Қып-қысқа ғұмырдың мәні неде, айналаңмен арадағы қарым-қатынас, елге өлшеусіз қызмет ету дегеніміз не, азаматтықтың өлшемі қандай, міне осы тектес сауалдардың көбімізді мазалайтыны рас. Оған қай-қайсымыз болмасын, хал-қадерімізше жауап та бере аламыз. Бірақ, осы айтқандарды іспен дәлелдеп ғұмыр кешу оңай шаруа емес.
Жақында ішкі істер органында қызмет атқарған тәжірибелі маман, полковник Талғат Ахметовтің әкесі мен анасы, солар өмір сүрген кезең туралы жазғандарын оқығанда әлгі ойлар қайыра бас көтерді. «Менің әкемнің өмірі дүниежүзілік тарихқа енбесе де, біздің отбасымыз үшін баға жетпес құндылық еді. Оның өмірлік ұстанымдары, еңбекқорлығы, адамдарға деген ізгі махаббаты көз алдымызда оның бейнесін асқақтата түсетін», – деп тебіренеді автор. Бұл кейіпкердің аты-жөні – Байзолла Ахметов. Бүгінгі Ақмола облысына қарасты Мортық ауылында өмірге келген қазақтың қара торы баласы.
Ғасыр басындағы барша қазақ дәмін татқан бар ауыртпашылықты көзімен көрген Ахмет атты қарапайым қарияның кіндіктен тараған жалғыз ұлы Байзолла жастайынан еңбекқор, алғыр болып өскен. Ауылда алаңсыз жүрген бейбіт күннің бірінде кенеттен Ұлы Отан соғысы деген қанды қасап басталады. 1942 жылдың қыркүйегінде әскер қатарына алынған Байзолла сарбаз атқыштар бригадасының құрамында Сталинград майданында ұрысқа кірген. Он сегіз жастағы оң-солын танып үлгермеген ауыл баласы үшін соғыстың алғы шебінде жан беріп, жан алысқан шайқасқа қоян-қолтық араласу үлкен сынақ еді. Азаматтық болмыс пен ата-бабаның тегінен тараған қаһармандықтың үлгісін көрсеткен Байзолла сынды мыңдаған қазақ ұландары қиын сәтте еш тайсалмастан қолына қару алып, Отанды қорғады. Олар бұқпантайламай, алға ұмтылды. Соның арқасында Жеңіс күні де салтанат құрды. Жеңіс деген ең қуанышты сөзді ол кешегі Кенигсберг, бүгінгі Калининград қаласында естіпті. Қаңғыған бір бытыра тигенде опат болатын майдан даласынан 1945 жылдың қарашасында дін аман елге оралып, айналасын шаттандырды. Ол қан сасыған майдан шебінде жүріп, биік азаматтық болмыстың не екенін жан-жүрегімен түсінді. Құдай Тағала берген жапырақтай өмірді азаматтығыңа сын түсірмеу үшін құрбандыққа шалуға болатындығын сезініп қайтты. 1418 күн мен түнге созылған алапат шайқастың әсері халық шаруашылығының барлық саласына ауыр тиген еді. «Қираған халық шаруашылығын көтереміз» деген Мәскеудің барша жұртты жұмылдырған ұранына бірінші болып, кешегі соғыстан қайтқан солдаттар үн қатқан болатын.
Ер-азаматтың намысы мен абыройы сынға түскен, ажал оғы бүркіп тұрған майдан даласынан жеңіспен оралған Байзолла Ахметовті аудан басшылары «Жеңіс» колхозы төрағасының орынбасары лауазымына тағайындау туралы сенім білдіреді. Күні-түні шапқылап колхоздың жұмысын қадағалау, адамдарды ортақ жұмысқа жұмылдыру ол кешегі соғыстағы ерен ерліктен де кем емес болатын. Аз ғана мерзімнің ішінде аталған колхоз барлық сала бойынша жақсы нәтиже көрсеткен. Соның айғағындай 1947 жылы Байзолла Ахметов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Адал еңбектің қашанда еленгені жақсы. Бұл жағдай Байзоллаға үлкен серпін береді. Петропавловскідегі колхоз төрағаларын даярлайтын мектепті аяқтап, агроном мамандығын иеленеді. Адамдардың барлығын өзіндей көріп, аңқылдап жұмыс жасаған Байзекең қысастықтың, әділетсіздіктің талайын көрсе де, сағы сынбай жұмысын адалынан атқарады. Қарамағындағыларды ұлтына емес, адамгершілігі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағалаған оның абырой-беделі қарапайым жұмысшылардың арасында өте жоғары болған дейді көз көргендер. Мұның осындай биік адами қасиетін айрықша бағалаған Дитрих атты совхоз директорымен отбасыларына дейін араласып, шынайы дос болған.
Жалпы сол кезеңде тың және тыңайған жерлерді игереміз деген сылтаумен қазақтың құнарлы жерлерін қақырата жыртып, дәнді дақылдарды егу жұмыстары кеңінен етек алған еді. Бұйығылау жатқан қазақ даласына әр өңірден ағылып келіп, көкіректерін жоғары табыс табу туралы ой жаулап алған тентек пен теліні рет-ретімен орын-орнына қойып, шаруашылықтың жұмысын шыр айналдырған Байзолла Ахметов 1973 жылы жоғары көрсеткіші үшін жоғары марапат – «Ленин орденімен» марапатталған. Жоғары жақ марапатқа дейін алалап беретін қитұрқы заманда мұндай жоғары көрсеткішке жету оңай емес болатын. Байзекең сынды бар бақытын еңбектен тапқан азаматтың асыл жары Кадиша Құрманғалиқызының адами болмысы туралы да атап өткен жөн.
1890 жылы Түрік елінде дүниеге келген Курмангали Масимовтың ауыр тағдыры да елең еткізерлік. Ол 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде түрік жаяу әскерлер полкінің құрамында соғыстың алдыңғы шебіне әскери дәрігер ретінде жіберіледі. Өкінішке орай, орыс тұтқынына түскен Курмангали сынды жүздеген түріктің қайсар сарбаздарын Орал өңіріндегі ауыр жұмыс күтіп тұрған еді. 1917 жылы қазақ даласына төңкерістің лебі жеткен шақта Курмангалиды Ақмола облысына жөнелткен. Түріктің қайсар ұлының бағы қазақ жерінде жанды. Тағдырдан теперіш көрген мұны қазақтар жылы ұшырай қарсы алып, бауырына тартқан. Қазақ тілін аз мерзімнің ішінде толықтай игерген ол қалған өмірін осы жерде өткізу туралы шешім қабылдап, көмек сұрай келген науқастарға ем-дом жасап жүре береді. Алдына сырқатына ем іздеп келген Рахима есімді татар қызымен отбасын құрады. 1929 жылы кешегі тұтқын сарбаз Курмангали Масимов «Баскөл» колхозын құрып, оның алғашқы төрағасы да болған. Қараңызшы, өткен ғасыр басындағы жер дүниені сапырылысқа түсірген қиын жағдайларда адамдар бір Құдайдан ғана үміт етіп, ғұмыр сапарларын жалғастыра берген. Олардың қайсар рухтары мен жасымас жігерінің арқасында ұрпақтары өсіп-өніп, бір-бір бәйтерек болып отыр. Қандай қиын жағдай орын алмасын, адам баласы Жаратқанға деген сенімін еш жоғалтпау керек екен. Талғат Ахметовтің қаламынан туған еңбекті оқып отырып, осындай ойға табан тіредім. Бүгіндері біз әңгіме өзегіне айналдырған кітап кейіпкерлері өмірде жоқ. Бірақ, олардың өшпес ерлікке, адал еңбекке толы өмірлері ұрпаққа үлгі.
2010 жылы Астананың іргесіндегі Мортық ауылында қаһарман сарбаздардың құрметіне ескерткіш обелиск ашылған еді. Соғыс басталған шақта Мортықтағы 63 үйден тепсе темір үзеді дегендей 59 азамат өз еріктерімен соғысқа аттанған. Ахметов Байзолла ұрпақтарының демеушілігімен тұрғызылған обелискіге майданға аттанған 59 азаматтың аты-жөні гранитке қашап жазылған. Оның ашылу салтанатына қатысқан ғарышкер Тоқтар Әубәкіров мұндай ізгі қадамның адамның рухын шаттандырып, бабалар аруағына тағзым етудің таптырмас құралы деп бағалаған болатын.
«Бүкіл дүние кітапқа ену үшін жаратылған» деген ежелгі ғұламалардан жалғасын тапқан қасиетті сөз бар. Тартқан бейнетің мен көрген азды-көпті қуанышың кітапқа еніп, өзіңнен кейінгі ұрпақтардың еншісіне бұйырса – ойлағаныңның орындалғаны емес пе. «Бұл кітап менің ата-анама айтқан алғысым. Менің немере-шөберелерім өздерінің тарихын біліп жүрсе, содан ғибрат алса екен деймін. Адамшылық қасиет пен ізгі махаббаттың үлгісін шынайы түрде сезінсе екен», – дейді кітап авторы.
Туған жерге қызмет ету мен өмірдің мәні деген осы емес пе?
Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ