелері хақында және Желтоқсан қаһармандары туралы үнемі жазып, жариялап келеді. Газетке алғысымыз шексіз. 

    Иә, қазір Қазақ баспасөзінің жағдайы дабыл көтерерлік жағдайда. Біздің көмегіміз, демеушілігіміз – газетке жазылуымыз керек. Бақыт Төреев бауырымыздың үндеуін оқыдық. Біз де оған үн қосамыз. Ұйымымыздың мүшелері «Qazaqstan dauiri» газетіне түгелдей жазыламыз. Қалған Желтоқсан қаһармандарын жазылуға шақырамыз. Қымбат емес. Бар болғаны 3000 теңге. Кәнеки, бауырлар, қазақ баспасөзін қолдайық, жазылайық. Жазылсаңыздар, өкінбейсіздер. Газет – өте өткір, байсалды басылым. Бәріңіз де жазылыңыздар, ағайын!

 

БАҚЫТ БАЙНИЯЗОВ,

 «Тәуелсіздік – 1986 – Желтоқсан»

 қоғамдық ұйымының төрағасы

 

Қазақ газетіне жазылғаның – ұлттық құндылығыңды қолдағаның

«Қазақ басылымын әр қазаққа қалай жеткіземін, халықтың үнін билікке қалай жеткіземін» деп ел-елді аралап жүрген руханият жанашыры, Сәуле Мешітбайқызы басқарып отырған халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің саяси партиялармен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» дәстүрлі экспедициясы Жамбыл облысында «Ұлттық идеологиямыздың қайнар көздері» атты көшпелі жиын ұйымдастырып, мерзімді баспасөз мәселесінің бүгінгі күнгі ахуалы мен ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтар жайлы мәселені көтерген екен.

Дәстүрлі ақпарат құралының, соның ішінде газеттің қоғамға берері көп. Қазіргідей рухани құлазып тұрған қоғамда рухани азық болар баспасөз құралы қажет. Қоғамның түйткілді мәселесіне бейжай қарамайтын, ұлттық құндылық, ұлттық тәрбие тақырыбын ту еткен қазақ газетіне жазылғаның – қазақ тіліңді, құндылығыңды қолдағаның.  Қазақ баспасөзіне жазыла отырып, мемлекеттік тіл мәртебесінің көтерілуіне атсалысамыз, тілдің аясын кеңейтеміз.

Көп жылдар бойы руханиятқа қызмет етіп келе жатқан «Qazaqstan dauiri» өзіндік үні бар, ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген, халыққа жақын, айтары да, берері де мол басылым. Қашан да алтын бесігіміз – ауылдың ахуалына назар аударатын бірден-бір газет. Олай болса, «Qazaqstan dauiri» газетін қолдайық, жазылайық!

 

Тұрар Сәттарқызы, «Қара шаңырақ»

 ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі, тарихшы

 

Жақсы басылым оқырман жүрегінен орын алады

Газет-журналдың адам өміріндегі орны ерекше. «Көз жетпеген жерге сөз жетеді» демекші,  ол – көздің жетпейтін жеріне сөзіңді жазба  күйінде тап-тұйнақтай етіп жеткізетін сенімді ақпараттық қарым-қатынас құралы. XIX ғасырда санаулы ғана қазақ газеттері болса, қазіргі таңда олардың саны анағұрлым артып, жаңалықтардың жаршысы болып, қазақ қоғамының өркениет көшіне  ілесуіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқаны ақиқат.  Ақпараттық технологияның дамуы газеттің қажеттілігіне көлеңкесін түсіруі мүмкін бе? Сырт көзге солай көрінуі кәдік. Иә, ғаламтор желісі шексіздікке ие. Сөйте тұра қолжетімді. Шындығында, ғаламтор газеттің күш-қуатын шектеуге арналған құрал емес. Себебі оқырманның талғамы әртүрлі. Бала күнінен газетті серік еткен оқырмандар қаншама! Ауызша айтылған сөз хатқа түссе, тарихқа айналады. Әйтпесе, ұмытылады. Ауыз әдебиетінің үлгілері де жазба күйіне көшкеннен кейін, алдағы замандарға да қызмет ете бермек. Түсінген адамға газет те сондай ерекшелігімен  өміршең. Жақсы газет өз оқырманының жүрегінен орын табады. Өз басым мұғалім ретінде пәнге  қатысты баспасөзбен қоса,  халықаралық   «Qazaqstan dauiri»  газетіне  тұрақты жазылып, оқып тұрамын. Аталған газеттің  «Білім шырағы», «Руханият»,  «Біздің сұхбат»  айдарлары мұғалімдер үшін қосымша ресурс іспетті, руханияттың қайнары сынды. Осы газеттің ұжымына алғысым шексіз. Құтты қаламдарыңыздың  қуаты  таусылмасын!  «Бас редактор  дегеніміз  –  погонсыз  генерал»  демекші, қаламды қару еткен жауынгерлер ұжымына тура жолды нұсқап отырған Сәуле Мешітбайқызына ұзақ ғұмыр, шалқар шабыт тілейміз!

     Сүйікті газетім –  «Qazaqstan dauiri»-нің  тұрақты оқырманы ретінде, өз әріптестерімді осы газетке жазылуға шақырамын. Осы шаңырақ астындағы «Мөлдір бұлақ» балалар журналына  өз оқушыларымыздың қауырсын қанат жазбалары жарияланып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!

 

БЕЙІМБЕТ АПАХАНОВ, 

Ақмола облысы Целиноград ауданы Мәншүк ауылының 

ЖОББ мектебінің мұғалімі, «педагог-сарапшы» 

 

29.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 77
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 82
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 183
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 183
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 322
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 325
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 547
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 493

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9198
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8595
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11822
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9591
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10805