ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов индустрияландыру картасының іске асырылу барысы жайлы берген есебінде «2021 жылы өңірлер жалпы сомасы 1,23 трлн теңге болатын 128 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. 12 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобалардың ең көбі Шымкент қаласында – 17 жоба, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында – 14 жобадан», – деді. Бұл мәліметтер Қазақстан Республикасының Премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айрықша айтылды.
Шымкентте индустрияландыру картасы шеңберінде биыл 17 жобаны іске асыру жоспарланған. Оны жүзеге асыру үшін 40 млрд теңге инвестиция тартылып, 758 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Соңғы тоғыз айда сол жобалардың 5-уі іске қосылып, 385 жаңа жұмыс орындары ашылды. Оларға тартылған инвестиция көлемі 12,6 млрд теңгені құрайды.
Жыл соңына дейін Қазақстандағы бірегей кәсіпорын – «KazAlPack» аллюминий банкалар өндірісі іске қосылады. 145 жұмыс орнымен ашылатын бұл жобаны іске асыруға 23,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Жылдық қуаты 500 млн дана қалбыр банкалар шығаратын кәсіпорын еліміздегі ішкі сұраныстың 65 пайызын қамтамасыз етпек.
Энергетика министрлігі үйлестірушісі болып табылатын саладағы республикалық индустрияландыру картасына Шымкент қаласынан 1 жоба енген. «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС-нің метил трет бутил эфирі мен пропилен өндірісі кәсіпорнын құру үшін 25 млрд теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорын 350 адамды жұмыспен қамтып, жылына 57 мың тонна өнім шығармақ. Кәсіпорын келесі жылы іске қосылатын болады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп экспортын 1,5 есе, еңбек өнімділігін 30 пайызға ұлғайту міндетін белгіледі. Индустрияландыру картасының жобаларын уақтылы әрі сапалы іске асыру осы міндеттерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Шымкент қалалық әкімдігі индустриалды аймақтарды әрі қарай да дамыту мақсатында тиісті жоспарларды қолға алуда. Ендігі ретте жұмыс істеп тұрған 2 индустриалды аймақ жобалармен толық қамтылып, қаланың инвестициялық климатын жақсарту және халықты жұмыспен қамту мақсатында 306 гектарға үшінші жаңа индустриалды аймағын құру көзделіп отыр.