Қару-жарақты заңсыз ұстау – елімізде заңмен тыйым салынған сала. Алайда күштік құрылым өкілдері анықтаған кейбір істер елімізде жасырын қару-жарақтар сақтап отырған азаматтардың әлі де бар екендігін көрсетсе керек. Ал былтырғы Қаңтар оқиғасы туралы мәлімет берген құзырлы орган өкілдері әлі де күштік құрылым өкілдерінің қолына түспеген бірнеше мың дана қарудың бар екендігін айтқан еді.
Дегенмен қылмыстың бұл түрлеріне қатысты нәтижелі жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын да естен шығармаған жөн. Жақында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі қару-жарақты екінші рет айналымға енгізумен шұғылданған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бұрынғы қызметкерлері және олардың көмекшілеріне қатысты сот процесі аяқталғандығын хабарлады. Ақпараттан белгілі болғандай, Ішкі істер органдарының қызметкерлері тіркеуден шығарылған қару-жарақтарды белгілеме бойынша жоюдың орнына жалған актілер жасау арқылы арам пайда табуға әрекет жасаған.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірге екі кезеңнен тұратын операция барысында Алматы қаласы және Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарында қаруды қайта айналымға шығару арнасының жолын кесті», – дейді ҰҚК-ның баспасөз қызметі.
«Құрықтау және тінту барысында 347 бірлік қару, 13 граната және 7 387 оқ-дәрі алынды. Полицияның бұрынғы қызметкері ұйымдастырған қаруды модификациялау цехының көзі жойылды. Жедел зерделеуді жалғастыру арқылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыс әлеміне, бұзғыш діни ағымдарға қатысты және бұрынғы полицейлерден тұратын қаруды сатып алушылардың толық базасын анықтады. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешімімен кінәлі адамдар 2-ден 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру мерзімдеріне сотталды. Қызметтік міндеттеріне салғырт қарағандары және жеке құрамды бақылауды әлсіреткендері үшін құқық қорғау органдарының бірқатар басшылары теріс негіз бойынша қызметтен шығарылды. Қолданылған шаралар қару айналымын бақылау саласындағы заңдылықты сақтауға және қылмысқа бой бермеу бағытына оң әсерін тигізді», – делінген ресми органның ақпаратында.
Мұндай заңсыз әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылықтардың барынша қауiптi санатына жатады. Бұл өз кезегінде қоғамға, адамдардың өміріне аса қауіпті қылмыстардың туылуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан құзырлы органдардың атқарып жатқан жұмыстарына барынша қолдау көрсету әрбір азаматтың бұлтармас борышы болмақ.