Таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Бірінші дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, зерттеуші-ғалым, Тәуелсіз Тарлан сыйлығының иегері, ақын Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты сериялық кітабының тұсаукесері өтті. Кітапта ақынның кейбір ғылыми зерттеулері, халыққа танымал әндері, түрлі тақырыпта жазылған өлеңдері, сонымен бірге ақын туралы әріптестері, дос-жарандарының, отбасы мүшелерінің естеліктері топтастырылып берілген.
Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, республикалық газет және журналдардың бас редакторлары, қазақ эстрадасының жұлдыздары және ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері қатысты. Оны университеттің ректоры Жансейіт Түймебаев жүргізді. Сондай-ақ Шөмішбай Сариевтің жары Жұмагүл Қаженқызы қонаққа келіп, ақын туралы ыстық естеліктерімен бөлісіп: «Шөкеңмен 50 жыл өте мәнді, мазмұнды ғұмыр кештік. Үш ұрпақ сүйдік. Ол өмірден өткеннен кейін екінші ғұмыры басталды деп ойлаймын. Алматыда біз тұрып жатқан үйде мемориалдық тақта ашылды. Қызылордада облыстық өлкетану музейінде бұрыш ашылып, онда ақынның кітаптары мен қолданған машинкасы, зерделі шапаны, басқа да құнды заттары қойылды. Қызылорда қаласында үлкен жол жиегіне билборд ілінді, өзі туып-өскен Арал қаласында туған күніне орай «Халқымның жүрегіне жыр жазамын» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Астанада «Қос қанатты ақын – «Ш.Сариевтің шығармашылық залы» ашылды. «Сыр елінің тұлғалары» деген сериямен телехабар түсіріліп, «Атамұра» баспасынан «Жүрегім – қазақ елім» жыр жинағы басылып шықты. Осындай айтулы шараларды ұйымдастырып, ақынның шығармашылығына құрмет көрсетіп жүрген бірқатар азаматтарға, Сыр елінің халқына ризашылығымды білдіремін!» – деді.
Жиын соңында танымал әншілер лирик ақын Ш.Сариевтің «Атамекен», «Қарағым-ай», «Өкінбе сен», т.б. әндерін шырқап, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.